Тарихи жинақ оқырман жимақ
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Асыл мұра» өлкетанушылар клубының IV отырысы аясында өлкетанушы, тарихшы Ю.Попов пен А.Алтыновтың «1870-1919 жылдары Қарқаралы, Ақмола уездерінің болыс басқарушылары мен билері» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітап «Гласир» баспаханасында басылып, 100-і бүгінгі таңда жарық көрген.

Аталған шараға қалалық жоғары оқу орындары ғалымдары һәм «Асыл мұра» өлкетанушылар клубының мүшелері және студенттер қатысты.
– Бүгінгі тұсауы кесілген жинақ қысқаша айтар болсақ, орыс отарының қазақ даласына қалай келуі хақында. Жалпы патша үкіметі әуелден қазақтарды іштей қырық пышақ етіп жаулауды көздеген еді. Ақыры қарадан шыққанды болыс етіп, хан ұрпағына қарсы қойып ішінара іріткі салды. Осылайша бітім мен бірліктің тігісі қақырап, қоғам ыдырай бастады. Кітаптың мазмұнына көз жүгіртсеңіз осындай нақты мағлұматтар тарихи фактілерге сүйеніп берілген, – деп тарихшы, археолог Темірғали Аршабеков жинақ туралы мағмұлат берді.
Ал, бұл жинақтың маңызын және жоғары оқу орындарына тиімді оқыту мақсатында онлайн, яғни виртуалды кітапқа айналдыру өте маңызды екенін Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өлкетану әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі Сандуғаш Телпекбаева баяндады.
Шараға жиналған студенттер тұсауы кесілген жинақтың мазмұнымен танысып, авторы Асылбек Алтыновқа сұрақтар қойды. Расында біршама жасты қазақ елінің отарлау саясатына қалай мойынсұнғаны қызықтырады.
– Отарлау айтып келмеді қазаққа. Алдымен бай мен кедейді теңестіреміз деген саясатты жалау етіп, шолақ белсенділер қатарының артуын күшейтті патша үкіметі. Содан кейін, қазақ зиялыларын жоюға көшті. Ал, байларға билік беріп, болыстыққа шақырды. Тіпті хан ұрпақтарына қарапайым халықты қарсы қойып бір-біріне айдап салды. Осындай тар заман кезеңіндегі қазақ күйі сипатталады бұл жинақта, – деп атап айтты тарихшы Асылбек Алтынов.
Жан АМАНТАЙ.