Тарихи сәттің куәгерлері

Қарағандыдағы №16 мектепте орналасқан №76 референдум учаскесінде 2406 дауыс беруші тіркелген. Таңғы сағат 10:00 кезінде екі жүзге тарта адам таңдауын жасаса, бұл көрсеткіш сағат 14:00 кезінде бірнеше есе арта түсті. Яғни, 2 мың тұрғын аталған учаскеде болып, реформаға деген көзқарастарын білдірді. Референдум комиссиясы мүшелерінің де жұмыстары тыңғылықты. Келушілерді ретімен қабылдап, дауыс беруге қатысты сұрақтарға жауап беруде.

– Тұрғындар референдум жайлы жақсы хабардар әрі саналы түрде дауыстарын беруде. Ақпарат заманы болғандықтан, референдум деген не, әрі алдымызда қандай өзгерістер күтіп тұрғаны жайлы толық мағлұмат алған. Осы жолы тұрғындар Kaspi.kz қосымшасы, Egov.kz. порталы арқылы өздері қарайтын учаскелерді біліп, цифрлық технологияның барлық мүмкіндігін пайдалануда, – дейді №76 референдум учаскесінің комиссия төрағасы Сәуле Ізтілеуова.
Ал, дауыс беруге келген тұрғындар еліміздегі тарихи сәтке куә болғандарына қуанышты. Осы сәтті естелікке қалдыру үшін учаскеде фотосуретке түсіп жатқандары да бар. Солардың бірі – Анна Ларионова.
Анна Алексеевнаның ата-бабасы Қазақстанға Ресейдің Курск облысынан жер аударылған. Ол туған жері – Қазақстанының өсіп-өркендуі үшін дауыс беретінін айтады.
–  Еліміз өркендеуі жолында өзгерістерге дауыс бердім. Осы жерде оқыдым, білім алдым, жұмыс істедім. Қандай қиын кезеңдерде де қазақтар бауырына тартты, өзге ұлтсың деп, жаттық көрсеткен жоқ. Ата-бабаларым Қарағандыда шахта құрылысына қатысты, осы жерде өсті, өркендеді. Мен Қазақстанның болашағы жарқын болатынына бек сенімдімін, – дейді Анна Ларионова.
Бақылаушылар қатарындағы Серғазы Сейтқазыұлы – «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» қоғамдық бірлестігінің белсендісі. Ол аталған учаскеде ешқандай заңбұзушылықтың болмағанын және комиссия мүшелерінің келушілерді қарсы алуына әрі бюллетеньді қай жерде толтырып, қайда салу керектігіне қатысты түсіндіріп, жақсы жұмыс жасауда екенін айтады.
–  Таңғы жетіден дауыс берушілер легі тоқтаған жоқ. Халық мемлекетімізде өзгерістер болатынына әрі сол өзгерістердің жақсылыққа әкелетініне толық сенімді. Сондықтан да болар, дауыс берушілердің белсенділігі биыл өте жоғары, – дейді Серғазы Сейтқазыұлы.

Салтанат ІЛИЯШ.