Қарағанды қаласының 90 жылдық мерейтойына орай «Summer CUP 3×3» атты баскетбол турнирі өтті.
Аталған жарысқа 12-14, 15-17 жас аралығындағы ұлдар мен 13-15 жас аралығындағы қыздар қатысты. Турнирде кеншілер шаһарының спортшыларымен қатар, Астана һәм Саран қалаларының командалары бақ сынасты.
Тәжірибелі мамандардан құралған төрешілер тартысқа толы турнирде үздік өнер көрсеткен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды анықтады.
Атап айтсақ, 12-14 жастағы жасөспірімдер арасындағы бәсекеде I орын қарағандылық «Hustle» командасына, II орын Майқұдық атынан қатысқан «RWE» құрамасына, III орын қарағандылық «Mamba Tim» бұйырды.
15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында I орынға Майқұдықтың намысын қорғаған «Pain» ие болса, II орын кеншілер қаласының «Қарағанды БК» командасына бұйырды. Қарағандылық «Мандалошкины» құрамасы III орынға жайғасты.
Турнирге қатысқан қыздардан құралған командалар да шебер өнер көрсетті.
13-15 жастағы қыздар арасында I орынға өндірісті қала Сараннан келген «Недоджорданы» командасы, II орынға қаланың Пришахтинск бөлігінен келген «KRG Family» құрамасы, III орынға сарандық «Dream Team» командасы лайық деп танылды.
Турнирге барлығы 72 спортшының қатысқанын атап өткен жөн. Мұндай турнир жас буынның спортқа деген қызығушылығын оятып, ынтымақ-бірлікке жетелейтіні сөзсіз.
Өз тілшімізден
ҚАРАҒАНДЫ