Бас тақырыпРесми

Тариф мәселесінде барлық мүдде ескерілуі қажет – Премьер-Министр

Елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы инфрақұрылым жағдайы өте күрделі болып отыр. Бұл пікірді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ortalyq.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

– Оны жақында ғана Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында болған апаттан да анық байқадық. Апат салдарынан Маңғыстау және Атырау облыстары жарықсыз қалды. Екі өңірдегі ірі өнеркәсіп орындары айтарлықтай зиян шекті, олардың көпшілігі 2 тәуліктен астам уақыт жұмыс істемей тұрды. Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты тек үшінші тәулікте ғана іске қосылды, – деп атап өтті Премьер-Министр Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, өткен жылыту маусымы да шұғыл шешуді қажет ететін проблемалардың көп екенін көрсетті.

– Барлық инфрақұрылым объектілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін ауқымды инвестиция қажет. Себебі, олардың көпшілігі өткен ғасырдың ортасынан бері жұмыс істеп келеді. Сондықтан тіршілікке қажетті жүйелерді тиімді жаңғырту және күрделі жөндеу үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты ұсынылды. Бұл тәсіл энергия ұйымдарының қолданыстағы активтерін қайта жаңғыртуға және кеңейтуге, энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттыруға және жабдықтардың тозуын азайтуға мүмкіндік береді, – деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, биыл тұрғындар үшін тарифтер 10%-тен 30%-ке дейін өседі.

– Бұл – барынша ұстамды тариф. Онсыз коммуналдық инфрақұрылымның сапалы жұмысын қамтамасыз ету және оны жаңғырту мүмкін емес. Тариф мәселесінде біз барлық жақтың да мүдделерін ескеретін тең ортаны таба білуіміз керек. Яғни, саланы дамыту қажеттілігін де, халықтың мүмкіндігін де ескеруіміз керек, – деді Ә. Смайылов.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы қалай жүргізілетінін түсіндірген еді.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button