Бас тақырып

Тариф – қажеттілікке тәуелді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керегін айтқан болатын. Президент ұсынған саясатқа сәйкес монополист инфрақұрылым желілерін жаңартуға инвестиция салса, мемлекет сол компанияға коммуналдық тарифтерді өсіруге рұқсат етеді. Бұған себеп – еліміздегі коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымның әбден тозуы. «Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлар туындауына әкеп соқтырады» деген Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселе тиісті түрде қолға алынбаса, еліміз энергетикалық дағдарысқа тап болатынын ескерткен болатын. Қыстың көзі қырауда Екібастұздың кебін кимес үшін Қарағандыда да тиісті шаралар қолға алынуда. Демек, коммуналдық қызмет ақысы да қымбаттайды.

Сурет uaqyt.kz

Жөндеу жұмысына – 24 млрд теңге

Облыс орталығын жылумен және жарықпен қамтамасыз етіп отырған жалғыз монополист – «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС өкілдерінің айтуынша, ақпан айынан жылудың гигакалориясы – 4 331,19 теңге, ал, электр энергиясының киловатт сағаты – 17,64 теңгеге өседі. Көрсетілген бағаға қосымша құн салығы қосылмаған. Бұл коммуналдық қызметтер түбіртегінде дәл осы сома тұрады деген сөз емес. Мәселен, жылу және электр энергиясының жалғыз орталықтандырылған өндірушісі – «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС өндірілген жылу мен киловатты оны халыққа тасымалдайтын «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС сатады. Ол өз бағасын белгілейді.

Жалпы, «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры Флюр Гариповтың айтуынша, өткен жылы жылудың гигакалориясы – 3 977,63 теңге, ал, электр энергиясының киловатт сағаты – 14,09 теңге болған. Сәйкесінше, жылу 353,56 теңгеге, жарық 3,55 теңгеге қымбаттайды.

– Тарифті Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі бекітеді. Оған күрделі жөндеу, реконструкциялау, негізгі жабдықты жаңарту көзі ретіндегі инвестициялық компонент кіреді, – дейді Флюр Салаватович.

«Қарағанды Энергоцентр» ЖШС құрамына 1960 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ЖЭО-1 және 1977 жылы пайдалануға берілген ЖЭО-3 станциясы кіреді. Қазір ЖЭО-1 негізгі жабдық 45 пайызға, ал, ЖЭО-3 70 пайызға тозған. Негізі, жылыту маусымы тоқтаған кезде ЖЭО-1 де жұмысын уақытша тоқтатады. Ал, ЖЭО-3 электр энергиясын өндіруді жалғастыра отырып, жыл бойы жұмыс істейді.

– 2022 жылы Президент станция жабдықтарының тозуын 15%-ға төмендету бағдарламасын қабылдады. Бағдарлама 2030 жылға дейін есептелген. Осыған сәйкес, ЖЭО-1 мен ЖЭО-3 негізгі жабдықтарын жаңартудың кешенді перспективалық жоспары әзірленді. Қарағанды ЖЭО-3-те биыл үш қазандық агрегаты мен екі турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Едәуiр сома 1977 жылы станция негiзi қаланғаннан бері жұмыс iстеп келе жатқан №1 қазандықты жаңартуға көзделген. ЖЭО-1-де екі қазандық және бір турбина күрделі жөндеуден өтпек. Сондай-ақ, энергия көздерінде негізгі және қосалқы жабдықтарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жөндеу науқандарына шамамен 24 млрд теңге жұмсалады, – дейді Флюр Гарипов.

Заманауи жабдық – сапалы жылу кепілі

Жаңа кеңейту жобасын іске асыру «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС-де басталып та кеткен. Атап айтқанда, станцияның электр және жылу қуатын арттыратын заманауи энергия блогын орнату жоспарлануда. Биыл ЖЭО-3 №1, 6 және 8 қазандық агрегаттары, сондай-ақ, бірінші турбоагрегат күрделі жөндеуге кетеді. Осылайша, оның тозуы 15 пайызға төмендейді. Ал, ЖЭО-1 №2 қазандық пен бір турбина күрделі жөндеуден өтеді.

– Жылу энергиясын өндіру бойынша 2021-2026 жылдарға арналған кезеңдік инвестициялық бағдарлама бекітілді. Жалпы, тариф 1 қаңтардан бастап бекітіледі. Ақаулар кез келген уақытта орын алуы мүмкін. Осындай кезде жоспарды, жұмыс көлемін өзгертіп, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментіне жүгінуге мәжбүр боламыз. Инвестициялық бағдарламада жылу бойынша барлық іс-шараларға шамамен 4,6 млрд теңге салынды. Ал, бір қазандықты күрделі жөндеу 5 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін. Жетіспейтін соманы электр энергия­сын сатудан және өз қаражатымыздан аламыз, – дейді Флюр Гарипов.

Тариф отынның, судың, жөндеу жұмыстарының және оларды жүргізу үшін материалдардың құнына байланысты ЖЭО-ның тікелей өндірістік шығындарын ескереді. Дәл осы шығыстар жылына бірнеше рет тұрақты өсіп тұрады және тариф­те бекітілген баға көбінесе нақты құнға сәйкес келмейді. Егер шығындар өсіп, олар тарифте ескерілмесе, кәсіпорын шығынға ұшырай бастайды. Бұл шығыстардың кейбіреулерін қысқарту немесе үнемдеу қажеттілігіне алып келеді, әрі жөндеу жұмыстарының көлеміне әсер етеді.

ЖЭО-1 жөндеуге бір жарым миллиард теңге жұмсалады. ЖЭО-3 22 млрд 396 млн теңге жұмсау жоспарда. Онда 1 сәуірден бір қазандық пен бір турбинаны ағымдағы жөндеу басталады. Ал, 2 мамырдан күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Мәселен, ең үлкен жұмыс №1 қазандық агрегатында. Мұнда шамамен 150 тонна металдан тұратын ошақтық экрандарынан бөлек, радиациялық бу қыздырғыш пен су үнемдегіштің екі сатысы ішінара ауыстырылады. Газ тазарту жабдықтары да жаңартылады, атап айтқанда, үшінші буын эмульгаторы орнатылады. Бұл өз кезегінде шығарындылардың азаюына ықпал етеді. Осы іс-шаралардың арқасында қазандықтың жұмысы реттеліп, отын шығындары азаяды.

– Бірінші қазандық қондырғысын күрделі жөндеу оның тозуын екі есеге азайтады. Осындай жұмыс өткен жылы №5 қазандықта жүргізілді. Оның тозуы 2024 жылғы 1 қаңтарда шамамен 92% болды. Іс-шаралар кешені орындалды. 145 тонна металдан тұратын ошақтық экрандар жүз пайыз ауыстырылып, бу қыздырғыштар, су үнемдегіштер, эмульгаторлар жаңарды. Нәтижесінде, қазандықтың тозуы 57 пайызға дейін төмендеді. Биылғы жылы күрделі жөндеуге № 6, 8 қазандық агрегаттары кетеді. Яғни, ағымдағы ақаулар жойылып, тез тозатын бөлшектер, әртүрлі қосалқы жабдықтар ауыстырылады. Жылу оқшаулауын жөндеу, металды және өлшеу аспаптарын бақылау жүргізіледі. Мұның бәрі қондырғының техникалық-экономикалық көрсеткіштерін бастапқы зауыттық көрсеткіштерге жеткізеді, – дейді ЖЭО-3 директоры Константин Пятков.

Тапшылық қайтсе жойылады?

Жөндеуді Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің департаменті қадағалайды. Науқан аяқталғаннан кейін объектілердің дайындық құжаты алынады. Одан бөлек, күрделі жөндеу төрт жылда бір рет, ал, ағымдағы жөндеу жыл сайын жүргізілетінін айту керек. Материалдар мен жабдықтардың негізгі бөлігі шетелден сатып алынады.

– Келісімшарт жасасу, қажетті бөлшектерді дайындау, оларды жеткізуге біраз уақыт кетеді. Осы уақыт аралығында материалдардың құны өзгеруі мүмкін екенін ескеру керек. Ал, кейбір қондырғыларды жасау үшін үш айдан алты айға дейін уақыт қажет. Сондықтан, 2025 жылғы жөндеу науқаны 2024 жылдың сәуірінен басталды. «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС ағымдағы жөндеу жұмыстарын өз күшімен, ал күрделі жөндеу жұмыстарын мердігерлерді жалдаумен жүргізуді, – дейді Флюр Салаватович.

Бас директор тарифтің өзгеруіне бірнеше факторлар әсер ететінін айтады. Соның бірі әрі негізгісі – көмір бағасының өсуі. Көмірді Екібастұздағы «Богатырь» көмір разрезінен жеткізеді. Оның бағасы да биыл 33 пайызға өскен. Одан бөлек, компания үшін сатып алынатын су да 50 пайызға қымбаттаған.

Қазіргі уақытта компания ЖЭО-3 энергоблокты (қазандық + турбина) орнатуға байланысты жаңа кеңейту жобасын іске асыруды бастаған. Бұл станцияның электр қуатын 120 МВт және жылу қуатын сағатына 180 гигакалорияға арттырады. Кеңейту жұмыстары 2024-2028 жылдарға жоспарланған.

Бұл жобаның қажеттілігі – Қарағанды қаласының жылу қуатының жыл сайын артып келе жатқан тапшылығымен байланысты.

– Қала жылу және электр энергиясына едәуір қажеттілікті сезінуде. Бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайды, – дейді Флюр Гарипов.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button