Тарихты құрмет тұтады
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның ұстаздары академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті, Археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрсахан Бейсенбековамен кездесті.

Нұрсахан Ахметқызы – Ахмет Байтұрсынұлын болашақ ұрпаққа танытуда айтарлықтай үлес қосып келе жатқан ғалымдардың бірі. Қазақ халқының тұлғаларын терең зерттеп, олардың өмірі мен шығармаларын өскелең ұрпаққа танытудағы еңбегі орасан. Әсіресе, Тұлғатану саласындағы ғылыми жұмыстары мәдени мұраны сақтау және келешек ұрпаққа жеткізу тұрғысынан ерекше маңызға ие. Бұл зерттеулер қазақ халқының рухани және мәдени байлығын жаңаша қырынан көрсетуге мүмкіндік береді. Нұрсахан Ахметқызының еңбектерінде Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы мен қызметі терең зерттеліп, ел тарихына қосқан үлесі жан-жақты көрсетілген.
«Ұлт болашағы және кемелдену» тақырыбында өткен дөңгелек үстел форматындағы сұхбатқа мектеп-гимназия ұстаздары Сабира Күлпеисова, Айжан Оспанова, Қуаныш Сұңғатұлы мен 11-сынып оқушысы Аяулым Қосымова мен 9-сынып оқушысы Аяна Ахынбек қатысып, ойларында жүрген сауалдарын жолдап, келелі, құнды пікірлерін тыңдады.
– 1969-1974 жылдар аралығында Алматыдағы Киров атындағы университеттің тарих факультетінде оқыдым. Осы оқу орнын бітірісімен сол кездегі университет ректоры Евней Арыстанұлының шақыруымен жолдасым екеуіміз Қарағанды қаласындағы университетке келіп жұмысқа тұрдық. 1974 жылдан бері осы аталған унверситетте 51 жыл еңбек етіп келемін. «Тұлғаларды қашаннан бастап зерттей бастадыңыз?» деген сұраққа келсем, атақты тарихшы Бекмахановтың шәкірті Әбусақтағанұлы Тәкенов деген профессор өз сабақтарында Бекмаханов туралы көп айтатын. Сол кезде осындай тұлғалар туралы кеңінен білсек деп армандадық. Бұл бірінші себеп болатын, екінші себеп еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін құрылтайды Мұстафа Шоқайға арнадық. Осы құрылтайда Мұстафа Шоқайдың еңбектерін жинақтадық. Бұл еңбекте Мұстафа Шоқайдың 250 мақаласы жинақталып, 2 томдық жинақ болып шықты. Осы еңбектерді оқып шығып, Мұстафа Шоқай туралы зерттеу жұмысына құлшына кірістік. Осыдан кейін көп ұзамай «Жас Алаш» зерттеу клубын құрдым. Студенттерді жинап, Мұстафа Шоқайды зерттей бастадық. Біз мақаламыздың атын «Мұстафа Шоқайдың еңбектеріндегі ұлттық идея» деп атадық. Алаш Орданың ақталған кезіндегі құжаттар қолға түсті. Сөйтіп мен екінші бір зерттеуге көштім, ол Әлихан Бөкейхан туралы зерттеу болатын. «Жас Алаш» зерттеу клубында тұлғалар туралы шағын конференциялар өткізе бастадық. Қолымызда мардымды архив материалдары жоқ, аздаған деректерді зерделеп жұмыс жасадық. Осыдан бастап тарих факультетінде «Әлихан Бөкейхан және біз» деген ұстаным пайда бола бастады. 2014 жылдың қаңтарында «Тұлғатану» орталығы ашылды. Осы орталықтың ашылғанына биыл 12 жыл болады. Жаныңда жүрген жақсы адамды зерттеуге «Тұлғатану» орталығында «Өнегелі өмір» деген жоба ойладық. Қазір «Жас Алаш» ғылыми зерттеу клубынан басталған құрылтай өз жалғасын табуда. Жыл сайын жас зерттеушілерге арналған құрылтай өткіземіз. Ол құрылтай тарихи тұлғаларға арналып өткізіледі. Ең басында презентация, слайдтармен қорғайтын болды. Қазір ғылыми еңбекке айналдырдық. Соның ішіндегі жеңімпаздардың мақалаларын жариялап, «Тұлғалар тағылымы» деген серия шығардық. Бұл серияға жас зерттеушілердің еңбектері кірді. Биылғы ХІ құрылтай академик Е.Бөкетовтің 100 жылдығына арналды, – деп атап өтті Нұрсахан Ахметқызы.
Ахмет Байтұрсынұлының ағартушы әдіскерлігінің қазіргі педагогикадағы орны туралы Нұрсахан Ахметқызы «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт азаттық қозғалысының рухани көсемі. ХХ ғасырдың басында қолға қару алмайтын азаттық қозғалыс басталды. Осылардың басында Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан тұрды. Әлихан Бөкейхан бастаған үлкен топ, ең бірінші бала тәрбиесіне көңіл аударды. Баланы тәрбиелейтін бірнеше орта бар: жанұя тәрбиелейді, орта тәрбиелейді, ұстаз тәрбиелейді. Олай болса Алаш зиялылары өткен ғасырда ұстаздың қоғамдағы орны, статусы ең жоғары екенін айтып кеткен. Қазіргі таңда мемлекет мұғалімнің статусын көтерді», – деді.
Сұхбат барысында Нұрсахан Ахметқызына Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ» газетіндегі атқарған қызметі, қазіргі қазақ журналистикасымен сабақтастығы туралы өз сөзінде: «Қазақ» газетінде саясат, экономика, ауыл шаруашылығы туралы мақалалар арқылы сол кезеңдегі мәселелерді қозғаған. Газетте қазіргі біз айтып жүрген ауыл кооперативтері туралы жазылған. ХХ ғасырда қазақ баласына не керек дегеннің бәрін «Қазақ» газеті арқылы жазып кеткен. Бүгінгі газеттер «Қазақ» газетінен сабақ алу керек. Журналистика мамандығына барамын, тарих пәні мұғалімі боламын деп отырған балалар үшін бұл аса құнды. Жыл сайын «Қазақ» газетінің алғаш басылған күнін 2 ақпанды міндетті түрде атап өтуіміз керек, – деді.
Қазақ елінің экономикалық даму жолындағы Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінің маңызы жайында Нұрсахан Ахметқызы «Ахмет Байтұрсынұлы Қазақ өзінің жеріне қоныстанып болмайынша, қазақтың жерін орыс шаруаларына беруге болмайды» деген. Оның сөзін әрі қарай Әлихан қоштайды: «Жердің астындағы, үстіндегі байлықтың бәрі қазақтың кеудесіне түйме болып қадалсын», – деп қазақтың жері сатылмайды дейді.
Олай болса, бүгінгі күні осы мәселеге қатаң қарауымыз керек. Ұлы кемеңгердің ХХ ғасырдың басында жазып кеткен экономикалық көзқарастарының бүгінгі Тәуелсіз еліміздің дамуына қосатын үлесі мол.
Сауле ИЗТУЛЕУОВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның
директоры