Бас тақырыпРесми

Тасқынға тастүйін дайын

Әдетте біздің қазақ тылсым табиғаттың құбылысына қарай «От пен су апатынан сақта!» деп жатады ғой. Биылғы қар қалың түсіп, енді көктем келген кезеңде су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Соған байланысты «ҚАЖсервис» ЖШС Қарағанды облыстық филиалының 42-Жол-пайдалану бөлімі ұжымы бұл сынға сақадай сай деп айтуға болады.

Суреттер ұйымдастырушылардан

– Біз республикалық маңызы бар «Павлодар-Қызылорда» бағыты тасжолының 788-946 шақырымы аралығындағы 158 шақырымына қызмет көрсетеміз. Қазір ұжымдағы 48 адам мен қолда бар техниканың бәрі осы көктемгі қар суынан келетін қатердің алдын алып, жоюға жұмылдырылған, – дейді Жол-пайдалану бөлімінің басшысы Нұргелді Сейфулғазин.

Атап айтқанда, өздерінде бар 5 жүк машинасы, 3 «МТЗ» мен 1 бульдозер тракторлары, 1 жүккөтергіш, 1 автогрейдер жөндеуден өткізіліп, сапқа қойылыпты. Бұл техникаларға қажет жанар-жағармай қамдалып, 3 мың тонна ұсақ құм, оны салатын 4 мың кенеп қапшық, 3 мың тонна тас қиыршықтары, 54 жол белгілері, жұмыс киімдері мен құрал-саймандар даяр тұрған көрінеді. Айтпақшы, Абай ауданының әкімдігімен келісім бойынша бұлар қиыршық тасты алыстан емес, аудан аумағындағы тас карьерлерінен сатып алып, тасымалдайды.

Бүгінде аталған Жол-пайдалану бөлімінің жұмысшылары мен мамандары жол белгілерін қойып, су өткізгіш құбырлар мен көпірлерді, жол жиектерін қардан аршу мен тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әсіресе, бүйірінде Жаманжол бөгені бар жолдың 888-890 шақырымы арасын ерекше бақылауда ұстауда. Өйткені, өткен жылы жолдың осы бөлігінің үстімен қызыл су жүріп кетіп, біраз әуре-сарсаңға салғаны естерінде.

Міне, осы шаруалардың ұйымдастырылып, орындалуына жауапты болып бекітілген бөлім механигі Мәди Қабаханов өздерінің осындай тастүйін дайындықтың арқасында су тасқынынан келетін қауіп-қатердің бетін қайтарып, апатты жағдайға жол бермейтіндерін нық сеніммен мәлімдейді.

Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button