Тарих толқынындағы тоқсан жыл
Биыл Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының «ТРАМ» жұмысшы жастар театры ретінде ашылғанына – 90 жыл. Бір ғасырға жуық арқа жұртына алуан тақырыпта қойылым қойып, көрерменнің эстетикалық талғамын қалыптастырған, сахнада өнер көрсетсем деген актерлердің бірнеше буынын есейткен қарашаңыраққа халық «Арқаның Ақсарайы» деген атақ берген. Арқа Ақсарайының атаулы күнінде «Тарих толқынындағы тоқсан жыл» атты мерекелік қойылым қойылып, салтанатты жиын өтті. Оған Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Айдын Қапашев, облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов бастаған зиялы қауым өкілдері, республиканың түпкір-түпкірінен сахна өнерінің саңлақтары арнайы келіп қатысты.
Алдымен, көпшілік іргелі өнер ордасының кешегісі мен бүгінінен хабар беретін көрмені тамашалады. Онда көптеген тарихи фотосуреттер мен маңызды құжаттар, басқа да құнды жәдігерлер қойылған.
Алыс-жақыннан келген қонақтармен баспасөз мәслихаты театрдың кіші залында өтті. Жиында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кеңес Жұмабеков, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Еркін Жуасбек, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрының бас режиссері Әлімбек Оразбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбай, Сәкен театрының басшысы Құрман Қалымов және басқа да қонақтар қатысып, өнер ошағының тарихы һәм болашағы туралы пікірін ортаға салды.
– Театр көп қиындықты өткерді, бар-жоғы тоғыз актер ғана қалған аумалы-төкпелі заманда да ел болып, өнер ошағын сақтап қалдық. Сол кезде Тәттімбет өнер колледжінен ашылған театр мамандарын дайындайтын факультет әлі жұмыс істеп тұр. Кеңес Жұмабеков, Қайрат Кемалов сынды бірегей таланттар бастаған театр ұжымы директор Құрман Қалымовтың жетекшілігімен тың бастамаларды жүзеге асыруда. Айдын Абзалбекұлының режиссерлік қабілетін де айта кеткен жөн. Жастар өзгеше ойлай алатынын дәлелдеп, театрдың биік деңгейін сақтап тұр, – деді Рымбала Кенжебалақызы.
Еліміздегі театрлардың көшбасында тұрған мәдениет ордасының тарихы 1932 жылдан бастау алады. Содан бері өндірісті өлкенің мәдениет айдынында алғаусыз жұмыс істеп, ұлт рухын көтеру жолында аянбай еңбек етіп келеді. Ұзақ жылдар бойғы ерен еңбектің нәтижесінде Сәкен театры Арқа топырағындағы жұртшылықтың бірегей рухани ордасына айналды. Театрда жылдар бойы еңбек етіп, есімі ел жадында сақталып қалған тегеурінді аға буын өкілдері бар. Атап айтсақ, атақты Асқар Тоқпанов, ҚР халық артисі Жәмила Шашкина, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мүлік Сүртібаев, Қазақ КСР халық артисі Рахия Қойшыбаева, Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі Әйзен Мұсабекова және басқа да сахна саңлақтарын ел біледі.
– Театрда 15 жылдай қызмет еттім. Өзім де шыңдалдым. Оның бәрі жұртқа мәлім ғой. Өнер ордасын осындағы ұжыммен бірігіп, өрге сүйредік. Бір дүниеге тоқталайын. Шерхан Мұртазаның «Домалақ Ана» туындысын сахналадық. Рымбала Кенжебалақызымен ақылдасып, авторды шақырдық. Үш-төрт көлікпен сау етіп, қойылымға бір-ақ келді. Спектакль біткен соң, сахнаға шығып сөз сөйледі. «Мен бытпырақтап, көп нәрсе жазған екем, соның ішіндегі ең сүбелісін, қаймағын алып, халыққа ұсынған мына Әлімбек бауырыма ризамын. Рахмет қарағым» деді. Кейін бұл драма бірнеше жүлде алды. Театр – қай кезде де театр. Сәкен театры еліміздегі маңдайалды театрлар қатарында тұр, – деп атап өтті Әлімбек Тоқтарұлы.
Байырғы өнер ордасының тарихы Ескі қалада бірінші линиядағы барақ үйден бастау алып, содан бері ғасырға жуық уақыт қазыналы Қарағандымен бірге өсіп, бірге дамып, бірге жасап, бір тағдырды бастан кешіп келеді.
1936 жылы құрылғанына небәрі төрт жыл болса да, Қарағанды театрының бірнеше артисі Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне қатысады. Соғыс жылдары театр артистерінің бір тобы сұранып майданға аттанса, қалғандары соғысқа көмек ретінде қаржы жинап жөнелткен. 1940 жылдары театр сахнасында патриоттық тақырыптағы отандық және шетелдік классикалық шығармалар көптеп қойыла бастады. 1960 жылдардың басында театр алғаш рет Алматыға гастрольдік сапармен барып, табыспен оралады. 1990 жылдардағы тоқырау мен қайта өрлеуді бастан кешіріп, бүгінге жетті.
– Жақында М.Әуезов театрында Орта Азия елдерінің театр фестивалі өтті. Оған шет елден – 8, Қазақстаннан 5 спектакль қатысты. Сарапшылар сырт елдерден шақырылды. Ресейлік сыншы Ирина Дмитревская: «Қазіргі таңда Орта Азияда қазақ елінің театрлары қадымдап алға шықты. Қазақ театры – Орта Азия аймағындағы авангард театр. Қай жанр, қандай тақырып болса да, ескіше немесе жаңаша сахналаса да, барлығында қазақ театр өнері нағыз кәсіби деңгейде екенін дәлелдеуде» деген баға берді. Бұл жетістікке бір күнде жеткен жоқпыз. Осы жетістіктің бел ортасында Сәкен театрының бар екенін қуана айтқым келеді. Әріге бармай-ақ, тәуелсіздік алғалы бері осы театрдың тамаша қойылымдары шет елдерде қазақтың сахна өнерін әлемге паш етті. Ауқымды фестивальдерде бас жүлде алды. Жас жағынан екінші тұрған Сәкен театры іргесін берік әрі кәсіби деңгейде ұстап келе жатқан өнер ордасы деп мақтанышпен айтамыз. Театрдың мерейтойы құтты болсын, – деді Еркін Тілеуқұлұлы.
Баспасөз конференциясынан соң театрдың 90 жылдық тарихын қамтитын кітап-альбомның тұсауы кесілді.
Мерейтойлық кеште тарих толқынындағы 90 жылдың айтулы кезеңдеріне шолу жасалды. Қойылымдағы «Театрдың пайда болуы», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы театр», «Тың игеру жылдарындағы театр», «Тәуелсіз Қазақстан жылдарындағы театр», «Театр тарихында өткен артистерді еске алу», «Жастарға аманат» сынды бөлімдер өнер ордасының әр кезеңінен сыр шертеді. Алыс-жақыннан келген қонақтардың, сахна саңлақтарының естеліктері, өнер шеберлерінің ән-күй, жыр тартулары мерекелік шараның сән-салтанатын арттыра түсті. Кешегі өткен дала дарындарын еске алдық, бейнежазба тамашалап, тарихқа сапар шектік. Ардагерлерді ардақтап, орта буын мен бүгінгі театр жастарының тыныс-тіршілігімен таныстық. Сәкен Сейфуллин есімінің берілуі, Халықтар достығы орденімен марапатталуы, Академиялық статусқа қол жеткізуі сынды тарихи кезеңдер рет-ретімен қамтылды.
Кештің салтанатты марапаттау бөлігінде Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Айдын Қапашев сөз сөйлеп, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың құттықтау хатын тапсырды. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов театрды мерейлі тойымен құттықтап, облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің хатын оқыды, облыс бюджетінен 50 орындық су жаңа автобустың кілтін табыстады. Театрдың тарихына кеңінен тоқталып, жеткен жетістіктерін тілге тиек етті.
– Арқадағы театр өнерінің қарашаңырағы әлеуетінің мықты екенін дәлелдеп келеді. Тарихы тереңде жатқан театрда даңқты драматургтердің шығармалары сахналанып, елдің рухани баюына қалтқысыз қызмет етуде. Игі дәстүр, ұрпақ сабақтастығы жалғасын тауып келе жатқанын айрықша атап айтамыз. «Тазарғың келсе, театрға бар» демекші, елдің жанын тазартып, көрерменді рухани байытатын ұлттық театр өнерінің қарашаңырағы Сәкен театры 90 жылдық мерейтойына шығармашылық шабыты шалқыған, кемелденген кейпінде келіп отыр. Алдағы уақытта да көрермендерін өрелі өнерімен қуанта беретініне сенеміз, – деді Ербол Әліқұлов.
Осынау мерейлі сәтте Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасы – Мейірман Абдрахманов, Мақпал Сопақова, Айдос Нұрмағамбетов, Қуаныш Жағыпаров, Ахай Жұмамұратов, Бауыржан Нұрмағанбетов, Бакыжан Ибраевқа, Маржан Ахметоваға, Гүлназия Дүйсембековаға, Амангелді Мұқашевқа, Досан Молдабаевқа, Зәуре Оразбековаға, Сұлтан Серікұлына бұйырды. Ал, Мәдениет саласының үздігі төсбелгісімен – Разия Қожанова, Дина Заитова, Динара Айғазинова, Ануар Маржан марапатталса, облыс әкімінің Құрмет грамотасына – Кеңес Жұмабеков, Қайрат Кемалов, Гүлсара Рашқалиева, Алма Бекболатова, Мадияр Койшығарин ие болды.
Сәкен театрында жылына 250 спектакль, 6 премьера қойылады. Қазір өнер ордасында 50 артист, сахналық киімдер тігетін 6 тігінші шебер жұмыс істейді. Ең жасы үлкен актер Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ерғали Жүніспеков болса, ең жас актриса Әнелі Сағындықова, ең жас актер Жандос Шәкен.
Жәлел ШАЛҚАР.