Жаңалықтар

Тариф әзірге өспейді

Жыл соңына дейін коммуналдық тарифтер өс­пейді. Кешенді саладағы жаңғырту жұмыстары мен инвестициялар тарту үдерісі жалғасады.

Сурет optimism.kz

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті өкілдерінің хабарлауынша, Үкіметтің жоспарларына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін халық үшін коммуналдық қызметтерге тарифтерді көтеру қарастырылмаған. Оңтайлы шешім халықтың әлеуметтік әл-ауқатын сақтау және инфляциялық қысымды шектеу мақсатында қабылданып отыр. inbusiness.kz ақпарат көзіне сүйенсек, тарифтердің уақытша тұрақтылығына қарамастан, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, инженерлік желілерді қайта жаңарту және салаға инвестициялар тарту бойынша жүйелі жұмыстар жалғасты бола түспек. Аталған кешенді шаралар тіршілікті қамтамасыз ету жүйе­лерінің үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етпек. Комитет тарабының алға тартқан мәліметінше, үйлестірілген тә­сіл бір мезгілде экономикалық тұрақтылықты сақтап, халықты инфляциядан қорғауға, әрі коммуналдық сектордағы ұзақ мерзімді тиімділікті арттыруға мүлтіксіз мүмкіндік береді.

Осылайша ресми билік әлеуметтік қорғау мен инфрақұрылымды дамыту арасындағы тепе-теңдікті ұстануда. Бағаны бақылау шаралары экономиканы тұрақтандыруға бағытталған мемлекеттік саясат шеңберінде жүзеге асырылады. Атап айтқанда, осы жылы жалпы инфляция деңгейін 10-11% шегінде ұстап тұру көзделіп отыр. Ал, тариф атаулысын уақытша тоқтату – әлеуметтік маңызы бар салаларда бағаның негізсіз өсуіне жол бермеудің маңызды тетігі. Атаулы шешім халықтың сатып алу қабілетін қолдауға және күнделікті өмір сапасын сақтауға тікелей игі ықпал етеді.

– Бұл ретте мемлекет коммуналдық саладағы инвестициялық белсенділікті қысқартпайды. 2025 жылға салымдардың жалпы көлемі шамамен 643 млрд теңгені құрайды. Қаражат бүкіл ел бойынша 8542 шақырым инженерлік желілерді жөндеуге жұмсалады. Сатып алу рәсімдері аяқталды, ал, құрылыс және жөндеу жұмыстары бекітілген маусымдық кесте бойынша жүргізіледі. Бұл тозу деңгейін төмендетуге, инфрақұрылымның сенімділігін және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ведомство өкілдері.

Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарды қолдау бағытында да нақты қадамдар қолға алынған. Елімізде коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыстарды өтеуді көздейтін Тұрғын үй көмегінің тетігі жұмыс істейді. Егер коммуналдық төлемдер отбасының табысының 5-10% аралығынан асып кетсе, онда осы айырмашылық жергілікті әкімдіктердің бюджеті есебінен өтеледі. Атаулы тұрғын үй көмегі үй шаруашылықтарының қаржылық жүктемесін азайтуға және коммуналдық қызметтерге қолжетімділікті сақтауға ықпал етеді.

Осылайша, тариф тұрақ­тылығын сақтау жөніндегі мемлекеттік бастама – тек уақытша әлеуметтік жеңілдік қана емес, сонымен қатар, экономикалық және инфрақұрылымдық реформалардың ұзақ мерзімді стратегиясымен сабақтасқан жүйелі шешім. Бір жағынан, кешенді шара азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін инфляциялық қысымды жеңілдетіп, халықтың сатып алу қабілетін сақтап қалуға оң ықпал етсе, екінші жағынан инженерлік желілерді жаңғыртуға бағытталған ауқымды инвестициялар арқылы коммуналдық сектордың болашақтағы тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы ретте тарифтік саясаттың болжамдылығы мен әлеуметтік қолдау құралдарының нақты жұмыс істеуі мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің нығаюына жол ашпақ.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button