Тасқынға тосқауыл бар
Көктем – сын мен сынақ кезеңі. Әсіресе, қар қалың түскенде тасқынның қаупі күшейетіні белгілі. Сондықтан, өңірде алдын алу жұмыстары ерте басталып, құзырлы ұйымдар кешенді жоспар негізінде әрекетке көшкен. Бәрі де қызыл су тәуекелдерін төмендетіп, бұқараның қауіпсіздігі үшін жұмылған.

Сол себепті, аймақта көктемгі дайындық жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Өңірде 132 су тасқынына қарсы іс-шара жүзеге асырылып, 25 шақырым қорғаныс бөгеттері салынды, 28 шақырым өзен арналары тазартылды. Қауіп аймағындағы 139 елдімекен ерекше бақылауға алынып, 1 наурыздан азаматтық қорғау күштері жоғары дайындық режиміне көшіріледі. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінгі күнге дейін жоспарлы және жоспардан тыс сипаттағы шамамен 132 іс-шара орындалды. Облыс аумағында жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгеттері мен үйінділер салынды әрі нығайтылды. Бұл – су арнасынан асқан жағдайда елдімекендерді қорғаудың негізгі қалқаны. Сонымен қатар, су тасқыны қаупі жоғары 28 шақырымнан астам өзен учаскесінде санация жүргізіліп, арналар тазартылды. Дренаждық және су бұру жүйелерінің 21 шақырымы қоқыстан аршылып, қалыпты жұмыс істеуі қамтамасыз етілді.
Автомобиль жолдарының 54 учаскесінде су жылдам ағып кетуі үшін құбырлар кеңейтілді, тазартылды. Бұл көктемде үздіксіз көлік қатынасы үшін аса қажет. Бұдан бөлек, елдімекендер аумағынан 604 мың текше метрден астам қар шығарылды. Қарды уақытылы сыртқа шығару – қарғын ағындарын реттеудің басты тетіктерінің бірі.
Дайындық жұмыстарына облыстың төтенше жағдайлар департаментінің үйлестіруімен жергілікті атқарушы органдар, коммуналдық қызметтер және бейінді ведомстволар тартылған. Себебі, тасқын судың алдын алу тек өңірдегі барлық құрылымдардың бірлескен іс-қимылының нәтижесінде ғана мүмкін.
Мұз кептелістерінің алдын алу мақсатында жарылыс жұмыстары үшін шарттар жасалады. Көктемде өзендерде пайда болатын мұз бөгеттері су деңгейінің күрт көтерілуіне ықпал етуі әбден мүмкін. Сондықтан, бұл орайда да алдын ала дайындық аса мәнге ие. Бұдан бөлек, материалдық-техникалық және қаржылық резервтер пысықталуда. Арнайы техника, жанар-жағармай қоры, инертті материалдар мен құтқару құралдарын құзырлы ұйымдар дайындауда.
Ерекше бақылауда су басу қаупіне ұшырауы мүмкін 139 елдімекен, автомобиль және теміржолдардың 130 су тасқынына бейім учаскесі, сондай-ақ, 217 су шаруашылығы нысаны тұр. Бұл нысандарда жағдай тұрақты түрде зерделеніп, тәуекел деңгейі сараланып отыр. Төтенше жағдайлар департаментінің мобильді топтары әкімдіктермен бірлесіп, ықтимал қауіпті аумақтарды тұрақты аралап, мониторинг жүргізуде.
Гидротехникалық құрылыстардағы ахуал да бақылауда. Су ағынын реттеу мақсатында Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан санитарлық ағызулар жүргізілуде. Бұл шаралар өзендердегі су деңгейін тұрақтандыруға және артық суды қауіпсіз көлемде жіберуге мүмкіндік береді.
Жалпы гидрометеорологиялық жағдай қазіргі таңда тұрақты. Облыс аумағында 30 гидрологиялық бекет жұмыс істейді, оның ішінде Балқаш көліндегі бекет те бар. Өзендер қысқы режимде, су деңгейі төмен. Шағын өзендердің бір бөлігі түбіне дейін қатып жатыр. Дегенмен, мамандар көктемгі жылымық басталған сәттен жағдайдың өзгеруі мүмкін екенін ескертеді.
23-27 ақпан аралығында «Қазгидромет» ТЖД-мен бірлесіп, Нұра және Шерубай-Нұра өзендері бассейндерінде қар жамылғысындағы су қорының қосымша өлшеулерін жүргізеді. Бұл деректер көктемгі ағын көлемін болжауға және тәуекел картасын нақтылауға мүмкіндік береді.
1 наурыздан аумақтық азаматтық қорғау кіші жүйесінің күштері мен құралдарын жоғары дайындық режиміне көшіру жоспарлануда. Гидрологиялық қызмет мамандары демалыс күндері кезекшілік ұйымдастырады, ал, су тасқыны басталған сәтте тәулік бойы мониторинг жүргізіледі.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»



