Тарихтан тамыр тартқан
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл ұлттық жәдігерлер мен тарихи мұраларға баса көңіл бөлді. Осы орайда, Қарағанды қаласында археологиялық тарихи ескерткіштер мен ғажайып табиғат құбылыстары туралы өлкетанушы Тұңғышбай Мұқанның режиссерлігімен түсірілген танымдық деректі фильмнің тұсаукесері өтті.
Алдымен, Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде түсірілім тобымен кездесу ұйымдастырылды. Идеяның және сценарийдің авторы, фильмнің режиссері Ақтоғай ауданының «Құрметті азаматы», «Құрмет белгісі» орденінің иегері, өлкетанушы – Тұңғышбай Мұқан.
Деректі фильм еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен басталды.
– Қазақстанды «Таңбалы тастар мекені» деп бекер айтпайды. Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі. Біз теңдессіз тарихи нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек, құзырлы органдарға тиісті шара қабылдауды тапсырамын, – деді Президент.
Фильмде режиссер көптеген тың дерекпен бөліседі.
– Ауданымыздағы барлық археологиялық жәдігерлер мен тарихи орындарды қамтитын тақырыпты деректі фильм түсіру туралы бастамамыз республика бойынша үлкен қозғалыс тудыратын тың идеялар қатарынан болады деген сенімдеміз. Қолға алынған бұл игі бастама тарихты тани түсуге бағытталатын ізгі қадам деп білеміз, – дейді Тұңғышбай Мұқан.
Туындыда Ақтоғай ауданы аумағындағы археологиялық ескерткіштер, тарихи жәдігерлер, қорықтар мен үңгірлердің тарихы жайлы алуан түрлі ақпарат айтылды. Сарыарқаның Ақтоғайы – дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресін айқындайтын, сонау қола дәуірінен бастап, көне түркі қыпшақ дәуіріне жеткен ескерткіштердің үлкен шоғыры орналасқан бай өлке. Бұл өлкеде сырлары мол тарих жатқаны мәлім. Беғазы-Дәндібай, Андронов, Қола дәуірі мәдениетімен терең таныстырады.
– Тұңғышбай Өміртайұлының біздің Орталық Қазақстанның тарихын зерделеуде үлкен үлесін қосқан фильмін, шығармашылығын тамашаладық. Орталық Қазақстанның қазақ тарихындағы орны өте жоғары. Бұл – бір жатқан құпия, тастағы сыр. Халық үшін игі іс жасап жүрген Тұңғышбайға рақмет айтуымыз керек, – деді Қазақстан Республикасының Мәдениет және театр қайраткері Аманолла Шайбеков.
Қарағанды қалалық әкімдігінің атынан мерекелік шараға келген депутат Арман Жақанұлы да өз ойымен бөлісті.
– Фильм көптеген құнды деректерді қамтыған. Осы туындыны қолға алып, республикалық деңгейге шығаруға өз көмегімізді береміз, – деді Арман Жақанұлы.
Көрермендер тарапынан да ыстық лебіздер, тілектер айтылды.
– Елді, жерді сүюдің керемет үлгісін көріп тұрмын. Елімнің тарихына, ашық аспан астындағы музейге кіріп кеткендеймін. Таңбалы тастардың галереясы, тарихтан сыр шертіп тұрған тастарды көріп, менің тілім байланғандай. Ұрпақ үшін зор өнеге. Мынау туындыны көрген әрбір баланың санасы, жеріне деген махаббаты артып, ертең еліне қызмет ететін азамат болып шығатынына кәміл сенемін. Тұғышбай – Ақтоғайдың ғана емес, ұлттың мақтанышына айналды, – дейді өнегелі ұстаз Күліш Төлеуханқызы.
Аладағы уақытта деректі фильмді басқа платформаларға шығару, айналымға енгізу жоспарланып отыр.
Гүлім ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті филология факультетінің ІІ курс студенті.