Ресми

Тасқынға тосқын – бүгіннен

Қарағанды облысында 5,9 шақырым бөгеттер мен қорғандар тұрғызылып, нығайтылды. Өзен арналарының қауіпті деген 44 шақырымы тазартылды. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев су тасқынына дайындық мәселесін пысықтады.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпановтың мәліметінше, тасқын қаупі Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет, Нұра, Абай және Осакаров аудандарында бар.

– Ақтоғай ауданы, Қарағанды және Теміртау қаласының маңы қауіптіліктің орта деңгейіне жатады. Балқаш, Приозерск, Шахтинск және Саран су тасқыны қаупінің шамалы деңгейіне жатады. «Қазгидрометтің» мәліметінше, Бұқар жырау ауданының аумағын қоспағанда, облыс бойынша топырақтың күзгі ылғалдылығы нормадан жоғары. Топырақтың қату тереңдігі 63тен 116 см-ге дейін, – деді Мұрат Қатпанов.

Өңірде 7,9 шақырым су бұру каналдары салынып, жөнделді. 17,5 шақырым дренаж және су бұру жүйелері тазартылды. Автожолдардың 66 учаскесінде су өткізу мүмкіндігі артты. Бірақ, ауа райы кез келген уақытта өзгеріп кетуі мүмкін екенін ескерткен Ермағанбет Бөлекпаев су тасқыны қаупі бар аудандардың әкімдерін қырағылық танытуға шақырды.

– Өзендердегі су деңгейін, қардың көлемін, топырақтың қату тереңдігін бақылауда ұстау қажет. Қарды уақытында шығарып, тұрғындармен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, оларды аула аумақтарын тазартуға шақыру керек. Инертті материалды, қапшықтарды дайындау, техниканың дайындығын қамтамасыз етуді тапсырамын, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button