Тарихи ескерткіштер енді заңмен қорғалады
Тарихи ескерткіштердің жойылу мәселесі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында мәдени мұра нысандарын қорғауды күшейту жөнінде нақты тапсырма берген. Президент тапсырмасы аясында мәдени мұраны сақтау туралы арнайы заң жобасы әзірленіп, жаңа жыл қарсаңында Мемлекет басшысы оған қол қойды. Бұл жайлы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында атап өтті.

Депутаттың атап өтуінше, жаңа заң археология және реставрация саласын жүйелеуге бағытталған. Құжатта лицензиялау талаптары күшейтіліп, археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарға лицензиялар 5 жыл мерзімге ғана берілетін болды. Сонымен қатар, тиісті ғылыми білімі мен тәжірибесі бар мамандардың болуы міндеттелді.
Заңда жер телімдерін бөлу кезінде міндетті археологиялық сараптама жүргізу нормалары енгізілді. Сондай-ақ тарихи ескерткіштер аумағында металл іздегіштерді қолдануға толық тыйым салынды.
Табылған жәдігерлерді сақтау мен есепке алу тәртібі де нақтыланды. Музейлік құндылықтар музейлерге тапсырылса, жаппай археологиялық материалдар үшін Ұлттық депозитарий құрылады. Жеке коллекциялар да Мемлекеттік музей қорының есебіне алынады.

Археология саласын цифрландыру мақсатында Бірыңғай ақпараттық жүйе енгізіліп, барлық деректер бір платформада жинақталады. Сонымен қатар ескерткіштерді өз бетінше «абаттаудан» қорғауға бағытталған нақты тетіктер қарастырылған.
Депутаттың сөзіне сүйенсек, маңызды жаңашылдықтардың бірі – Ұлттық археологиялық қызметтің құрылуы. Бұл орган қазба жұмыстарын бақылап, ғылыми сараптама жүргізеді. Жаңа заң тарихи-мәдени мұраны қорғауға бағытталған тұтас әрі жүйелі құқықтық негіз қалыптастырып, археология саласындағы тәртіп пен жауапкершілікті күшейтеді.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



