Руханият

Тарихи дерек – елге керек

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары есімі ел аузында жүрген поляк әншісі Анна Германның туған ағасы Теміртауда тұрыпты. Артур Герман Теміртау шаһарындағы №1 мектепте неміс тілінен сабақ берген. Бұл туралы Теміртау тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері жаңа онлайн-жобасында кеңінен мәлімет берді.

Бірнеше жылдан бері Теміртау тарихи-өлкетану мұражайында «Белгісіз Теміртау» жобасы жұмыс істеп келеді. Онда қала тарихындағы әр кезеңде орын алған түрлі оқиғалар қамтылады. Күн сайын мұрағаттармен және экспонаттармен жұмыс істей отырып, мұражай қызметкерлері қызықты фактілерді кездестіреді һәм оны қала тұрғындарымен бөліскісі келеді. Осылайша, «Теміртаулықтардың өмірінен шағын әңгімелер» атты жаңа онлайн-жоба дүниеге келді.

Жоба жетекшісі, мұражайдың аға ғылыми қызметкері Татьяна Хмелеваның айтуынша, ештеңе өздігінен болмайды және шағын әңгімелер мозаика сияқты, оның бөліктерінен жаһандық тарих қалыптасады.

– Бұл жоба көлемді экспонаттарға негізделмеген. Қызықты әңгімелер бар, алайда олар үшін үлкен көрме ұйымдастыра алмасақ та мәлімет бергіміз келеді. Бүгінде әлеуметтік желілерде осы немесе басқа оқиғаны қысқаша баяндауға мүмкіндік бар. Қазір адамдар да ақпаратты жылдам әрі қысқа алғысы келеді. Сондықтан, біз мұражай ақпаратын ұсынудың ерекше әдісін қолданатын жобаны іске қосуға бел будық, – дейді Татьяна Хмелева.

Жаңа жоба танымал эстрада әншісі Анна Германның ағасы неміс тілі пәні мұғалімі Артур Герман туралы әңгімемен ашылды. Ол 19 жасында жазықсыз жаланың кесірінен қамауға алынып, Архангельск және Қарлаг лагерлерінде жазасын өтеген. 1946 жылы босап шығып, Теміртаудағы жұмысшылар кентінде тұрыпты. №1 мектепте неміс тілінен сабақ берген. Мұражай қорында сол кездегі бірнеше фотосурет бар.

Келесі сюжет 1934 жылы Кеңестік мемлекет және саяси қайраткері Сергей Кировтың Самарқанд кентіне сапары туралы баяндайды. Бұл сапар Теміртаудағы алғашқы қалалық саябақтың пайда болуымен тікелей байланысты.

Аталған жоба алдағы уақытта жыл бойы аптасына бір рет қазақ және орыс тілдерінде шығарылады.

Теміртаулықтардың өмірінен алынған тарихи деректерімен ВК әлеуметтік желісінде – Теміртау мұражайы, facebook-те – Теміртау тарихи-өлкетану мұражайы және Instagram-да – @temirtau.muzey парақшасы арқылы танысуға мүмкіндік бар.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button