Спорт

Тартысты ойында топ жарды

Екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов атындағы Қарағанды әскери мектеп-интернатында әскери құрылымдардың арасында волейболдан жарыс өтті. Жарыс Халық Қаhарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығы мен Рейхстагқа Ту тіккен Кеңес Одағының батыры Рақымжан Қошқарбаевтың құрметіне арналды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Аталған додаға Орталық аймағының әскери прокуратурасы, Қарағанды облысының полиция департаменті, ІІМ Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығы, Әскери тергеу басқармасының Әскери полициясы, Қарулы күштер Әскери полициясы, Қарулы күштері әскери бөлімдері, ТЖД, «ЖАС ҰЛАН» әскери мектебі «Астана» өңірлік қолбасшылығының құрамымен жалпы есепте 10 құрама командасы қатысып, бақ сынасты.

Екі күнге созылған кездесулерде әскерилер бар ынтасын салып, бірінен-бірі асуға тырысып, тартысты ойын көрсетті.

Ширек финалда әскери прокуратура, «Орталық» өңірлік қолбасшылығы, «Астана» өңірлік қолбасшылығының спортшылары кездесіп, өзара мықтыны анықтады.

Шешуші сәтте басымдықпен алға озып, «Астана» мен «Орталық» өңірлік қолбасшылығының құрамы финалға шықты. Алғашқы бөлім 1:1 есебімен тең аяқталса, екінші бөлімде Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы намысын қайрап, айқын басымдықпен жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, «Астана» өңірлік қолбасшылығы II орынға, III орынға «Орталық» аймағының әскери прокуратурасы ие болды.

Жеңімпаздарды «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Сәкентай Шекарбеков, Орталық аймағының әскери прокуроры полковник Данияр Жұмаділов пен «Астана» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы полковник Ержан Ибраев марапаттап, Отан қорғаушылар күні һәм Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.

Мұндай спорт бәсекесі сарбаздардың рухын көтеріп, өзара татулыққа, ынтымаққа жетелейді.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button