Тарихи таңдау – халық талғамында
АЭС салу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. 6 қазанда осы орайда референдум өтеді.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров алдағы референдумда «Сіз Қазақстанда АЭС салуға келісесіз бе?» деген бір ғана сұрақ қойылатынын атап айтты.
Ал, Орталық сайлау комиссиясы мүшесі Сәбила Мұстафина референдум өткізуге 15,5 млрд теңге қажет екенін мәлімдеді.
– Референдум туралы заңның 20-бабына сәйкес, біз орталық референдум комиссиясы Үкіметке шығын сметасын жобасын дайындап жібереміз. Бүгін таңертең оны істедік. Орталық комиссияның дайындаған сметасында шығыстардың жалпы сомасы – 15,5 млрд теңге, – деді Сәбила Мұстафина.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров тізімге енгізілген қазақстандықтардың жартысынан астамы қатысқан жағдайда тиісті референдум өткізілді деп есептелетінін жеткізді.
«Нақты саны әлі белгісіз. Тиісті дерек дауыс беруге 20 күн қалғанда белгілі болады», – деді Константин Петров.
АЭС құрылысы бойынша референдумға қойылған мәселеде нақты шешім дауыс бергендердің 50 пайыздан астамы оң жауап берген жағдайда қабылданады.
Өз тілшімізден