Тарих пен уақыт жаршысы
Елімізде екі жылдан бері Ұлттық басылым күні белгіленіп, ұлт баспасөзінің беделін көтеруге бетбұрыс жасалды. Мереке күніне «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрген (1913 жылғы 2 ақпан) күннің таңдалуында да тарихи мән жатыр. Айтулы мереке қарсаңында өзімнің сүйікті басылымым «Орталық Қазақстан» газетінің ұжымын құттықтап, мерзімді баспасөз туралы ойыммен бөліскенді жөн көрдім.
Мен мұғалімдер отбасында өскендіктен, газетті бала кезімнен оқимын. 1975 жылы отбасын құрғаннан кейін «Eqemen Qazaqstan», «Ortalyq Qazaqstan» және «Qarqaraly» аудандық газетін үйіме алдыратын болдым. Содан бері 50 жылдан астам уақыт өтті. Газеттің тұрақты оқырманымын. Сонау жылдары ақпараттың бәрін газеттен оқып, радиодан тыңдайтынбыз. Теледидардың өзі Қарқаралыға 80-ші жылдары ғана келді. Компьютер мен интернет тоқсаныншы жылдардан бастап келе бастады. Сол уақытта газеттерден көптеген игі шараларды, көтерілген мәселелерді, ғылыми-танымдық дүниелер мен қайраткерлердің еңбектері жайында оқып, тамсанып отыратынбыз. Одан бөлек, алуан түрлі сұхбаттар мен еңбек адамдары жайында жазылған дүниелер газет бетінен түспейтін. Әр санын үзбей оқып, керек дүниелерімді түртіп қоямын.
Өзімнің де 30 шақты мақалам осы газет бетінде жарияланды. Газет ұжымымен үнемі шығармашылық байланыстамын. «Қазіргі уақытта газет-журналды біреу оқи ма?» деген алып-қашпа сөздер көп. Мен мынандай бір мысал келтірейін.
Қарқаралы ауданында 10 жыл әкім болған Ниханбай Омарханов жұмысын газеттерге шолу жасаумен бастайтын. Сонда «Әр мекемеге қажет болады» деген мақалалардың астын сызып, мекеме басшысына жолдаушы еді. Артынша мекеме басшысының да пікірін алып отырды. Керісінше, қазір мені «Газет оқитын әкім бар ма?» деген сауал мазалайды.
Әкем – 40 жыл ұстаз болған кісі. Ұлы Отан соғысының ардагері әрі «Ерлігі үшін» және тағы да басқа марапаттардың иегері. Ақтерек ауылындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептен ұрпақтары бірігіп арнайы кабинет ашып берген болатын. Сол жайында «Қарқаралыда қадірлі ұстаз ұлықталды» деген тақырыппен мақала газет бетіне басылды. Сол мақала шыққаннан кейін облыстық білім басқармасынан бастап басқа да құзырлы органдар «Аға, осындай игі іс атқарып жатыр екенсіз» деп хабарласпағанына қарағанда, көңілге «Бұлар газет оқымай ма?» деген күдік ұялайды.
Қазір бәрі электронды нұсқаға көшті ғой. Газетіңізді интернеттен-ақ оқып аласыз. Бірақ, мен Қарағандыға көшіп келсем де, газетті үйге алдырып оқимын. Себебі, біз газетпен өстік. Ал, газет – тәрбие құралы. Ұлт пен уақыттың жаршысы.
Тілек САДУАҚАСОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қарқаралы ауданының құрметті азаматы