Тарихи туынды таныстырылды
Қарағандыда облыс әкімдігі, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты, ҚР Ұлттық музейі, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің «Margulan center» орталығы ұйымдастырған «Cарыарқа және Aлтын Oрда: уақыт пен кеңістік» атты халықаралық конференция Жезқазған-Ұлытау өңірінде жалғасты. Алқалы жиынға қатысқан шетелдік және отандық ғалымдардың бір тобы Жаңаарқа жеріндегі Жұбан ана кесенесіне аялдап, Ұлытау өңіріндегі Теректі әулие петроглифінде, Алашахан мен Жошыхан кесенесінде, Домбауыл кешенінде болды. Далалық семинарда ашық аспан астындағы аса құнды тарихи жәдігердің жай-күйі, оларды консервациялау мен жаңғырту, зерттеу мен зерделеу мәселесі әңгіме өзегіне айналды.
Сапар соңында Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде тарих ғылымының докторы, Бонн университеті шығыстану институтының профессоры Нұрлан Кенжеахметтің (Германия) Алтын ордаға қатысты бірқатар тың дерекпен дәйектелген ағылшын тіліндегі тарихи туындысы (Nurlan Kenzheakhmet. The Tūqmāq (Golden Horde), the Qazaq Khanate, the Shibanid dynasty, Rūm (Ottoman Empire), and Moghūlistan in the XIV-XVI Centuries: from original sources. Almaty: 2019. — авт.) таныстырылды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Арман Кенжебек, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Вакур Сүмер ғылыми айналымға қосылған аса құнды жинақтың жарық көруімен жиналған жұртшылықты қызу құттықтады.
Тамаша тарихи туындының тұсауы кесілген жиынның тізгінін ұстаған археолог, PhD докторы, ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Айбар Қасеналин Алтын орданың тарихына қатысты іргелі еңбекті таныстыруға ұйытқы болып, қолдау көрсеткен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті басшылығына алғыс айтты. «Бұл жиын «Сарыарқа және Алтын орда: уақыт пен кеңістік» атты халықаралық ғылыми конференция аясында өтуде. Екі күннен бері отандық және шетелдік ғалымдар Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңдің бірі – Алтын орда заманына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, ортаға салуда. Енді бұл ғылыми еңбек туралы ғалымдар кеңінен айтатын болады» – деді ол.
Жаңа ғылыми жинаққа қатысты археолог, тарих ғылымының докторы, ҚазҰУ-дің профессоры Мадияр Елеуов, Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұхтар, Жапонияның Точиги қаласындағы ұлттық технологиялық институтының ғылыми қызметкері Хироюки Нагамине, ҚазҰАУ «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрлан Атығаев және тағы басқалары пікір білдірді.
Қысқа қайырсақ, бұл ғылыми еңбек Еуразия елдері мен Қытайдағы Мин династиясының монғол билігінен кейінгі Орталық Азиямен дипломатиялық қатынасына арналған. Монография Орталық Азияда XV-XVIII ғасырларда қатар өмір сүрген Тоқмақ (Алтын орда), Қазақ хандығы, Шайбанилер әулеті, Осман империясы мен Моғолстан мемлекетінің Мин әулетімен (1368-1644 жж.) арадағы тарихи және саяси қатынасын қытайлық және басқа да тарихи дереккөздері арқылы түсіндіреді.
Кітапта XIV-XVI ғасырлардағы Еуразия елдері туралы бұрынғы зерттеулерге қарағанда анағұрлым ауқымды түпнұсқа дерек пайдаланылған. Автор XV ғасырдың екінші жартысынан ХVІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірді қамтитын Қытайдың негізгі тарихи жылнамасының бірі — Мин әулетінің шежіресіндегі (Мин Шилу) XIV-XVI ғасырлардағы Батыс пен Шығыс елдері туралы деректерді түпнұсқадан оқып, қолданады. Кітапта Мин Шилудағы Орталық және Батыс Азияға қатысты барлық деректер анықталып, оқырманға ағылшын тіліндегі аудармасы берілген.
Аталмыш деректерде Рум, Тоқмақ, Қазақ хандығы және Шайбанилер әулетінің Қытайға жіберген дипломатиялық миссиялары туралы толық ақпараттар қамтылған. Сонымен қатар, XVI ғасырдағы Осман империясы туралы кейбір алғашқы мәліметтер кездеседі. Монографияда жоғарыда аталған Қытай дереккөздерімен қатар, шағатай және парсы тілдеріндегі дереккөздер де салыстыра қолданылады. Сондай-ақ, автор қытайдың XIV-XVI ғасырлардағы бірқатар картографиялық дереккөздерін пайдаланып, Батыс және Орталық Азия елдерінің тарихындағы «ақтаңдақтарды» қалпына келтіруге күш салған.
Жиыннан кейін халықаралық ғылыми конференцияға қатысушылар Жезқазған университетінің кітапханасына «Сарыарқа және Алтын Орда: уақыт пен кеңістік» тарихи-танымдық альбомының 7 данасын тарту етті.
Хироюки НАГАМИНЕ, Ұлттық технологиялық институттың ғылыми қызметкері (Точиги қаласы, Жапония):
– Менің Алтын орда, Көк орда тарихын зерттеп жүргеніме едәуір уақыт болды. Мына конференция жиған-тергенімді молықтыра түсті. Ол өте жоғары деңгейде өтті. Әсіресе, далалық семинарға ұласуы өте ұнады.
***
Вакур СҮМЕР, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры:
– Қазір кез келген ғылыми ізденіс қаржылық қолдау болмаса, көп жағдайда, оң нәтижеге жете алмайды. Бүгін таныстырылымы болған кітапты басып шығаруға жасаған қолғабысымызды өзімізге абырой санаймыз. Алтын орданың айтулы мерейтойы аясында атқаратын ортақ шаруа мұнымен шектеліп қалмайды.
***
Айқын АСҚАПҰЛЫ, Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері, PhD докторы, генетик:
– Алтын Орда тарихын тануда байырғы мүрделерге генетикалық талдау жасау әдісінің маңызы зор. Бүгінде АҚШ, Жапония зертханаларымен бірлесіп, Жошы хан, Алаша хан кесенесіндегі адам сүйектеріне генетикалық сараптама жасаудамыз. Жошы хан кесенесінен алынған сүйек Алтын орда дәуіріне жататыны анық. Зерттеу жұмысы әлі де жалғасуда.
***
Айбар ҚАСЕНАЛИН, археолог, PhD докторы, ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары:
– Ұлытау ауданының аумағындағы Алтын орда дәуіріндегі ескерткіштер қатарына жататын Болған ана кесенесін археологиялық зерттеу барысында былтыр алтын тостақ пен сырға табылып, күтпеген тосынсыйға тап болдық. Аты аңызға айналған Жұбан ана мен талай тарих тасында таңбаланған Теректі әулие кешені де кезегін күтіп жатқандай көрінеді.
Әлібек ӘБДІРАШ.