Жаңалықтар

Тас төбеден күн өтсе…

Күннің ыстығы ауа райы жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастар үшін қауіпті. Облыстың штаттан тыс бас неврологы Михаил Мазурчак осыны ескертеді. Оның айтуынша, ыстық әсерінен миға оттегі бармайды, салдарынан гипоксия туындайды. Ауа райының 1 градусқа өсуінің өзі денсаулықты 2-3 пайызға қиындатады екен.

– Ауа температурасы жоғарылаған сайын қан диабеті, қан қысымы, жүрек-қан тамыр аурулары бар адамдар үшін қауіпті. Әдетте бұл 60 жастан асқан адамдар. Қазір ауруханаға инсульт күдігімен түсетіндер жиіледі. Мә­селен, өткен айда 90 адамнан асты. Бірақ, бәрі инсульт емес, – деді М.Мазурчак.

Ыстық кезінде адам ағзасы әлсірейді. Дұрыс ұйықтай алмайды. Ол да ми жұмысына әсер етеді. Дәрігер мұндай ауа райында 2 литрден артық су ішу керектігін айтады.

– Қарттар, балалар мен сәби­лер ыстыққа сезімтал. Артық салмағы бар адамдар да сондай. Салмақ жүрек-қан тамырларына артық жүктеме түсіреді. Мұндай кезде ішімдік ішу де қауіпті. Ішімдік ішкен адам өзінің жағдайын бағамдай алмайды. Күн астында қалып қоюы, суға кетуі мүмкін. Мастықтан қайтыс болған жағдайлар тіркелді. Үнемі дәрі ішетін адамдар үшін де ыстық қиындық туғызады. Сонымен қатар, жұмысына байланысты күн астында жүруге мәжбүр адамдар да қатер тобында. Бұлар – жол жөндеушілер, құрылысшылар, по­лиция қызметкерлері. Әрі олар үнемі формамен жүруге міндетті, – дейді дәрігер.

Бұл ретте күн өткен адамға алғашқы көмек көрсете білу ма­ңызды.

– Бізде алғашқы көмек көрсетуді көбі білмейді. Ыстық өткен адамды әуелі көлеңке жерге апару, сосын түймесін шешіп, басын артқа шалқайту керек. Жедел жәрдем келгенше сумен салқындатып, нашатыр болса, есін жиюға көмектескен дұрыс, – дейді Ми­хаил Мазурчак.

Дәрігердің айтуынша, инсульт жасарып бара жатыр. Оның бір себебі – динагностиканың бірнеше есе жақсаруы.

– Қазір инсульт ықтималдығы ерте анықталады. Бұл да оның «жасаруына» әсер етеді. Сонымен қатар, бұл стреспен де байланыс­ты. Адамдардың көбі психо-эмоционалды ауыр жағдайда жүреді. Қажу мен шаршау жағдайлары жиі кездеседі. Дегенмен, басты мә­селе – тамырлардың жай-күйіне қатысты, – деді дәрігер.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button