Жаңалықтар

Тарих алдындағы таңдау

Конституция – мемлекет айнасы, халықтың ар-ұяты. Бүгін Егемен Қазақстан тағдыр таразысының алдында тұр. Біз халыққа етене жақын жаңа Ата Заңды таңдай аламыз ба? Соңғы онжылдықтағы ең ауқымды саяси-құқықтық реформа – жаңа Конституция жобасын өркениетті өмірдің өз қисынымен қайта жазуға ниеттіміз. Ұлттық сананың, мемлекеттік жауапкершіліктің және азаматтық сенімнің соны өлшеміне жұмыр жүрегімізді құндақтамақпыз.

Сурет автордың жеке мұрағатынан

«Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап, Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып, табиғатты аялау қажеттігін мойындап, бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып, келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз», – деп жазылды Ата Заң жобасының преамбуласында.

Соңғы кезде біртұтас Қазақстан халқы, азаматтық қоғам өкілдері, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасын қызу талқылап келеді. Салиқалы сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің пікір-пайымынша, тарихи құнды құжат – бұрнағы заңдық нормаларды жөнекей жаңартумен шектелмеген, егемен елдің құқықтық негізін жаңғыртуға арналған түбегейлі тағдыршешті қадам.

Әлбетте, Қарағанды облысы бойынша «Ауыл» партиясы филиалы саяси кеңесінің төрағасы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор әрі Қарағанды облыстық мәслихатының өнеркәсіпті, шағын және орта бизнесті, аграрлық және жер мәселелерін дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы бола тұрып, алдымен рспубликаның адал азаматы ретінде арнаулы кеңес жиынында жаңа Конституция мазмұны қазіргі уақыт талабына сайма-сай екендігін, әрі мемлекет өмірінде жүзеге асырылып жатқан негізгі реформалардың рухын айқын айшықтайтынын баса белгіледім.

Өнегелі өткенімізден сабақ ала отырып, кемел келешегімізге көңіл көзін тіктегенімізде конституциялық нормалардың эволюция­сы жаңа Қазақстан үшін ауадай қажет екендігін бәріміз бек сезінеміз! Өткен ғасырда қабылданған Ата Заңымыз ел экономикасы мен саяси бағыт-бағдары терең трансформация кезеңінен өтіп жатқан ерен-ғайып тұста өте маңызды рөл атқарғандығына тарих куә. Құжат сол уақыттың сын-қатерлеріне жауап беріп, нарықтық экономикаға көшуге құқықтық негіз қалады. Алайда, дәп қазіргі даму кезеңі мүлдем жаңа бетбұрыс пен тың тәсілдерді талап етеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» секілді әрі саяси, әрі әлеуметтік, экономикалық реформаларға қатысты бағдарлы бастамалары жаңа Конституция мәтінінде толықтай көрініс тапты.

Қайталап айтамын, бұл әсте «косметикалық» түзетулер легі емес, ауқымды жаңарту: өзекті өзгерістердің 84 пайызы, яғни, 77 бап жаңа редакцияда ұсынылды. Сөзіме сеніңіз, қымбатты оқырман. Жалпылық пен жазатайым жайттарын 41 күн бұрын сана көзіне іліктіретін жауырыншыдай толған-толысқан тәжірибеме де, қолқа жүрегімдегі дауысқа сүйенгенімде де шын мәнінде, тап XXI ғасырдың шындығына бейімделген мүлде жаңа құжат қабылданғалы тұрғанын бүкпесіз білдіремін.

Құны өтелмес құнтты құжаттың басты басымдықтарының бірі – адами капиталға ерекше мән берілуі дер едік. Конституция жобасында сапалы білім беру, ғылым және инновацияны дамыту мемлекеттік саясаттың стратегия­лық бағаналы бағыттары ретінде бекітілген. Жаппай цифрландыру мен жеті жаһан бәсекеге бәс тіккен даңғайыр дәуірде осындай өлшеулі пәрмен Қазақстанымыздың әлемдік қауымдастықтағы орнын нығайтуға, солайша ғалам жанарына тік қарарлық қабілет-қасиетті дарытады. Білім, ғылым мен теңдессіз технологияға салынған инвестиция екпінді экономиканың қарымын арттырып қана қоймай, әр азаматымыздың өзін-өзі жан-жақты дамытып, әлеуметтік ұтқырлықты күшейтіп, теңсіздікті мейлінше кемітуге игі ықпал етеді.

Өзін-өзі басқаруды нығайтудың аужайына назар бұрсақ, жаңа Конституцияда жергілікті мемлекеттік басқаруға арналған 9-бөлімге айрықша көңіл бөлінді. Құрылтай институтына көшумен бірге әкімшілік реформалар аясында атаулы бөлімнің көптеген нормалары қайта қарастырылып, нақтыланды. Нақтыланды да өңірлер дербестігін кешеуілдетпей аршындатып арттыруға септеседі. Ал, жергілікті қауымдастықтар өздігінен шешім қабылдау үдерісіне белсендірек қатыса алады. Мұндағы ұтыс айқын: билікті орталықсыздандыру бей-берекет бюрократияны тұсайды. Шенеу­ніктердің жауапкершілігін күшейтеді әрі өңірлік дамуға серпін береді. Өнеркәсіптік және аграрлық әлеуеті зор Қарағанды облысы үшін атаулы нақышты нормалар шағын бизнесті дамыту мен жер қатынастары сияқты мәнді мәселелерге бәйтеректің шорлы діңіндей дәт берері айқын.

Баршамызға белгілі, Халық Кеңесі, Құрылтай және Вице-Президент лауазымы сияқты жаңа игілікті институттар заңнамалық тұрғыда бекітіліп, нақты регламенттелген. Жаңашылдық атаулысы халық билігінің теңгерімді тетіктерін тегуірінді етіп, саяси жүйені барынша ашық етеді. Мәселен, Халық Кеңесі билік пен қым-қуыт қоғам арасындағы ашықтық алғышартын алға тартарлық диалог алаңына айналса, Құрылтай бұқара бұйымтайын елеп-ескерудің пәрменді мінбері болмақ. Вице-Президент лауазымы ресми биліктің бекемдігін белгілейді.

Саяси тұрақтылық пен әлеуметтік-экономикалық басымдық тұрғысынан байыптай отырсақ, жаңа Ата Заң климаттық өзгерістер мен технологиялық серпілістер секілді жаһандық сын-қатерлер жағдайында Тәуелсіз Қазақстанға ұлттық мүддені сақтай отырып, икемді түрде бейімделуге бастайды. Әділетті қоғам құруға жол ашады.

Қоғамда жаңа Конституция жобасына қатысты қызу талқының көрініс беруі табалдырық тұстағы таңдаумыздың өзектілігін дәлелдесе керек. «Қазан қайнамаса, қақпақ дірілдемейді». Жоталы жоба жоғарыдан таңыла салған ретсіз реформа болмас, қазақ дейтін қаймана халықтың нақты сұранысына берілген уақытылы жауап. Жаңа Конституция – өркендеген Қазақстанның тамыр тұнығы. Құжаттың парасат деңгейінде қабылдануы дәстүр мен инновация, тұрақтылық пен даму арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, зеңгір көкжиекке жол ашады.

Ата Заң – елдің тамыр соғысы. Егер ол уақытпен үндеспесе, мемлекет те әлсірейді. Мейманасы тасыған мемлекетіміз дәл қазір тарихи өткелдің үстінде тұр. Тарих төре кейде қақпақыл сұрау тастамастан, үнсіз ғана таңдау ұсынады. Ұлы Даланың жадынан, азаттық үшін төгілген тер мен көз жасынан, бүгінгі азаматтың үлбір үмітінен туған тағдыр кітабын ашқалы тұрмыз. Әділетті Қазақстанға апарар жолдың алғашқы қадамы осы үр жаңа Ата Заңымыздан бастау алады. Уақыт бізді күтпейді. Келешек кешірімді бола бермейді. Билік өзгеруі мүмкін. Заңдар толықтырылуы кәдік. Ал, халық шынайы еркімен қабылданған Әділетті Ата Заң ғана уақыттың сынынан өтеді.

Сөз ұшар, жазу қалар! Кереқарыс маңдаймызға жазыла жатқан Аяулы Азаттағымыздың киелі кітабындай болар жаңа Ата Заңымызды ардақты, мархаббат қалпымызбен қабыл алмаққа үндеймін!

Серғазы ӘДЕКЕНОВ,
химия ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР ҰҒА академигі, облыстық мәслихат депутаты

Басқа материалдар

Back to top button