Тариф, технология, тәртіп
Қарағанды қауымының қыстан қорқатын кезі болған бір кездері. Қазір керісінше бәрі. Апталаған аяздар да «қалыпты маусымға» айналды. «Қазақстан әлемдік компаниялардың бәрімен өзара тиімді байланыс жасауға дайын. Бұл ұстаным еліміздің энергетикалық дербестігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсатына сай келеді», – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындарлы ұстанымы елдегі жағдаятты түбегейлі өзге арнаға бұрды.

– Үкімет пен жергілікті атқарушы биліктің әрекетсіздігі салдарынан еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ондаған жыл бойы қараусыз қалып, бірте-бірте оның жай-күйі өте мүшкіл жағдайға түсті. Қазір бұл ахуалды өзгертіп, инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Соның ішінде тарифтерді ырықтандыру, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыру сияқты шаралар бар, – деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында.
Қарағанды үшін қыс – енді сынақ емес, мамыражай маусым. Бұрын пештің түтіні мен батареяның жылуы халықтың үмітіне тәуелді еді.
Бүгінде ол нақты жоспар мен жауапкершілікке сүйенеді. Жаңғырған ЖЭО, жаңаланған желілер, қайта қаралған тариф саясаты тұтас көзқарастың ауысуына септесіп, сана деңгейіне серпіліс әкелді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан энергетикалық дербестік ұғымы құр абстрактілі мақсат емес, күнделікті тұрмыстың үздіксіз береке жылуына айналды. Бұрын аяз күшейсе, алаң қоса күшейетін. Қазір аяз күшейсе, жүйе тексеріледі. Айырмашылық осында.
Жылу станциялары тек үйлерді ғана емес, сенімді де «жылыта» бастады. Тариф тәртіпке, технология тұрақтылыққа, ал, бақылау болашаққа қызмет ететін кезеңге аяқ бастық. «Қызыл аймақ» қыр астында қалғанымен, өткен күннің ғибратты дәрісі әсте ұмытылған жоқ: инфрақұрылым уақытында күтім көрмесе, іс насырға шапқаны дей беріңіз. Қарағандының қытымыр қысы – қауіптің емес, дайындықтың өлшемі. Суықты жеңген станциялар ертеңді де еңсеруге қабілетті екенін дәлелдеп келеді.
Иә, Қарағанды облысы контексінде «ЖЭО» сөзі мыңдаған тұрғын мен өнеркәсіп өкілдерінің албаты алаңдаушылығын тудырмай қоймайтын. Не түрлі апаттар, жабдықтардың 60-70 пайызға дейін тозуы, қуат тапшылығы, жылыту маусымындағы іркілістер – мұның бәрі күнделікті шымбайымызға батқан шындық еді кеше. Бүгін жағдай түбегейлі өзгеріп келеді. Өңірдің жылу электр орталықтары тәуекелдің «қызыл аймағынан» сенімді түрде шығып, жаңғыртуда айтарлықтай ілгерілеу көрсетуде. Жетістік – алдымен энергетикалық қауіпсіздікті ұлттық дамудың басты бағыты еткен Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүйелі саясатының нәтижесі.
Әр нәрсе дәл уақытын күтпек. Былтыр Қарағанды ЖЭО-лары ауқымы бұрын-соңды болмаған деңгейдегі жөндеу науқанынан өтті. Тек екі негізгі станцияда, яғни, «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС-нің ЖЭО-1 және ЖЭО-3-інде негізгі жабдықтардың 26 жөндеуі жүргізілді. Оның ішінде, бес қазандық пен үш турбинаға күрделі оңдау ісі жүзеге асты. Жөндеу бағдарламасының жалпы қаржыландыру көлемі 23,8 млрд теңге шамасын құрады. Қаражат тек «жамап-жасқауға» емес, терең жаңғыртуға да бағытталды. Мәселен, жүйелерді автоматтандыру, экологиялық және сенімділік көрсеткіштерін арттыру сынды дүниелер әрдайым терең мәнге ие.
Нәтиже көп күттірмеді. 2024-2025 жылғы жылыту маусымының қорытындысы бойынша ЖЭО-3 «сары» аймақтан «жасыл» аймаққа ойысып, қоюланған күдігімізді сейілткен еді. Десек, дерліктей, жалпыұлттық үрдістің бөлігі қалпына келді. Ел бойынша 37 ЖЭО-ның орташа тозуы 64-тен 61 пайызға дейін төмендеді. Тоғыз станция «қызылдан» «сарыға», ал үшеуі – соның ішінде қарағандылық ЖЭО-3 «жасыл» деңгейге көтерілді. Қарағанды облысында ЖЭО мен жылу желілерін жаңғыртуға салынған инвестициялар 44 млрд теңгеден асты. 10 млрд теңгеден астамы желілерді жаңартуға жұмсалды.
Әзір болған қорықпас. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мәрте заманауи энергетикасыз цифрландыру да, индустрияландыру да, өмір сапасын арттыру да мүмкін емес екендігін баса белгіледі. Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында және жыл сайынғы Жолдауларында нақты міндеттер жүктелді. «Инвестиция орнына – тариф» тетігі арқылы ауқымды жаңғырту іске асты. Жаңа қуаттар мүмкіндігі мен мерзімін кейінге созбай іске қосу қажеттігі ескерілді. Ең соңында барлық ЖЭО-ларды «жасыл» аймаққа шығару межеленді. Қазірде көмір базасын сақтай отырып, газдандыру мен ЖЭК арқылы экологиялық трансформация мәселесі күн тәртібінде тұр.
Қарағандыда таңдаулы тапсырмалар жедел қарқынмен іске асуда. Ұлттық жоба 2026 жылы 9 энергоблок, 55 қазандық және 51 турбинаны күрделі жөндеу арқылы елдегі тозуды 59 пайызға дейін төмендетуді көздейді. Бұл үдерісте өңірдің үлесі зор. Өңір мақтанышына айналған жоба – ЖЭО-3-тегі жаңа энергоблок құрылысы. Құны 134,6 млрд теңгелік жоба Еуразиялық даму банкінің (240 млн долларлық несие желісі) қолдауымен жүзеге асуда. 2028 жылға қарай мұнда сағатына 650 тонна бу өндіретін №9 қазандық және 140 МВт қуат өндіретін №7 турбина іске қосылады. Бұл станцияға 140 МВт электр және 180 Гкал/сағ жылу қуатын қосады да, өзіндік құдірет тауып, бөгенайы бірден бөлектене түспек. Жаңа блок 400-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етеді де, қуат тапшылығын жойып, бүкіл өңірдің сенімділігін арттырады. Қазірдің өзінде ЖЭО-3 қала электр энергиясының шамамен 86 пайызын өндіреді. Ал, жаңа блок іске қосылғаннан кейін елдегі ең ірі әрі заманауи жылу электр орталықтарының біріне айналады.
Бұдан бес жыл бұрын жабдықтардың тозуы 70-80 пайызға жақындап, апаттар қала атаулысының қалыпты тіршілігін қыста қаңтарып қоятыны бар-тын. Бүгінде тәуекел минималды. Бұған үш фактор әсер етті. Қаржылық тәртіп. «Инвестиция орнына – тариф» бағдарламасы қаржыны дәл мақсатқа бағыттады. Басқарушылық үйлесім. Облыс әкімдігі мен «Қарағанды Энергоцентр» жұмысы орталық саясатпен синхронды жүргізілуде. Технологиялық серпіліс. Автоматтандыру, жабдық ауыстыру, экологиялық шаралар тиімділікті арттырды. Нәтижесінде тұрғындар тұрақты жылу мен жарыққа, өнеркәсіп сенімді энергияға, экономика инвестицияға ие болды.
2026-2027 жылдары жылу желілерін жаңарту жалғасады, цифрландыру мен смарт-мониторинг енгізіледі. 2029 жылға қарай республика бойынша 13,3 ГВт жаңа қуат енгізілмек. Оның елеулі бөлігі ЖЭО жаңғыртуына тиесілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылға қарай елдің электр энергиясына қажеттілігін толық әрі артық қорымен жабуды міндет етті. Қарағанды осы мақсатқа жақындап келеді. ЖЭО-лары жаңа энергетикалық саясаттың флагманына айналуда.
Қарағанды облысының энергетикалық жетістігі тек ЖЭО-3-пен шектелмейді. Теміртаудағы ТЭЦ-2 (АО «Qarmet») жеке инвестиция есебінен жаңа №7 қазандық агрегатын (60 МВт электр + 80 Гкал/ч жылу) іске қосты. Бұл – қаладағы жылу тапшылығын жоюға және өндірістік қуатты арттыруға үлкен үлес. Ал, Топар ГРЭС-і үшін 2025–2026 жылдарға 34,6 млрд теңге бөлінген – бұл жөндеу мен жаңғырту бағдарламасының ең ірі жобаларының бірі. Облыс бойынша жалпы инвестиция 2025-2026 жылдары 44 млрд теңгеден асып, алдағы жылдары тағы да өседі.
Бұл – тарихтың соңы емес, жаңа кезеңнің басы. Миллиардтаған инвестиция, жаңартылған мыңдаған торап, жаңа қуаттар және адамдардың ертеңге сенімі – осы жұмыстың шынайы жемісі десек қателеспейміз. Мемлекет басшысының көреген саясатының арқасында өңір энергияны мәселеге емес, ел өркендеуінің драйверіне айналдыру жолында.
Әлбетте, жетістікті ғана жіпке тізіп, жіліктей берсек, жараспас. Асылы, энергетикалық қауіпсіздіктің толық жеңісі әлі алда. Ел бойынша орташа тозу деңгейі 61%-ға дейін төмендегенімен, әлі де ондаған станциялар мен жылу желілері жоғары тәуекел аймағында тұр. Қарағанды облысында да, жалпы ел сияқты, негізгі сын-қатерлер сақталып отыр. Кейбір магистральдардың тозуы 70-80%-ға жетеді. Облыста 10 млрд теңгеден астам қаражат желілерді жаңартуға жұмсалғанымен, жалпы ұзындығы жүздеген шақырымдық желілерді толық жаңғырту үшін жылдар қажет.
Қалған жабдықтардың тозуы және қуат тапшылығының қаупіне оралсақ, ЖЭО-3-тің жаңа блогы 2028 жылға дейін іске қосылғанша, қала мен өңірдің өсіп келе жатқан қажеттілігін (жаңа тұрғын үйлер, Qarmet-тің өндірістік жүктемесі) толық жабу үшін қосымша резерв керек болады. Қазыналы Қарағандының жылы құндағын құтты ете түсуі үшін құзыретті тарап 2026-2027 жылдары жылу желілерінің тағы 30-35 шақырымын жаңартуды, смарт-мониторинг жүйелерін енгізуді және цифрландыруды жалғастыруда. Ұлттық жоба аясында 2026 жылы 9 энергоблок, 55 қазандық пен 51 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланды. Сөйтіп, әлі де көзге сөдегей көрінерлік жайттарды шетінен сетінету ісі назардан еш түспек емес.
Қаз тұрып, қалт ойланарлық іс көп болғанымен, жүзіміз кею тартпады. Жоғарыда қиюын тапқан жетелі жобалар бас бармағымызды балтаға сап қыларлық деңгейге көтерілгенін аңдап, бойымыз байыз тапқандай. Қонысы кенді, атырабы елді Қарағанды энергетикалық қуатын еш сарқымайды.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»


