Бас тақырыпБасты тақырып

Тариф қымбаттауының соңы қайда апарады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазір бұл ахуалды өзгертіп, инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Соның ішінде тарифтерді
ырықтандыру, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыру сияқты шаралар бар. Мұндай үлгі бойынша тарифтер өскен сайын халыққа сенімді әрі сапалы қызмет көрсетілуге тиіс» деген еді. Мемлекет басшысы Жолдауында көтерген маңызды мәселе бүгінде әрбір қазақстандыққа тікелей әсер етіп отыр. Жаңа тарифтік модельдер, шын мәнінде, инфрақұрылымды жаңарта ала ма? Дүрбі қамдап көрелік…

Баға емес, бағыт маңызды

Қоғамда тариф мәселесіне келгенде туындайтын басты сауал бар. «Қымбаттаудың соңы қайда апарады?» деген алаңдаушылық. Әсілі, тек баға жайлы емес, сенім мен сапа жайындағы сындарлы сауал рәуішті. Мемлекет басшысы Жолдауында атап өткеніндей, тариф өссе, қызмет сапасы да қатар артуы тиіс. Осы негізгі қисын сақталған жағдайда ғана халық пен билік арасындағы сенім бекиді. Ал, селкеусіз сенім – кез келген реформаның басты діңгегі. Ең алдымен айтпақ керек, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілдері елімізде тарифтік саясат пен коммуналдық инфрақұрылымға инвестициялар арасындағы теңгерім сақталатындығын мәлім етті. Бұл нені аңдатады? Демек, республика аясында инфляцияны 10-11% деңгейінде тежеуәрі жылдың соңына дейін халық үшін коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуіне жол бермеу жөніндегі шараларды іске асыружалғасын табады. Атаулы қадамдар бағаны әлеуметтік маңызды салаларда бірқалыпты ұстап тұруға, экономиканың тұрақтылығын сақтауға ықпал етеді.
Бүгінгі тарифтік саясат – өткен күннің қателіктерін түзетіп, болашақтың инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған жауапты іс. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің инвестиция мен тариф арасындағы тепе-теңдікті сақтау бастамасы саланы дамытудың экономикалық қана емес, әлеуметтік маңызы бар екенін айшықтаса керек. Сапалы жылу, үздіксіз жарық, таза су, шынтуайтында, әркімге ауадай қажетті қарапайым қажеттіліктер ғана емес, азаматтың лайықты өмір сүру құқығының ажырамас бөлігі. Сондықтан, санқырлы саладағы өміршең өзгеріс – әр үйдің табалдырығын аттайтын маңызды шешім. Күрделі кезеңде жүйелі ойластырылған тарифтік реформа жадағай есеп-қисап емес, елдің болашағы. Болашақта сенімді, тиімді, заманауи инфрақұрылымға бастар жол. Ендігі міндет айтылған сөздің іске айналуын бақылау, сапа мен әділеттілікті орнықты негізде талап ете білу. Мүдде ортақ.

Тұтынушы мен байланыс операторы

Кейінгі кезде қарағандылықтарды ұялы байланыс пен интернет тарифінің өсуі туралы хабарламалар легі ойландырады. Әсілі жаңалық емес. Жылма-жыл біз осы қызметтер үшін көбірек ақша береміз. Есесіне, байланыста, ғаламтор жылдамдығы да жақсара қоймағаны да шындық. Абонентке бағаны көтеруді жөнекей хабарлама арқылы таңу дұрыс па Тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамының басшысы және Қазақстан тұтынушыларының республикалық қауымдастығының басшысы Жасұлан Айтмағанбетовтің айтуынша, шын мәнінде, мұндай жағдайда абонент пен компания арасында жасалған шарт біржақты тәртіппен бұзылады. Әрі ол ұялы байланыс операторлары табиғи монополиялардың субъектілері болып табылмайтынын алға тартты. Негізінде тариф бағамын абоненттердің қатысуымен бақылауға болатындай сәтті ілгерілету қажет екенін айтты.

– Телефон тарифіне қатысты түйткіл бар! Интернет сапасы да аса қуанта қоймайды. Сондықтан, бізге пакеттерге енгізілетін қызметтер – СМС-қызметтер, әлеуметтік желілер арқылы шексіз интернет те бара-бара қажет болмай қалуы кәдік. Егер осы салада қандай да бір әділ бәсекелестік болса, тариф атаулысы барынша ашық болуы шарт еді. Ақиқатында тарифтік саясат, менің ойымша, тұтынушының құқықтарын қолдауы керек, – деп тұжырды ойын қоғам белсендісі Ольга Юрковская.

Спикердің сөзінше, оның қолындағы құжат-шартында компания тарифті негізсіз көтере алмайтындығы баса белгіленген. Ал,бағам көтерілсе, қызмет сапасында көтере түсу қажет.

– Мәселен, менде 20 гигабайт интернет болса да, оны пайдалана қоймаймын. Керісінше, оператор маған 27 гигабайт жүктеп қойып, тариф құнын 25%-ға бірақ аспандатады. Ашуым келеді! Бұл «Біз сізге жылу беруді тамыз айына дейін ұзартамыз да, үйіңіз ыстық болса, оған мән бермейміз» деген сынды көрінеді екен. Сонда тұтынушы құқығын қорғау қайда? – деп қайран қалады Ольга Юрковская.

Рас-ау, мұндай мәселеге қатысты көтерілген ойлар легі же- келеген тұтынушының назы мен назырқауы емес, тұтас қоғамның көкейіндегі күрмеулі түйіннің бір көрінісіндей. Байланыс пен интернет игілігі осы күні қарым-қатынас құралы, жұмыс, оқу, тұрмыс-тіршіліктің бөлінбес бөлшегіне айналғалы қашан. Сондықтан, әрбір сарп етілген теңге үшін лайықты қызмет алуға деген талап – әділеттілікке ұмтылудың да бір белгісі. Тарифтің жалпыға ашықтығы, қызмет сапасының тұрақты түрде жақсаруы компания беделінің кепілі, сонымен қатар, тұтынушы құқығын құрметтеудің де айшықты айғағы. Ендеше келер күні байланыс операторлары өз абоненттерін серіктес ретінде көріп, олардың пікірін ескеру арқылы ғана сенімге ие болмақ. Тұтынушы үнінің естілуі – өркениетті қоғамның өлшемі. Ал, әділдік пен ашықтық орнаған ортада ғана нағыз сапа мен сенім салтанат құратыны – аксиома.

Жаңғырту жолында

Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртудың Ұлттық жобасы шеңберіндемемлекет тарабы тариф атаулысының өсуін тежеу үшін қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялайды. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Табиғи монополияларды реттеу комитетініңтөрағасы Тимур Қосымбаев мәлімдеді, деп хабарлады Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығы.

– Тарифтердің өзгеруіне қатысты ұлттық жоба бойынша субсидиялау тетіктері көзделген, яғни,қарыз қаражаты тарифке, негізгі борышқа және сыйақы бойынша пайыздық мөлшерлемеге салынатын болады. Бірақ, тарифке қысымды мейлінше төмендету үшін республикалық бюджеттен берілетін субсидиялар сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін жабатын болады. Осылайша, біз тарифтің күрт өсуін теңестіреміз. Жалпы, келесі жылға арналған жоспарларға келсек, тарифтер 20- 30% шегінде өсуі мүмкін, – деп атап өтті ол.

 

– Ұлттық жобаны іске асыру үшін инвестициялар тартылады. Инвестиция көздері екінші деңгейдегі банктер арқылы тікелей кредиттеу тетіктерін айқындады. Халықаралық қаржы институттарымен келіссөздер жүргізілуде. Ол 2025-2029 жылдарға арналған энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртудың ұлттық жобасын іске асыру нәтижесінде ағымдағы жылы табиғи монополиялар субъектілерінің қандай объектілері қызыл аймақтан сары аймаққа шығатынын да түсіндірді.
– Пилоттық жобалар шеңберінде көзделген инвестициялардың нәтижесінде бұл электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау,сумен жабдықтау, су бұру салаларына қатысты, жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде алтысубъект қызыл аймақтан сарыға ауысады. Осылайша, олардың инфрақұрылымдық жағдайы жақсарады, – деп түсіндірді Тимур Қосымбаев.

Оларға «Қарағанды Жарық» ЖШС, Алматыда «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ, Өскемендегі «Өскемен Су Арнасы» МКК, Түркістан облысындағы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС жатады.
– Бұл қазірдің өзінде сары аймаққа көшетін субъектілер, ал, жыл нәтижелері бойынша біз іске асырылған инвестициялық іс-шаралардың қорытындылары бойынша қосымша талдау жүргіземіз, – деп түсіндіре кетті спикер.

Естеріңізге сала кетейік, жаңғырту жөніндегі ұлттық жо-баны іске асыруға энергетикалық және коммуналдық секторларға 10 трлн теңгеден астам инвестиция қажет болады. Биыл елдің электр станцияларында 10 энергия блогын, 63 қазандықты және 39 турбинаны күрделі жөндеу көзделген.
Қазірге дейін 5 энергоблокта, 30 қазандықта және 19 турбинада жұмыстар жүргізілу үстінде. 4 энергия блогын, 15 қазандықты және 9 турбинаны жөндеу аяқталған. Өткен жылмен салыстырғанда еліміздегі жылу электр орталықтарының орташа тозу деңгейі 64%- дан 61%-ға дейін төмендеді. ЖЭО тозу дәрежесі бойынша ең қауіпті қалалардың үштігіне Арқалық, Саран және Степногорск кіреді.

Түйіндей айтқанда

«Тарифтік саясаттың ертеңі қандай болмақ?» дегенімізде, бағам атаулысының мемлекеттік саясаттың әлеуметтік және экономикалық тепе-теңдігінің өлшемі екендігін ұмытпақ жоқ. Әр тұрғынның есеп-шотындағы сандар легі инфрақұрылымның жағдайын, басқарудың тиімділігін, ел ішіндегі сенім мен жүйелілікті сипаттайтын көрнекті көрсеткіш. Сондықтан, тарифтік реформа – есеп-қисаптың емес, әділет пен тиімділіктің айналасындағы күрделі низам іспетті.
Мемлекет бүгінгі таңда тарифтерді ырықтандырумен қатар, олардың өсуінің халыққа әсеріназайту үшін нақты қадамдар жасауда. Қаржы секторы арқылы субсидиялау, инвестиция тарту, жаңа басқару модельдерін ендіру сынды кешенді бастамалар сырттайтехникалық тәртіпте көрінгенімен, шын мәнінде, қарапайым тұтынушының күнделікті өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық ауқымды шаралар. Алайда, тарифті көтеру – соңғы шешім емес. Бұл – сенім сынағы. Қоғамда көпшіліктің көкейінде жүрген сауал сол қалпында тұр.

«Тариф өсті, ал, сапа қайда?» дей-тұғын. Сұрақтың жауабы да – реформаның сәтті, не сәтсіз болуын анықтайтын негізгі өлшем. Тегінде, тарифтің артуы тек экономикалық қажеттілікпен емес, сонымен бірге, әлеуметтік әділеттілікпен де негізделуі тиіс. Яғни, әр қосымша теңге – тұтынушыға көрсетілетін қызметтің артуымен, сапасымен, тұрақтылығымен өлшенуі қажет. Егер бұрын тариф өскен сайын, оны негіздейтін құжаттар мен түсіндірмелер қарапайым тұтынушыға жетпей жатса, енді ашықтық пен қоғамдық бақылау – басты талапқа айналып келеді. Мұндай жерде мемлекеттік органдар ғана емес, байланыс операторлары, қызмет көрсетуші компаниялар да сенімді серіктес болуға тырысады. Байыпты бастамалардың бәрі дерлік инфрақұрылымдық жаңғыруға жол ашатын уақытша көпір. Бірақ, көрінеу көпірдің екі жағыбар: бірінде – мемлекет пен операторлар, екіншісінде – халық.
Егер байланыс әлсіз болса, көпір құлайды. Сондықтан, алдағы жылдары тарифтік саясаттыңтиімділігі – қабылданған шаралардың қаншалықты әділ, айқын, және жауапты жүзеге асырылуына тікелей байланысты болады.Жаңа тарифтік модель де – болашақтың инфрақұрылымын құруүшін жасалып жатқан маңыздықадам. Модельдің сәтті іске асуықомақты қаржы мен техникаға емес, халықтың сенімі мен үмітіне де тәуелді. Осы сенім үзіліп қалмауы үшін үкімет те, бизнес те ортақ жауапкершілікті сезінуі тиіс. Тариф өсімі – мемлекеттің, бизнестің және азаматтық қоғамның өзара сенімі мен әрекеттесуінің шарайнасы. Бұл айнада әділет пен сапа көрініс тапса, елдің инфрақұрылымдық болашағы да жарқын болмақ.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button