Тарихты танудың тың тәсілі
Жақында Теміртау тарихи-өлкетану музейінде интерактивті танымдық «Gefest game» аймағы ашылды. Ерекше форматтағы жобаның мақсаты келушілерді Теміртау металлургиялық комбинаттың тарихымен әрі металлургтердің ерен еңбегімен таныстыру.
Интерактивті танымдық аймақты алғашқы болып тамашалаған Интеллектуалдық даму орталығы жазғы лагерінің балалары мен олардың атааналары. Балалар мен ата-аналар берілген қағаздардағы сөзжұмбақ, жұмбақ шешу, сұлбасы бойынша жасырынған заттарды табу сияқты түрлі тапсырмаларды орындады. Оның жауабы осы музей ішіндегі бір жәдігер. Мысалы ол, арнайы киім, жұмыс құралдары, металдан жасалған бұйымдар, фотосуреттер мен муляждар болуы мүмкін. Ол жауаптарды арнайы ұяшықтарға салып, келтіріп отырды. Нәтижесінде, берілген барлық 30 тапсырманың жауаптары арқылы тұтас мағынаға ие стеллаж құрады.
Бұл шарада тарихи танымды арттырып қана қоймай, балалардың жазғы демалысын есте қаларлықтай ұйымдастыру мақсаты да орындалған сияқты. Тарихи танудың тың тәсілі басқа демалыс лагерлерінің оқушыларының да көңілінен шықты. Теміртаулықтар мен қала қонақтары өлкенің металлургиялық тарихы туралы жан-жақты танысуға мүмкіндік алады. Интерактивті танымдық аймақ жаз бойы жұмыс істейтін болады.
Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»