Тарихқа айналған жылдар
Аймақта білім мен ғылымның дамуы өңірдің өрлеуіне әсер еткен басты фактор болғаны даусыз. Осыдан 75 жыл бұрын қазіргі Қарағанды медицина университеті алғашқы студенттерін қабылдаған еді. Содан бері ширек ғасырдан астам уақыт бойы оқу орны өзінің басты миссиясы – білікті маман даярлаумен айналысып келеді. Қарағанды медицина университетінің тарихы ел тарихымен тығыз байланысты. Бұл – денсаулық сақтау саласы мамандарын даярлайтын жетекші университетке айналу жолы. Бүгінде бірегей білім ордасы әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті ретінде сара жолды жалғап келеді.
Университеттің құрылып, қалыптасуы мен дамуы туралы сөз қозғағанда тіл ұшына әуелі Петр Поспелов оралады. Дәл осы Петр Моисеевичтің бастамасымен облыстың денсаулық сақтау бөлімі 1947 жылы КСРО Денсаулық сақтау министрлігіне Қарағандыда медициналық институт ашу туралы ұсыныс білдіреді. Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы институт ашу мүмкіндіктерін қарастырып, оң қорытынды береді.
1949 жылы 5 желтоқсанда КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының «РСФСР Министрлер Кеңесі мен КСРО Денсаулық сақтау министрлігін таратылған Қазан стоматологиялық институтынан профессорларды, оқытушылар мен бірінші курсты бітірген студенттерді белгіленген тәртіппен Қарағанды медициналық институтына ауыстыруға міндеттеу» туралы бұйрығы шығарылды. 1949 жылдың соңында институттың ашылу мәселелері бойынша Қарағандыға Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі С.Чесноков және КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің оқу орындары Бас басқармасы бастығының орынбасары профессор П.Косяков келді. Аймақта жоғары оқу орнын құру бойынша дайындық жұмыстары басталады.
1950 жылы 20 қаңтарда Қазақ КСР Министрлер кеңесінің қаулысына сәйкес Қарағандыда 1950 жылдың 1 қыркүйегінде медициналық институт ашылатын болды. Алғашқы 1950-1951 оқу жылында білім алушылар қатары 100 адам болып бекітілді. Ал, 1950 жылы 21 сәуірде Петр Поспелов КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің №418-л бұйрығымен Қарағанды медициналық институтының директоры болып тағайындалды. 1961 жылдың 31 мамырынан бастап КСРО-ның жоғары оқу орындары туралы ережеге сәйкес институт директоры мен оның орынбасарлары ректор және проректорлар деп атала бастады.
Петр Моисеевич оқу орнын ширек ғасырға жуық басқарды, дәлірек айтсақ 24 жыл 9 ай 10 күн. Осы жылдар оқу орнының қазіргі шыққан биігі мен жеткен жетістіктерінің бастауына айналды.
Университеттің алғашқы түлектерінің алғашқы ректор Петр Поспеловке шынайы алғысы мен ыстық ықыласы ерекше еді. Оны барлығы «біздің батя» деп жақсы көрді. Ол себебі, медицина университетінің негізін қалаушы ғана емес, мыңдаған түлектің рухани тәлімгері, өмір мектебінің нағыз мұғалімі болды. Петр Поспелов Кубань медициналық институтын бітіргеннен кейін Краснодар өлкесінде дәрігер-терапевт болып жұмыс істеді. Қарағандыға 1933 жылы келіп, қатардағы дәрігер болып еңбек етті. Оның ұйымдастырушылық қабілеті бірден байқалды. Көп ұзамай ол аурухананы басқарды. Алты жылдан кейін Қарағанды облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Петр Поспелов Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында Қарағандыда майданнан оралған жаралыларды қабылдайтын ауруханалар ашты. Кәсіби медициналық кадрлардың жетіспеушілігіне және жалпы қиын материалдық-техникалық жағдайға қарамастан, Петр Моисеевич медициналық мекемелердің жұмысын нақты ұйымдастыра алды. Қарағандыда медицина институтын ашу идеясы сол кездерде пайда болған болар. Себебі сұңғыла жан әр істің мәні мен байыбын терең түсінетін. Сондықтан, маман даярлау ісін бірінші кезекке қойды. Білікті маман даярлау үшін сондай кадр болуы шарт. Алайда, Петр Моисеевич бұл жағынан қиналған жоқ. Оның адамды баурай білетін ерекше қасиетінің арқасында жаңадан ашылған институтқа мүйізі қарағайдай профессорлар мен белгілі ғалымдар келді. Арнайы Казан қаласына барып, сондағы стоматологиялық институттың оқытушыларымен кездеседі. Нәтижесінде профессор А.Лаббок, биология ғылымдарының кандидаты А.Зорина, тарих ғылымдарының кандидаты М.Лоньшакова, медицина ғылымдарының кандидаты О.Мукосеева, аға оқытушылар Б.Мокеев, И.Шевелов және басқалары келді. Сондай-ақ, А.Свядощ, Е.Цукерштейн, А.Штейнберг, З.Слободин сынды ғалымдардың кілтін таба білді. Олардың барлығы елуінші жылдары Қарағандыға келіп, медицина институтының қалыптасуына атсалысты.
Институттың алтын дәуірі осы кісілердің есімдерімен тығыз байланысты деп санайды белгілі дәрігер Мейрам Тұрғынов.
– Петр Моисеевич – бас иіп, шексіз құрметтеуге тұратын жан. Ол сол жылдары Ресейден келген оқытушылар үшін басты кедергі – тіл білмеу екенін жиі айтып отыратын. Мен оның: «Егер жерінде тұрып жатқан халықты құрметтесең, тілін білуің керек» деген сөзін жадыма тоқып қалдым. Ол қазақ тілін меңгеріп, қазақ студенттерімен емін-еркін сөйлесетін, – дейді Мейрам Байзрахманұлы.
Мейрам Байзрахманұлының 61 жылы осы Қарағанды медицина университетімен тығыз байланысты. Әуелі студент болды, кейін ассистент, доцент атанды. 1955 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтына студент болып түскен ол бүгінде медицина саласының ардагері. 1961 жылы оқуын аяқтаған бетте Мәскеуде аспирантурада оқиды, келген соң бір жыл Алматыда жұмыс істейді. 1965 жылдан 2020 жылға дейін табан аудармай осы оқу орнында еңбек етті. Аlma mater өмірінің өзегіне айналып кеткелі қашан?!
– Менің азамат және маман ретінде қалыптасуыма Петр Поспелов пен Сәкен Нығманов зор еңбек сіңірді. Мәдениет Сәрсембаев, Әбдірахман Аушев, Латиф Нанчикеев, Тельман Сейсембеков, Совет Асакаев, Төңкеріс Тәтіков, Ғабдолла Құлқыбаев тәрізді азаматтармен табыстырған тағдырыма дән ризамын. Жарты ғасырдан аса уақыттан бері Қани Мұсылманбековпен және Қайыржан Абисатовпен қоян-қолтық бірге еңбек еттім. Тек жұмыс барысында ғана емес, отбасымызбен жақын туысқандардай араласып кеттік, – деп ағынан ақтарылды хирург Мейрам Тұрғынов.
Десе де, Мейрам Тұрғынов өмірдің бұралаң соқпақ жолының басында медицинадан басқа салаға түспекші болыпты. Әуелде Мейрам Байзрахманұлының геолог болғысы келді. Кездейсоқтық па, білмедік, бірде ол Петр Поспеловтың ұлы досы Бориспен бірге мектеп бітірер алдында медицина жөнінде кіріспе лекция тыңдау үшін Қарағанды мемлекеттік медицина институтына барады. Білім ұясындағы мағыналы әңгіменің әсеріне елтіген бозбала Мейрам медицина мамандығына құлай беріледі. Құлай берілгені соншалық саналы ғұмырын осы саламен байланыстырады.
– Мен институт пен аспирантурадан бастап, тамаша білім мектебінен өттім. Тәжірибелі ұстаздардан тәлім алдым. Ол заманның білім беру жүйесі, тәжірибеден өткізу мектебі өте жоғары еді ғой! Соның нәтижесінде білікті маман, білімді дәрігер болып шықтық, – деп еске алады ол бүгінде.
– Петр Моисеевичтің көрегенділігі ерекшелеп тұратын, – деп еске алады оқу орнының тағы бір түлегі, профессор Тельман Сейсембеков. – Ол болашақ үшін жұмыс істеді, бар білімі мен тәжірибесін аямады. Оның қолға алған барлық бастамалары оқу орнын одан әрі дамытып, жетілдіріп, білім беру ісін жүйелендіруге бағытталатын. Мәселен, «Медик» демалыс орны да оның еңбегінің жемісі. Петр Поспеловтың бастамасымен Қарқаралы демалыс аймағында студенттерге арналған санаторий-профилакторий ашылды.
Тағы бір ерекше атап айтарлық қасиеті оның қазақ жастарына деген қамқорлығы еді. Ол өзі де қазақша әжептәуір сөйлейтін. Сондықтан, қазақ жастарының жоғары медициналық білім алуына мүмкіндік жасады. Институт ашылған жылы барлық дәрігерлердің арасында сегіз ғана қазақ болса, 1973 жылы оқу бітірген 7 мыңнан астам түлектің үштен бірі қазақ жастары еді. Мұны біз ғана емес, тәлім алған, алдын көрген, әріптес болғандардың барлығы жақсы біледі.
Осы ретте Қарағанды көмір бассейніндегі өндірістік жарақаттану мен кәсіптік ауруларға қатысты мәселелер де медицина маманының назарында болғанын ерекше айту керек. Осы бағытта кандидаттық еңбегін жазып, доктор атағына ие болды. Бұл өндірістік өңір үшін өте маңызды экономикалық әрі әлеуметтік тақырып екені рас. Оның үстіне бұл оқу орнындағы ғылыми жұмыстарды дамыту ісіне бастау салды. Одан кейін медицина ғылымдарының кандидаттары мен докторларының легі қалыптаса бастады.
Тельман Зейноллаұлы – білім ордасының 1964 жылғы түлегі. Оқуын аяқтаған бетте институттың терапия кафедрасының стажері болды. Институт қабырғасында еңбек етіп жүріп, кейін ассистент, доцент атағын алды. 1976-1984 жылы ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры. 1984-1998 жылдары №2 ішкі ауруларға кіріспе кафедрасының меңгерушісі болды. 1998 жылы Астанада ашылған Қазақ ғылыми-зерттеу институтының филиалына басшы болып тағайындалып, елордаға ауысты.
Тельман Зейнолллаұлы Петр Моисеевичке арнап, 2010 жылы кітап жазды. Онда халыққа ардақты ұстазының өмірін, қоғамдық қызметін, атқарған ілкімді істерін барынша жеткізуге тырысты. Оның жоғары ұйымдастырушылық қабілеті, адами болмысы, кәсібіне адалдығы мен шеберлігі көпке үлгі екені рас. Петр Моисеевичтен тәлім алған студенттері аты әйгілі ғалымдар, білікті дәрігерлер, мықты ұйымдастырушылар болып еліміздің түпкір-түпкірінде еңбек етіп, ұстазының сара жолын жалғастырып жүр.
Әрине, уақыт озады, заман алмасады. Петр Моисеевич құрған институт заманмен бірге түрленеді. Алайда, өзінің әу бастағы мақсатынан таймайды. Жаңа ғасыр тоғысында оқу орнында шетелдік студенттер үшін ағылшын тілі бөлімі ашылды. Фармацевтика факультеті, шығыс медицинасы факультеті және медицина колледжі пайда болды. Осы уақытта республикадағы алғашқы университеттік оқу-клиникалық зертхана жұмыс істей бастады. 2005 жылы университет ТМД елдерінде бірінші болып NQA-UK, NQA-Russia уәкілетті органының сапа менеджменті жүйесін сертификаттаудан өтті. 2009 жылы «Қарағанды мемлекеттік медицина академиясы» «Қарағанды мемлекеттік медицина университеті» болып өзгертілді. Одан бері де бірқатар білім беру бағдарламалары бойынша білім беру қызметін жүргізу құқығын алды. 2016 жылы ортопедия саласындағы өнертабысқа Еуразиялық патенттік ведомствоның бірінші еуразиялық патенті алынды. ҚММУ Ғылыми-зерттеу орталығының Ғылыми-зерттеу санитарлық-гигиеналық зертханасы ҚР СТ ISO/IEC17025-2007 талаптарына сәйкестігіне аккредиттелген.
Өткен жылдары университет еуропалық үш грант жеңіп алды. «Еңбек және қоршаған ортаны қорғау саласындағы магистрлік бағдарламаларды үйлестіру және өзара тану», «Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінде магистратура және докторантура деңгейлерінде мейірбике ісін дамытуды жеделдету», «ХХІ ғасыр дәрігерінің дамуына жәрдемдесу: пациентке бағытталған қарым-қатынас дағдыларын үйрету» жобалары жүзеге асырылды.
Университеттің негізгі мақтанышы – оның түлектері. 33 мыңнан астам жоғары білікті дәрігер Қазақстанның барлық аймақтарында, жақын және алыс шет елде жемісті еңбек етуде.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттер университеттің баспасөз қызметінен