АймақҚарағанды

Тасқынға тосқауыл: дайындық деңгейі қандай?

Қарағанды облысында депутаттардың Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуына мониторинг жүргізуі – өңірдегі экологиялық мәселелерге деген жоғары жауапкершілікті көрсетеді. Бұл атқарылатын шаралардың тиімділігін бақылау және қажет болған жағдайда түзетулер енгізу үшін маңызды қадам. Мониторинг іс-шаралардың тиімділігін арттыруға және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Халық қалаулылары қарғынға дайындық барысын бақылауда ұстау мақсатында «Қарағанды су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының жұмысымен танысып қайтты.

«Қарағанды су қоймалары» кәсіпорнының негізгі міндеті – су шаруашылығы құрылыстарын күтіп ұстау, пайдалану, қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру. Одан бөлек, коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы объектілерінен су пайдаланушыларға су беру де осы кәсіпорынның тікелей жауапкершілігінде.

Кәсіпорын облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарайды және өңірдің коммуналдық меншігіндегі 60 табиғи және жасанды су айдындарының жай-күйін бақылайды.

– Кәсіпорын құрылған кезде облыстық коммуналдық меншікте барлығы 11 су шаруашылығы нысаны болған. 2019-2024 жылдар аралығында гидротехникалық құрылыстарға паспорттау жүргізілді және су қоймаларын қалалар мен аудандардың коммуналдық меншігінен облыстық коммуналдық меншікке беру есебінен олардың саны алпысқа дейін өсті. Егер 2010-2018 жылдары мердігер ұйымдар барлық жұмыс түрлерін, оның ішінде, ағымдағы жұмыс­тарды жүргізсе, 2019 жылдан барлық жөндеу-қалпына келтіру, іздестіру, батиметриялық зерттеулер, санитарлық іс-шаралар, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді ұйымдастыру, су шаруашылығы нысандарына техникалық тексеруді кәсіпорынның өзі тікелей жүргізеді, – дейді Қарағанды су қоймалары кәсіпорнының басшысы, облыстық мәслихат депутаты Мира Махатчина.

Бүгінде мемлекеттік кәсіпорынның балансында Қарағанды, Саран, Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров және Шет аудандарында су шаруашылығы нысандары бар. Аталған нысандардың басты мақсаты – жер үсті сулары мен қарғынды реттеу, ауыл шаруашылығы алқаптарын суару, мал суару, балық өсіру. Биыл облыстық коммуналдық меншіктің балансына тағы 20-ға жуық нысанды қабылдау жоспарланып отыр.

Облыстық мәслихат сессиясының 2021 жылғы 9 желтоқсандағы №129 шешімімен бекітілген 2022-2024 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес өткен жылы Қарағанды су қоймалары 14 іс-шараны іске асыруға жауапты болып белгіленген. Олардың қатарында су шаруашылығы нысандарында көпфакторлы тексерулер мен қауіпсіздік декларациясы, техникалық тексерулер мен іздестіру жұмыстары, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу бар. Сондай-ақ «Тихоновка», «Тоғызқұдық», «Жастілек» бөгеттерін және «Таңатбай», «Саран су қоймасы» су қоймаларын күрделі жөндеу жобалары әзірленіп, түзету енгізілді.

Осыған орай биыл кәсіпорын табиғатты қорғауға арналған 19 іс-шараны іске асырады. Ол үшін қажетті техникалық база, еңбек және материалдық ресурс жеткілікті.

– Мысалы, гидротехникалық жұмыстардың көлемін анықтау үшін кәсіпорынның мамандары батиметриялық және топография­лық түсірілімдерді ұйымдастырады, пикет орындары талқыланады. Негізгі міндет геодезиялық жұмыс­тар болғандықтан, құрылыс-монтаждау жұмыстарын, оның ішінде мердігер ұйымдармен іске асыру мәселелері талқыланады. Бізде жоба бөлімі бар. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына арналған жекелеген лицензиялар жобалық қызмет пен іздестіру жұмыстарын ғана емес, қажетті құрылыс жұмыстарын да қатар жасауға мүмкіндік береді, – дейді кәсіпорын басшысы.

Мира Атамалқызының айтуынша, жұмыс аяқталғаннан кейін кәсіпорын мамандары, яғни, геодезист, геологтар төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерімен және басқа да мүдделі ұйымдармен бірлесіп, нысандарға тексеру жүргізеді. Жұмыс нәтижелері тексеріледі және одан әрі тұрақты тексерулер ұйымдастырылады.

Техникалық регламентке сәйкес кәсіпорын құрылыстардың жай-күйін және оларды пайдалану жағдайларын тұрақты тексеріп отырады. Дұрыс пайдаланбау немесе апаттық жағдайлар кезінде, сондай-ақ, гидротехникалық құрылғыларда олардың меншік нысанына қарамастан ығысулар, деформациялар немесе зақымданулар анықталған жағдайда кезектен тыс тексеру жүргізіледі. Сондай-ақ, коммуналдық кәсіпорын санитарлық-­эпидемиологиялық талаптардың сақталуына бақылау жүргізеді, ол үшін төгінділер, шлюздер және тағы басқалар тазартылады.

Су тасқыны маусымы аяқталғаннан кейін жыл сайын барлық су шаруашылығы нысандарының жай-күйін талдау мамыр айынан бастап, сол жерлерге бару арқылы комиссиялық түрде жүргізілетінін атап өткен жөн.
Депутаттық корпус су тасқынына қарсы іс-шараларға ерекше көңіл бөледі. Кәсіпорын облыс аумағында және басқа да нысандар бойынша да су тасқыны маусымына дайындыққа қатысады. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жыл бойы өткізіледі.

– Бүгінде қар мен мұздан тазарту, кірме жолдардағы қарды тазарту, автоматты су төгу, қабылдау камерасын, бөгеттің жотасын тазарту, шлюз-реттегіштер, ысырмалар, су бұру каналы сияқты су өткізу құрылыстарына техникалық қызмет көрсетуде механикаландырылған және қол жұмыстары жалғасуда, – деді Мира Махатчина.

– Қар суының еркін ағып кетуі үшін Соқыр өзенінің арнасы өсімдіктерден тазартылады. Су тас­қынына қарсы іс-шараларды өткізу шеңберінде жанар-жағармай, инертті материалдар, құм толтырылған қаптар, арнайы техника дайындалады және жабдықтар жеткізіледі. Сондай-ақ, арнайы штаб құрылған. Диспетчерлік қызмет жолға қойылған және облыстық коммуналдық меншіктің су шаруашылығы нысандарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады. Су шаруашылығы нысандарына тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Кәсіпорынның мобильді топтары су тасқыны кезеңінде жоғары дайындық режимі енгізілген сәттен әр нысан бойынша күнделікті мониторинг жүргізеді, барлық техника бөлініп, жауаптылар бекітілді, – деп түсіндірді Мира Махатчина.

Депутаттар облыстық бюджет қаражатына алынған мамандандырылған техникамен және жабдықтармен танысты. Бірнеше жыл бұрын ғана судың тереңдігі мен параметрлерін, су қоймасының 3D моделін жасайтын арнайы «Аpache» маркалы құрылғысын алған. Бұл құрылғы бірнеше маманның жұмысын атқарады. Әрі уақытты да үнемдейтін таптырмас құрал. Бас инженер Кенжан Дауылбаев – осы құрылғымен жұмыс істейтін маман.

– Су бассейндерін гидрология­лық зерттеуге, су асты бөлігінің бедерін зерттеуге таптырмас құрылғы. Өзінің автопилот функциясы да бар. Осы құрылғының арқасында су тереңдігінің картасын сызып, картографиялық есеп жасаймыз. Оның екі жиілік диапазоны бар. Әрі бір метрге дейінгі лай шөгінділерді де анықтай алады, – деді ол.

Құрылғының көлемі шағын. Тиісті учаскеге жеткізу үшін автокөлік болса жеткілікті. Гидротехникалық құрылыстың жанында немесе таяз суларда да жұмыс істей береді. Құрастыру әрі жинау жағынан да ешқандай қиындық тудырмайды.

– Ұшқышсыз катер – бортта орнатылған құрылғылар арқылы ауқымды зерттеулерге мүмкіндік беретін, су айдындарын гидрографиялауға арналған оңтайлы шешім. Ол гидротехникалық қондырғылардың жанында жұмыс істей алады немесе таяз суларда қолданылады. Бірден бірнеше құрылғылардан ақпарат жинау және деректерді берудің заманауи технологиялары акватория учаскесін зерттеуге уақытты едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, су түбінің картасын жасайды. Бағдарлама деректерді өңдейді, содан кейін «AutoCAD» көмегімен су түбінің геологиялық құрылымын сипаттау­ға болады, – дейді облыс­тық мәслихат депутаты Абсалям Карин.

Тағы бір құрылғы – OKO-3 георадар. Ол радиолокациялық сызбаның сапасын арттырып қана қоймай, жер қойнауын үш есе жылдамдықпен зондтау­ға арналған радиотехникалық құрылғы. Дәл осы маркасы жоғары жылдамдықты георадарларының жаңа нұсқасы екен. Аталған мекеме бұл құрылғыны да бірнеше жыл бұрын сатып алып, жұмысын жеңілдеткен.

– Құрылғымен 10 метрге дейінгі бөгеттің геологиялық құрылымын өлшеуге болады. Әрі топырақтың ылғалдылығын да осы құрылғы арқылы анықтаймыз. Георадар 150 герц жылдамдықпен жұмыс істейді. Зерттелетін объектінің геологиялық құрылымын сызып, жоғары дәлдіктегі координата сілтемесін жүргізуге таптырмас құрылғы. Осындай заманауи құрылғылардың арқасында жұмысымыз жеңілдеді. Одан бөлек, арнайы дрондар да бар. Дронның көмегімен жер бедерінің картасын, цифрлық рельеф модельдерімен ортофотопландарды жасаймыз, – деді Кенжан Дауылбаев.

Депутаттық корпус кәсіпор­ынның арнайы жабдықты сатып алу қажеттілігі туралы ұсынысын мақұлдады.
Жалпы, жаңа жабдықтармен жабдықтауға және кәсіпорынның тиімді жұмысына жағдай жасауға үш жарым жыл қажет болған.

– Біз Қарағанды су қоймалары кәсіпорнында заманауи жабдықтар бар екеніне көзімізді жеткіздік. Бірақ, бастысы – кадр әлеуеті, яғни, мамандар. Осыдан біраз жыл бұрын облыстан білікті гидролог табу қиын еді. Қазір кәсіпорынға мердігерлер де қажет емес, – деді депутат Абсалям Еңбекұлы.

Бірегей кәсіпорын облыста туындайтын проблемалық мәселелерге үнемі тартылады. Себебі, материалдық-техникалық жарақтандыру су айдындарында кешенді іс-шаралар өткізуге мүмкіндік береді.

– Техниканы 2019 жылдан сатып ала бастадық. Қазір құрғақта да, суда да жүре беретін экскаватор бар. Ол облыстағы су айдындарын тазалайтын және екі жарым метр тереңдікте қозғалатын жалғыз үлгі. Биыл қосымша жабдық сатып алуды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, аудандарда операторларымыз бар, олардың әрқайсысы биыл елдімекендерден алыс орналасқан су айдындарын бақылау үшін қарда жүретін көліктермен жабдықталған. Жазда мотоциклдер, мотороллерлер алуды жоспарлап отырмыз. Инженерлер үшін төрт пикап бар, – деді бас инженер-механик Жанбота Көкішев.

Осындай материалдық-техникалық база дер кезінде мониторинг және қажетті инженерлік жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді.

– Біз коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның қызметіне талдау жүргіздік. Табиғатты қорғау іс-шараларын іске асыру бойынша жоспарланған мақсаттарға қол жеткізілгені қуантады. Өйткені, бюджеттің атқарылуы – қаражаттың бекітілген көлемін пайдалана отырып, белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуді білдіреді. Бұл – облыстық бюджетті қалыптастыру кезінде ұстанатын бюджет жүйесінің басты қағидаты, – деді облыстық мәслихат депутаты Бейбіт Досжанов.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button