“Әр қазақ менің жалғызым”
Тәуелсіздік – бұл мемлекет үшін ең маңызды саяси құндылықтың бірі. Ол сыртқы саясаттағы дербестік қана емес, сонымен бірге, халықтың өзін-өзі басқару құқығы, ұлттық бірегейлікті сақтау және еркін әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету деген сөз. Қазақ елінің тәуелсіздік жолы ұзақ және күрделі тарихи кезеңдерден өтіп, 1991 жылы ғана нақты жүзеге асты. Елдің егемендігі – саяси тұрақтылық пен экономикалық даму кепілі ретінде маңызды мәнге ие. Айтпақшы, қызық факт осы «егемен» сөзі, «егемендік» ұғымы да сол кезде қолданысқа енгізілді. Сол кездегі ғалымдарымыз «Егемен болмай, ел болмас» деп толғаған қазақ жырауларының аңсаған арман сөздерінен алды. Жүз жылдаған азаптар мен қырық жыл қырғындардан аман қалған ұлтымыз кеш те болса келген азаттыққа қол жеткізуін бір құдайдың жар болғаны ма дерсіз. Кеш демекші, сол кездегі Кеңес Одағындағы 15 Ұлттық Республиканың тәуелсіздік алуының алды шілдеден басталады.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы маңызды саяси-құқықтық құжаттар сол кездегі бір палаталы Парламент – Жоғарғы Кеңесте қаралып, қабылданды. Осы тұста айта кету керек, егер тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік берсек, бір палаталы Парламенттің артықшылығы мол. Мемлекет басшысының бір палаталы Парламент құру туралы саяси реформа ұсынуы дұрыс.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – елдің тәуелсіздікке ұмтылысындағы маңызды бетбұрыс болды. Алматыдан басталған жастардың қозғалысы – ұлттық саяси сана мен дербестікке ұмтылыстың анық көрінісі. Одан кейін де кеңестік басқару жүйесінде саяси дағдарыстар жалғаса берді.
«Нәтижесінде» деп айтуға толық негіз бар, яғни, саяси тоқыраудың соңы Қазақ елінің азаттыққа жетуіне жол ашылды. Ал, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі жарияланды. Бұл шешім – ел тарихында жаңа дәуірді бастады. Сыртқы саясатта дербестік, ішкі басқаруда ұлттық мүддеге басымдық беру, экономикалық реформаларды жүргізу мүмкіндігі пайда болды.
Сөзсіз тәуелсіздіктің саяси мәнісі зор болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан мемлекеттік құрылымын нығайтуға кірісті. 1993 жылы алғашқы Конституция қабылданып, елдің саяси-құқықтық негіздері бекітілді. Бұл құжат Президенттік басқару жүйесінің қалыптасуына, Парламенттің өкілеттіліктерін айқындауға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға негіз болды.
Алда тәуелсіздікпен үйлескен ұлттық даму мәселесі күтіп тұрды. Тәуелсіздік – саяси егемендік қана емес, сонымен қатар, ұлттық мәдениет пен тілді дамытуға жағдай жасау. Ел егемендік алғаннан кейін қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде бекітіп, ұлттық дәстүрлер мен мәдени құндылықтарды сақтау бағытында маңызды қадамдар жасады.
Қазіргі таңда ел тәуелсіздігінің жетістіктері мен мәселелері қатар келіп отыр. Қазақстан тәуелсіздігін сақтау мен нығайту жолында бірқатар сынаққа тап болуда. Соғыстар, геосаяси жағдайлардың өзгеруі, экономикалық тәуекелдер және ішкі саяси реформалардың қажеттілігі елдің тұрақтылығы мен дамуындағы аса өзекті сұрақтар болып отыр. Болашақта тәуелсіздікті сақтау мен нығайту үшін Қазақстан ұлттық, мемлекеттік қауіпсіздікке көбірек назар аударуы, саяси реформаларды жүзеге асыруды, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуді және ұлттық құндылықтарды қорғауды жалғастыруы тиіс. Тәуелсіздік – елдің басты құндылығы, оны сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Дегенмен, Тәуелсіздік 30 жылдан астам уақыт бойы салыстырмалы түрде елдің саяси тұрақтылығын, экономикалық дамуын және халықаралық аренадағы беделін нығайтуға мүмкіндік берді. Елдің стратегиялық дамуы, индустриалды жобалар, білім беру және технология саласындағы жетістіктер тәуелсіздіктің мүмкіндігінше тиімді саяси негізде жүзеге асырылғанын көрсетеді.
Қазақстанның тәуелсіздігінің саяси стратегиялық мәселелері – қашып құтылмайтын құбылыс. Тәуелсіздіктің саяси стратегиясы – бұл елдің ұзақ мерзімді саяси даму жолы мен қауіпсіздігін анықтайтын басты фактор. Қазақстан үшін маңызды стратегиялық мәселелер келесілер. Біріншіден, сыртқы саяси қауіпсіздік. Геосаяси орналасуы бойынша Қазақстан көршілес мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен өзара тиімді және тең құқылы қатынастар орнатуы қажет. Екіншіден, ішкі саяси тұрақтылық. Саяси институттарды нығайту, құқықтық жүйені жетілдіру және азаматтық қоғамды дамыту – стратегиялық басымдықтардың негізгі бағыттары болуы тиіс. Үшіншіден, экономикалық тәуелсіздікті сақтау. Табиғи ресурстар мен стратегиялық салаларды басқару, сыртқы экономикалық тәуекелдерге төтеп беру басты саяси стратегиялық мәселелердің бірегейі болады. Төртіншіден, ұлттық бірлік пен мәдени қауіпсіздік. Мемлекет құрушы ұлт мүддесінде көпэтносты қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік тіл мен мәдениет арқылы ұлттық бірегейлікті сақтау. Бесіншіден, инновациялық даму және бәсекеге қабілеттілік. Ғылыми-техникалық прогресті, цифрландыруды және білім сапасын көтеру арқылы халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттыру.
Мемлекеттілік мәселесінде ұлттық идеология маңызды рөл атқаратынын баса айта кету керек. Қазақстанда ұлттық идеологияның қажеттілігі айқын. Ұлттық идеология – мемлекеттің ішкі тұрақтылығы және халықтар мен ұлттардың бірлігін қамтамасыз ететін негізгі құрал. Мәселен, кезінде «Мәңгілік Ел», «Рухани жаңғыру» сияқты ұлттық идеологияның жақсы бағыттары насихаттала бастап еді.
Алдымен, ұлттық бірегейлікті сақтау, яғни, көпэтносты қоғамда қазақ мәдениетін, тілін және дәстүрін сақтау үшін ұлттық идеяларды жүйелі түрде насихаттау қажет. Одан кейін – саяси тұрақтылық. Ұлттық идеология халық арасында жалпыға ортақ құндылықтар мен мемлекетке деген сенімді нығайтады. Бұл саяси дағдарыс жағдайында мемлекеттің тұрақтылығын сақтауға көмектеседі. Және де мемлекеттік бірлік. Ұлттық идеялар мемлекеттік саясатпен үйлесімді болу арқылы әрбір азаматтың мемлекеттің дамуына белсенді қатысуына ықпал етеді.
Ел тәуелсіздігінің мызғымастығы жолында ұлттық идеология сәтті және берік қалыптасса, ұлтқа, руға бөлінуге, әскери борышын өтеуден қашуға, мемлекеттік қызметтерге салғырт қарауға, заңға құрмет көрсетпеуге, сыбайлас жемқорлыққа, ерікті түрде шетелдерге қоныс аудару мен жұмыс іздеп кетуге, шетелдерге білім алуға көбірек әуестікке (тағы-тағысын тізіп айтуға болады) жол берілмейді. Яғни, ұлттық идеологияның нәзік сұрақтары әр адамның балабақша, отбасынан қоғамдық қызметіне дейін санасына сіңіріліп, насихатталмақ. Мысалы дейтін болсақ, ұлттық идеологияда Жапония, Германия және титулды ұлты болмаса да, АҚШ ілгері болып тұр. Біздің қоғамда басқа ұлттарды айтпағанда, қазақ арасында зорлық-зомбылық, аса ірі алаяқтық қылу, ауыр қылмыстарға бару, т.б. осы тақырыпта ойландыратын үлкен сұрақ. «Әр қазақ – менің жалғызым» дейтін Сабыр Адай сөзі тұрса, «Бір елміз, біргеміз» дейтін басқалар болса, міне, егеменді елдігіміздің ертеңі анық болмақ.
Мемлекеттілігіміз мызғымас, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!
Айдос БӘДЕЛҰЛЫ,
саясаттанушы



