Тарихи құжатқа қол қойылды
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 10 наурызда «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға жария түрде қол қою рәсімінде сөз сөйледі,- деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Қадірлі қауым!
Құрметті қазақстандықтар!
Біз бүгін мемлекетіміз үшін мәні зор тарихи шешімнің жүзеге асатын сәтіне куә боламыз. Мен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға жария түрде қол қойғалы тұрмын.
Бұл – қазіргі басқару жүйесін жаңғыртуға бастайтын маңызды қадам.
Заң билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді етуге бағытталған. Оның жобасы бір ай бойы қызу қоғамдық талқылаудан өткенін білесіздер. Соның нәтижесінде жұртшылық тарапынан 6 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті.
Арнайы құрылған жұмыс тобы бұл ұсыныстардың барлығын сараптап қарап, бір тұжырымға келді.
Біз көпшіліктің Ата Заңдағы 26-бапқа өзгеріс енгізу жөніндегі ұсынысқа қатысты пікіріне ерекше мән бердік. Ұсыныстардың бәрі мұқият қаралған соң мен түпкілікті жобаны Парламент қарауына енгіздім.
Парламенттің бірлескен отырысында екі рет қаралып, қабылданған бұл заң билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөледі. Сол арқылы заң шығарушы билік пен Үкіметтің мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа рөлі айқындалады.
Біз өкілді органның құзырын кеңейтіп, Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін арттырдық.
Мен қоғамдық талқылауға белсене атсалысқан ел азаматтарының бәріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, жұмыс тобына зор алғыс айтамын. Жұмыс тобына мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары, заңгерлер, университеттер басшылары қатысты. Парламент депутаттары көп ұсыныс енгізіп, нақты жұмыс істеді. Барлық шаралар үшін рахмет айтамын. Заңмен жұмыс жүргізіп, маңызды міндет атқарған Парламент депутаттарына да көп рахмет. Осылайша, Отанымыздың басты құжаты кемелдене түсті.
Конституциядан кейін қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізіледі. Осыған орай тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Енгізілген заңды мен Конституцияның талабы бойынша Конституциялық Кеңеске жіберіп, бұл заңның Конституцияға және Қазақстанның заңдарына сай екені жөнінде тағы да дәлелдеме алдым.
Енді заңға қол қойып, іске асыруға болады.
Құрметті қазақстандықтар!
Бүгінгі реформа – мемлекетіміз дамуының заңды нәтижесі. Біз – өз мемлекеттілігін құру үстіндегі жас елміз. Бізге өзгеріс үстіндегі дүние талаптарына экономикада да, сондай-ақ, саясатта да жауап беруіміз қажет.
Президент өкілеттіктерінің бірқатары биліктің басқа тармақтарына беріледі. Үкімет қабылдайтын шешімдері үшін өзінің жауапкершілігін күшейтеді. Парламент Үкімет пен атқарушы органдардың қызметтерін бақылау үшін жаңа өкілеттіктерге ие болады. Еліміздің конституциялық құрылысы, егемендігі мен тәуелсіздігі мызғымастығының кепілдігі нығая түсетін болады.
Саяси жүйе демократиялылық пен орнықтылықтың үлкен деңгейіне қол жеткізеді. Сонымен бір мезгілде, басқарудың президенттік формасы Қазақстан Республикасының базалық іргетасы болып қалады. Заң жобасын талқылау барысында жұртшылық президенттік биліктің әлсіреуіне қатысты өздерінің алаңдаушылықтарын білдірді. Баршаны еліміздің тұтастығы, мемлекетіміздің тұрақтылығы, халқымыздың бірлігі мен достығы толғандырады. Билік теңгерімділірек, икемдірек және тиімдірек бола түседі. Қабылданатын өзгерістер өзінің мәні жөнінен жүйелі, олар кең қоғамдық резонанс туғызып, қолдауға ие болды.
Жұмыс тобының мүшелеріне, Парламент депутаттары мен барша қазақстандықтарға конституциялық реформаларды жүзеге асырудағы қолдауы мен баға жеткізгісіз үлестері үшін шын көңілден шыққан ризашылығым мен құрметімді білдіремін. Мен сондай-ақ, Отан игілігі жолындағы еңбегімді халық қалаулыларының Конституцияға ерекше түзетумен атап өтуді ұсынғанын оң бағалаймын. Бұл халқымыздың мүддесі үшін реформаларды әрі қарай жүргізуге ынталандырып, сенімділік пен күш-қуат береді.
Жолдауда айтылғанындай, бүгінгі күнгі жедел технологиялық революция жаһандық экономикада жаңа шынайы өмір қалыптастырып отыр. Жаңартылған Конституция – бұл уақыт сын-тегеурініне біздің жауабымыз. Стратегиялық мақсат – әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына енуге қол жеткізу үшін Қазақстанның барлық азаматтарына өздерінің күш-жігерлерін біріктіру маңызды.
Бәріміз бірге ХХІ ғасырда еліміздің табысты дамуын, халқымыздың өсіп-өркендеуін қамтамасыз ете алатынымызға сенімдімін. Реформаның негізгі мақсаты да осы – бірлігімізді, достығымызды, өзара түсіністігімізді, азаматтардың этностық, тілдік және конфессиялық қағидаттар бойынша теңдігін сақтау. Осы топтасқандығымыздың арқасында біз талай мәрте жеңістерге жеттік. Осы постулаттарға сүйене отырып, біз жаңа жеңістерге жететін боламыз.
Барлық қазақстандықтарды біздің егеменді саяси тарихымызда жаңа кезең ашатын Негізгі Заңға өзгерістер қабылдануымен құттықтаймын.
(«Егемен Қазақстан» газетінен).