Тарихи талғам таразысы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда жариялаған реформалар мемлекеттік жүйенің құрылымдық архитектурасын түбегейлі өзгертетіндей ауқымды сипатқа ие. Осыған байланысты ұсынылған әрбір блок жеке-жеке терең ой елегінен өткізуді және талдауды талап етеді.

Осы орайда бірпалаталы Парламентке көшу және заң шығарушы органның атауын «Құрылтай» деп өзгерту мәселесіне қатысты өз көзқарасымды білдіргім келеді.
Ұсынылған тұжырымдар мен пайымдарды жинақтай отырып, парламенттік реформаны өкілді биліктің неғұрлым шоғырланған моделін саналы түрде таңдау ретінде қарастыру орынды деп санаймын.
Бірпалаталы Құрылтай моделінде палаталар арасындағы функциялардың қайталануы жойылады. Заң шығару үдерісі анағұрлым болжамды әрі жедел болады, әлеуметтік-саяси және экономикалық салалардағы жағдайларға әрекет ету жылдамдығы артады. Бұл қазіргі жаһандық тәртіптің жылдам өзгеруі жағдайында аса маңызды.
«Құрылтай» ұғымын енгізу, менің ойымша, Парламентке тарихи алғышарттарға негізделген ерекше мазмұндық өлшем береді. Мұнда мемлекеттік басқарудың іргелі негізі ретінде жалпыұлттық консенсус, мемлекеттің дамуының негізгі мәселелері бойынша келісім және ұжымдық талқылаудың маңыздылығы алдыңғы қатарға шығады.
Осындай өзгерістер логикасына елдің жоғары консультативтік органы – Халық кеңесін құру да үйлесімді түрде енеді. Оның құрамы мен өкілеттіктері шешімдерді ұжымдық түрде талқылау мен пысықтауға деген сұраныстың бар екенін айқын көрсетеді.
Құқықтық тұрғыдан алғанда, бұл негізгі конституциялық блоктарды қайта құруды білдіреді: өзгерістер мен реформалар биліктің барлық тармақтарын қамтиды, сонымен қатар, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің қағидаты мен басқару нысаны сақталады, жаңа институттар енгізіледі.
Мұндай институционалдық жаңғыру мемлекеттік биліктің легитимділігін арттырып, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етуі мүмкін. Азаматтардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысу деңгейі кеңейіп, өкілді органдардың қоғамдық сұраныстарға жауап беру қабілеті күшейеді. Бұл өз кезегінде саяси мәдениеттің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне негіз қалайды. Бірпалаталы модель саяси жауапкершілікті нақтылап, қабылданған заңдар үшін институционалдық есептілікті күшейтеді.
Айжан ҚИЯСОВА,
гендерлік теңдік мәселелері бойынша Қарағанды облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі



