Жаңалықтар

Тарихтан – тағылым, өткенге – тағзым

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Суреттер университеттің баспасөз қызметінен

Аталған іс-шараны Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырды. Жиынға белгілі ғалымдар, Мемлекет және қоғам қайраткерлері, қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың ұрпақтары, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, өңірдің этномәдени бірлестіктері қатысты. Сондай-ақ, Литва, Польша, Ресей Федерациясынан келген ғалым-зерттеушілер және Швейцария, Финляндия, Германия, Норвегия, Швеция, Дания елінен келген қандастар да қатардан табылды.

Ауқымды шара барысында қатысушылар суретші, халықаралық «Атом» антиядролық қозғалысының мүшесі Кәріпбек Күйіковтің сурет-көрмесін тамашалады. Ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» шығармасы негізінде салынған суреттер жан тебірентіп, ойға шомдырады. Бұл – қазақ халқының өткен өміріндегі қасіретпен жазылған қаралы тарих болып қала бермек.

– Миллиондаған адамдардың өмірін ойран еткен, қаншама халықтың басына қара жапқан бұл кезеңді есте сақтау, зерттеу, жас ұрпаққа жеткізу – біздің азаматтық парызымыз. Жастарды ұлттық тарихымызды құрметтеуге, дәріптеуге баулу – біздің мақсатымыз. Бүгінгі конференцияның маңызы да осында, деді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков.

Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов сөз сөйлеп, жиынды ашып берді.

Конференцияда Ұлттық ғылым академиясының академигі, БҒМ Ғылым комитетінің «Мемлекет тарихы институты» ММ директорының орынбасары, ҰҒА құрметті мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған «Сталинизмнің қуғын-сүргін саясаты: негіздері, кезеңдері мен салдары» тақырыбында баяндама оқыды. Сталиннің озбыр саясаты мен соның дәлелі болатын мұрағат құжаттары туралы жан-жақты мағлұмат берілді.

Біз, бір топ тарихшылар Президентке ашық хат жолдап, қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандары жайлы зерттеуді қайта жаңғыртуды сұраған едік. Хатқа қол қойғандар қатарында қарағандылық тарихшылар да бар. 2020 жылы Президенттің жарлығымен қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандары жайлы зерттеу жүргізетін комиссия құрылды. Екі жыл бойы архив ақтарып, Сталиндік кезеңге тән құжаттармен таныстым. Жан түршігерлік құжаттар қатарында мемлекетті біртіндеп тазарту жоспары жазылғаны да бар екен. Әрине, оны алдымен зиялы қауымнан бастаған. Қарағанды облысында орналасқан Карлаг – саяси қуғынға ұшыраған тұтқындардың азап көрген ошағы ретінде белгілі. Сол себепті, осы тақырып әлі де зерттеліп біткен жоқ, зерттеу жұмыстарын жалғастыру керек, деді ғалым Бүркітбай Аяған.

Литва тұрғындарының геноцид және резистенциясы орталығының директоры, мұрағатшы, тарихшы, философия докторы Арунас Бубнис өз ұлтына жасалған қастандық пен Балтық елдерінің Кеңес Одағынан көрген қорлығы туралы айтып, қазіргі күні Литвада қуғын-сүргін құрбандары туралы зерттеу жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатқанын баяндады.

Сондай-ақ, Қарағанды облысы ҚХА төрағасының орынбасары, еврей этномәдени орталығының төрағасы, Қарағанды медицина университетінің профессоры Молотов-Лучанский Вилен Борисов «Тарихтан тағлым – өткенге тағзым» Қазақстан халқы Ассамблеясының патриоттық тәрбиесінің негізгі тұжырымдамасы» тақырыбында баяндама жасады. Ал, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың орыс тілі және әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Айнаш Мустояпова «Алашордашылардың ағартушылық және қоғамдық қызметі туралы» баяндамасында ұлты үшін жанын берген азаматтардың құнды мұралары туралы айтты.

Сонымен қоса, осы университеттің Археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының оқытушысы, жас ғалым Әділет Жағыпар «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау («Есеп» партиясы жастарының астыртын саяси ұйымы мысалында) атты баяндама оқып, көпшілікті сүйсіндірді.

Тарихтан тағылым алып, өткенге тағзым ету – көзі ашық, көкірегі ояу әр азаматтың міндеті. Бүгінгі ұрпақ өткенін ұмытпай, ұлықтауы тиіс. Ғылыми-тәжірибелік конференция жиылған көпшіліктің тарихи санасын оятуға сеп болды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button