Тарихи сананы жаңғыртқан кеш
Қарағанды медицина университеті Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасы, «Күретамыр» тарихи-өлкетану үйірмесі мен Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы бірігіп, кітапханада «Қазақ» газетінің 110 жылдығына орай «ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзі – қазақ қоғамының айнасы» атты республикалық онлайн/офлайн конференция өткізді.
Конференцияны Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының ассистент-профессоры және «Күретамыр» тарихи-өлкетану үйірмесінің жетекшісі Кәмшат Жақсылыққызы тізгіндеді.
Ауқымды жиын ХХ ғасырдың басындағы халықтың көзі, құлағы һәм тілі болған, қазақ ұлтының ұйытқысына айналған «Қазақ» газетінің тарихымен бүгінгі өскелең ұрпақты таныстыруды және газетте еңбек еткен ұлт зиялыларының рухына тағзым етуді көздеді.
Іс-шараға онлайн форматта қазақтың алғашқы баспасөзі мен оқулықтарын зерттеуші, алаштанушы Абай Мырзағали, «Qyr Balasy» қорының төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Елдос Тоқтарбай, журналист, медиатренер Мейрамхан Жәпек, «Қазақ» газетінің бас редакторы Жасулан Мәуленұлы қатысты.
Ал, офлайн форматта Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, журналист Сүйіндік Жанысбай, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әлімжан Жақан, «Qazaq Club» мүшесі, Қарағанды облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Нұржан Сұршаұлы, Қарағанды медицина университеті, Қазақстан тарихы және әлеуметтік саяси пәндер кафедрасының PhD докторы Сәкен Меңдоллаұлы және Қарағанды медицина университетінің оқытушысы Гүлайым Байжанқызы қатысты.
Іс-шара барысында Қарағанды медицина университетінің стоматология мектебінің студенті, «Күретамыр» тарихи-өлкетану үйірмесінің жетекшісі Дана Пшенбаева «Қазақ» газетінің тарихы туралы кеңінен айтып өтті.
Ал, қонақтар «Қазақ» газеті жөнінде тұшымды баяндама жасап, жастардың сұрағына жауап берді. Өткен ғасырдың басындағы ұлттық рухты асқақтатқан басылымның тарихи маңызына тоқталу, ұлттық интеллигенцияны айналасына шоғырландырып, рухын оятып, жігерлендірген тарихи басылымның тарихына шолу жасау, олардың тәжірибесін жастарға насихаттау бағытында бірқатар баяндама тыңдалды. Жиын барысында «Қазақ» газеті тарихынан сыр шертетін бейнежазба мен кітап көрмесі жұрт назарына ұсынылды.
«Қазақ» газетінің Алаш зиялыларын топтастырудағы рөлі, «Қазақ» газетінде жарияланған мақалалар, Ахмет Байтұрсынұлының, Әлихан Бөкейханның сіңірген еңбегі, бүгінгі «Қазақ» газетінде көтеріліп жүрген мәселелер тілге тиек етілді. Мейрамхан Жәпек ханым «Қазақ» газетінде көтерілген денсаулық сақтау саласындағы мәселелерге тоқталды. Халел Досмұхамедовтің мақалалары талқыланды.
Тарихи сананы жаңғыртқан кеш соңында Кәмшат Жақсылыққызы сөз сөйлеп, конференцияға қатысқан студенттерді, қонақтарды Алғыс хатпен марапаттады.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz