Жаңалықтар

Тарихтың үнін жаңғыртқан

Кез келген халық үшін тарихын түгендеу, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу өте маңызды. Себебі, бастаусыз ешнәрсе де, ешкім де өркендемейді. Бүгінде тарих – мемлекетіміз баса мән беріп отырған маңызды салалардың бірі. Өйткені бұл келешек ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіруде шешуші рөл атқарады. Бұл сөзімізге ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзі дәлел. Мемлекет басшысы «Бұған дейін Ұлттық Құрылтайда еліміздің рухани-мәдени мұрасын әлемге таныту туралы бастамалар көтерілді. Соған сәйкес жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, 14 жылда алғаш рет аса құнды «Хандар шежіресі» қолжазбасын ­ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгіздік. Биыл жазда Корея Республикасының Пусан қаласында Бүкіләлемдік мұралар комитетінің кезекті отырысы өтеді. Сол кезде «Маңғыстаудың жерасты мешіттерін» ұйым тізіміне қосу мәселесі қаралады. Қазір Қазақстан материалдық емес мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді түрде енгізіп жатқан 25 елдің қатарына кіреді. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Төл тарихымызды зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету үшін әлі де көп жұмыс істелуге тиіс. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғаса береді», – деген еді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қарағанды облысының аумағында ұлт тарихының іздері сайрап жатыр. Ұлы далада әлемдік өркениеттің өркендеуіне негіз болған көшпелілер өркениетінің бір бөлігі осы еліміздің орталығында. Қарағанды облыс­тық тарихи-өлкетану музейі құнды жәдігерлерді сақтап, тарихты жаңғыртып келеді. Наурызда күрделі жөндеуден кейін есігін қайтадан айқара ашқан еді. Музей заман талабына сай жаңарды. Нақтырақ айтсақ, «Жасанды интеллект дәуіріне» бейімделді. Тарихты сақтауда және жаңғыртуда жаңа технологиялар мен әдістер пайдаланылуда. Бұл жаңалықты «Цифрландыру және жасанды интеллект жылының» шарапаты десек те болады.

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейіне 2011 жылы күрделі жөндеу жасалды. 15 жыл бұрынғы жөндеу жұмыстарында да музейдің заман талабына сай жаңаруына басымдық берілген. Енді, міне, адамзат баласы «Жасанды интеллект дәуірінің» табалдырығынан аттаған кезеңде де көштен қалған жоқ.

Музей директорының орынбасары Мөлдір Болат музей өңірге келген туристерге мақтанышпен көрсететін айшықты нысанға айналғанын айтты.

– Экспозицияларды жаңарту жұмыстарының басты мақсаты – экспозициялардың мазмұнын байыту. Сонымен қатар, заман көшінен қалыспау да негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Өздеріңізге белгілі, бүкіл әлем қазір цифрлық, соның ішінде жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы деп жариялаған еді. Осыған орай музей жұмысының 80%-ы цифрландырылды. Жасанды интеллект экскурсия жүргізетін жаңа алаңдар пайда болды, – деді Мөлдір Болат.

Музей экспозицияларының көші динозаврлар дәуірімен басталады. Мұнда интерактивті тақта орнатылған. Тақтада жасанды интеллекті жасаған динозаврлар туралы шағын деректі фильмді тамашалай аласыз. Сақ пен ғұн замандары да жасанды интеллектімен жаңғыртылған. Музей мамандары бұның бәрі келушілердің тарихқа деген қызығушылығын арттыруға таптырмас көмек екенін алға тартты.

Сонымен қатар, тарихи тұлғалардың да көнерген суреттері жаңартылған. Бейне бір соңғы үлгідегі фото құрылғымен түсіргендей әсер береді. Көне музыкалық аспаптардың үнін де арнайы тақтадан естуге болады. Мәселен, жетігеннің суретін саусағыңызбен басып қалсаңыз болды, күй ойнайды. Тіпті, күй туралы шағын ақпарат та көз алдыңызға шыға келеді. Бұл технология музейдің әр шаршы метрін үнеммен пайдалануға мүмкіндік береді.

Музейге келіп, Абылай ханның кеңесшісі болған әулие Бұқар жыраудың батасын аласыз. Жасанды интеллект Бұқар жырау бабамыздың суретіне жан бітірген.

Музей экспозициясы 13 залдан тұрады және өңір тарихын көшпелі империялар дәуірінен бастап, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік кезеңіне дейінгі уақытты қамтиды. Экспозицияда археологиялық олжаларға, қола және ерте темір дәуірі жәдігерлеріне, қазақ халқының материалдық мәдениетіне, сондай-ақ, Қарағанды қаласы мен Қарағанды облысының қалыптасу тарихына айрықша назар аударылған.

Қарағандының мақтанышына айналған Геннадий Головкин және Серік Сәпиев секілді былғары қолғап шеберлері секілді спорт майталмандарына да орын берілген.

Жалпы музей қорында 154 мыңнан астам жәдігер бар екен. Қазір жәдігерге бұрынғыдай ұзын-сонар мәтін жазылып, анықтамасы үшін қағаз шығындалмайды. Бір ғана интерактивті тақта жүздеген жәдігер туралы ақпарат береді.

Музей экспозицияларының заман талабына сай жаңаруы өңірдегі туризмнің де әлеуетін арттыруға мол мүмкіндік береді дейді мамандар.

– Кейінгі жылдары музейге келетін шетелдік туристердің легі көбейді. Олардың қатарында Орта Азия тарихын зерттеп жүрген ғалымдар да бар. Жаңарған экспозициялар музейге келушілер санының артуына ықпал ететіні анық. Мұндағы экскурсия жүргізетін мамандардың барлығы үш тілде еркін сөйлейді, – деді Мөлдір Болат.

Музейдің жұмысы жаңа жәдігерлермен толыққан сайын жанданады. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде Шет ауданы аумағындағы Талды қорымдарынан табылған жәдігерлер көбеюде.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button