Нұра

Тасқынға – тосқын

    Көктемгі су тасқынына әзірлік Нұра ауданында ақпан айынан бастау алған болатын. Бүгінгі күнге дейін Нұра өзенінің біздің ауданға қарасты арнасы, апатты жағдайдың алдын алу шаралары аудан әкімі Ниқанбай ОМАРХАНОВТЫҢ күнделікті бақылауында.

4 сәуір күні Нұра өзенінің жоғары арнасы суға толып, су деңгейінің көтерілуі байқалған. Сондықтан, Нұра өзені арқылы аудан орталығын ауылдармен жалғап тұрған ең маңызды көпір маңында тұтасып тұрған қалыңдығы 1 метрден астам 400 текше метр мұзды “Интеррин” ғылыми-өндірістік кәсіпорны мамандары жарды. Сәтті өткен жарылыс жұмыстарының нәтижесінде, 800 текше метр мұз өз құрсауынан босатылды. Бұл жұмысты жүзеге асыруға 200 келі жарылғыш зат жұмсалған.

10-15 күн бойы бұл көпірдің мұзын зерттедік. Нұра аудандық төтенше жағдайлар зардаптарының алдын алу және жою жөніндегі комиссия жұмысына сай, алдын ала су тасқынының алдын алу жұмыстарын жүргізуге құрылған штабтың көмегімен бұл мұзды арамен кесіп те көрдік. Қалыңдығы 1,2 метрден асып жығылатын мұзға ара жүзі бойлай алмады. Бірақ, соның өзінде де ол жұмыстар атқарылды. Самарқанд, Шерубай-Нұра, Ынтымақ су қоймалары алғашқыда секундына 5-6 текше метрден су жіберсе, қазір секундына 40 текше метрден су жіберуде. Сол себепті де аудандық төтенше жағдайлар комиссиясының төрағасы, аудан әкімі Ниқанбай Иманғалиұлы мұзды жару жұмыстарын бастау туралы шешім қабылдады, – деді Нұра ауданы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс жөніндегі бөлімі бас маманының көмекшісі Фаниль Гизатуллин.

Қазіргі таңда су тасқынының үлкен екпіні Теңіз өңіріне түсіп тұр. Наурыз айының аяғы мен сәуір айының басында бұл өңірге аудан әкімі үш мәрте арнайы келіп, қауіпсіздік шараларын бақылап, тиісті іс-шаралар жүргізілуде. Төтенше жағдайлар бойынша селекторлық жиын өтіп, арнайы тапсырмалар берілді. Шұғыл көмек беру үшін аудандық ішкі істер бөлімінен 5 учаскелік полиция қызметкері Теңіз өңіріне жіберілген. Барлық су шайған жолдарға бекеттер орнатылып, белсенді ауыл тұрғындарының көмегімен Баршын ауылы көпірінде 24 сағат бойына кезекшілік қойылды.

Оңтүстікті беттей орналасқан ауданның бұл өңірінде қызыл су жүріп, екі елді мекен – Ақтүбек пен Нығыман су құрсауында қалған. Аяғы ауыр әйелдер мен денсаулығы сыр берген тұрғындар аудан орталығына жеткізілген. Ауыл дәрі-дәрмекпен, тамақпен толық қамтылған. Әр отбасынан күнделікті хабар-ошар алынып, үздіксіз байланыс орнатылды.

Сонымен қатар, бұл өңірде Тікенекті, Соналы көпірлері, Құланөтпес ауылынан Қорғалжынға шыға берістегі көпір, Баршын ауылының жаңа көпірі, бәрі де қауіпті жағдайда. Барлығының шеткі ернеулерін су шаймас үшін арнайы қойылған плиталары шайылып кеткен. Күніне 80-90 жүк көлігі қатынайтын Астана – Қорғалжын – Баршын – Шұбаркөл тас жолының да жағдайы мәз емес. Облыстық басқарма басшылары арнайы келіп, ахуалмен танысып, көмектесу жолын қарастыруда.

Мәселен, облыс орталығынан арнайы «трэкол» жол талғамайтын автокөлігі жіберіліп, осы өңірдің Қарасай, Жартас бөгеттері мен Баршын ауылы жаңа көпірінің мұз қалыңдығы бақыланып, көпірдің аузына тығылған сең жарылды. Су деңгейі 1 метрге түсті. Сонымен қатар, Құланөтпес көпірінде де сең жарылды. Тағы бір айта кетер жайт, 2015 жылдың су тасқынында осы Теңіз өңірін аудан орталығымен байланыстырып тұрған жалғыз көпір шайылып кеткен болатын. Сол себепті, көктемде жол талғамайтын көлік пен тікұшақ болмаса, бұл елді мекенге өзге көлікпен қатынау мүмкін емес. Осы өңірдің қызыл су қарқынын алдағы күндері тікұшақпен барлап өту жоспарда тұр. Мәселе республика деңгейінде шешілуде. Жақын күндері жүзеге аспақ.

Таяу арада күн күрт жылынады деген болжам бар. Бір сәт босаңсымай, жағдайды бақылауда ұстап, жұмысты ширата түсу баршамызға міндет.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button