Ресми

Таразы басы тең бе?

Еліміздің кез келген азаматы, оның ішінде, жастар да, әйелдер қауымы, мүмкіндігі шектеулі адамдар да мемлекеттік қызметке бара алады. Бұл үшін тең жағдайлар жасалған. «Заманауи мемлекеттік қызмет: тең жағдайлар мен мүмкіндіктер» тақырыбында ұйымдастырылған диалог алаңында гендерлік теңдік, мемлекеттік қызметтегі және қоғамдағы әйелдердің рөлі, меритократия қағидатының жүзеге асырылуы, мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға жағдай жасау, жастарды мемлекеттік қызметке тарту және ынталандыру және басқа да мәселелер талқыланды. Диалог алаңын Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Қадамдық жоспарды жүзеге асыру аясында өткізді.

Сурет Zakon.kz

Дөңгелек үстелге мемлекеттік қызметшілер, жас мемлекеттік қызметшілер, жоғары оқу орындарының түлектері, басшы лауазымындағы әйелдер қатысып, пікірлерін ортаға салды.

– Біздің қоғамда жүргізіліп отырған гендерлік саясатқа сәйкес, қазақстандық даму жағдайында еліміздегі әйелдер қауымына саяси және белсенді азаматтық ұстаным тұрғысынан барынша басымдық беріліп келеді. Қазіргі таңда, ашық және бәсекелестік тәртібінде мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігін пайдаланып, өзіне сенімді және өз әлеуетін толыққанды іске асыру үшін көптеген қыздарымыз және тәжірибелі азаматшаларымыз мемлекеттік органдарда жігерлі қызмет етіп жүр. Сонымен бірге, агенттік конкурстық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін жүйелі және жоспарлы жұмыс жүргізуде. Бұл – мемлекеттік қызметке түсуге тең мүмкіндік жасаудың маңызды алғышарты. Мемлекеттік қызметтегі мансаптық модель әйелдердің, оның ішінде бәсекелес және тең жағдайларда жоғары тұрған лауазымдарға орналасу мүмкіндігін арттырады, – деп атап өтті Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Сәрсен.

Департамент басшысының орынбасары Абылайхан  Наурызбаев мемлекеттік қызметке жастарды, әйелдерді және мүмкіндігі шектеулі адамдардың орналасуы туралы айтты.

– Мемлекеттік қызметтегі жастардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатарын арттыруға айрықша мән беріледі. Заңнамаға енгізілген тағы бір жаңашылдық – мемлекеттік қызметке конкурссыз тағайындалу мүмкіндіктері. Атап айтсақ, жоғары оқу орындарын мемлекеттік грант есебінен үздік аяқтаған түлектер диплом алғаннан кейін бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі кейбір мемлекеттік лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалуы мүмкін. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке тартуға, жас мамандардың аудандар мен ауылдық өңірлерге оралуын ынталандыруға, сондай-ақ, өңірлердегі кәсіби кадрлар тапшылығын төмендетуге ықпал етіп, мемлекеттік қыз­метке кіру процесін айтарлықтай жеңілдетіп отыр, – деп атап өтті Абылайхан Дағыстанұлы.

Ол мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа автоматтандырылған жүйесі әрбір азаматқа конкурстың барлық кезеңдеріне онлайн қатысуға мүмкіндік беріп, адами факторларды азайтатынын да тілге тиек етті. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтегі 30 жасқа дейінгі жастардың үлесі – 30%.

– Анонимділікті қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ, мүдделер қақтығысын болдырмау үшін үміткерлерге ID-номерлер беріледі. Осыған байланысты іріктеу процесіне деген сенім мен конкурсқа қатысуға ниет білдірушілердің санын едәуір арттырып отырғанын айта кету керек. Аталған процестер әйелдер және мүмкіндігі шектеулі жандар, жастарды қоса алғанда, барлық азаматтарға тең мүмкіндіктер жасайды, – деді ол.

Сөз алған Қарағанды қаласының отбасын қолдау орталығы директоры Ләззат Қожахметова, қоғамда орын алып жатқан зорлық-зомбылық фактілерінің көбеюі шешім қабылдау органдарының басшылығында әйел адам отырмағаннан деген ойын айтты.

– Облыс әкімдерінің барлық 20 лауазымын ер адамдар атқарады, ал, саяси партиялардың ешқайсысын әйел басқармайды. Дегенмен, әйелдер төменгі деңгейдегі сот органдары мен сайлау комиссияларында кеңінен ұсынылған және азаматтық қоғам ұйымдарында басшылық қызметтерде. Әйелдер Мәжілісте екі партиядан тек 19 орынға ие болды. 98 депутаттың 79-ы ер адам, 19-ы әйел. Сенаттағы 49 депутаттың – 10-ы. Жалпы – 30%. Бұл аз деп ойлаймын, екі құрылымда 30%-дан болғаны дұрыс. Мәселен, облыстық мәслихаттағы 38 депутаттың 8-і әйел. Қалалық мәслихаттардағы 130 депутаттың және аудандық мәслихаттардағы 106 депутаттың 32-сі әйел адам. Ал, шағын және орта бизнес субъектілерінің ішінде 44,6/%-ы әйелдердің үлесінде. Бұл – бизнесте жұмыс істейтіндердің үштен бірі. Дегенмен, соңғы уақыттары аймақтағы мемлекеттік қызметтегі әйел адамдардың қатары азайып келеді. 2021 жылы 14 мың болса, өткен жылы – 11 300 адам. Әйелдер көбінесе бала күтіміне байланысты демалыстарда болады. Кейбір көпбалалы, мүгедек бала асырап отырған аналар толық жұмыс күн істей алмауы мүмкін. Жұмыс берушілер мұндай аналарға заңнамаға сәйкес мүмкіндік қарастырса, мемлекеттік қызметтегі әйел саны артады деп ойлаймын, – деді Ләззат Таймырқызы.

Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы басшысы Нұржан Ілияш аймақ жастарының белсенділігі туралы сөз қозғады.

– Облыста қазіргі уақытта 73 волонтерлік ұйым мен топ тіркелген. Оларда 4 мыңнан астам жас бар. Volteq, «Biz barmyz» (Е.Бөкетов атындағы ҚарУ), «Ақниет» (Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ), Теміртау қаласының «Шаңырақ», «Біз Шахтинск қаласынан» еріктілер қауымдас­тығы, Қарқаралы ауданының «JasStar» еріктілер лигасы, «Нұра арнасы» (Нұра ауданы), «Жастар Ассамблеясы» (Қазақстан халқы Ассамблеясы), «Жастар рухы» («AMANAT» партиясы) ұйымдары белсенділік танытуда. Олар азық-түлік жиынтықтарын тарату бойынша акцияларды, экологиялық сенбіліктерді, шырша көшеттерін отырғызатын экологиялық акцияларды, жастарға арналған білім беру тренингтерін және басқа да шараларды тұрақты негізде ұйымдастырады, – деген ол облыс бойынша волонтерлік қызметті қаржыландыруға биыл 79,380 млн. теңге бөлінгенін де атап өтті.

Сонымен қатар, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Төлеу Мұхтар әлеуметтік саланың мән-жайына тоқталды. Оның айтуынша, өңір бойынша 51 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Алты айдың қорытындысы бойынша 18 мың адам жұмыспен қамтылды.

– Аймақта бірінші тоқсандағы жұмыссыздық деңгейі – 4,2%. Ел бойынша бұл көрсеткіш – 4,7%. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі облыста – 2,7%, республикада – 3,1%. Жыл басынан бері 69 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған 1 151 жұмыс беруші қатысып, 3 703 бос жұмыс орнын ұсынды. Қазіргі уақытта сомасы 118,121 млн. теңгеге 80 грант берілген. Қалған 103 грант жақын күндері табысталады. 400 АЕК көлеміндегі грантты көпбалалы отбасы мүшелері, мүгедектігі бар адамдар, мүгедек бала асырап отырғандар, асыраушысынан айырылған және атаулы әлеуметтік көмек алатындар алады. Бұдан бөлек, жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін биыл 2,5%-бен 339 жеңілдетілген несие берілмек. Оған жалпы сомасы 1,695 млрд. теңге бөлінді, – деді Төлеу Қайратұлы.

Сонымен қатар, басқарма басшысының орынбасары мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, осал топтарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларына да тоқталды.

Дөңгелек үстелде мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданған жас маман Жанар Оралбай да ойын ортаға салды. Ол – Бұқар жырау ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы.

Жандос Шералыұлы Қарағанды облысы мемлекеттік қызметке іріктеу бойынша e-Qyzmet пилоттық жобасына қатысатын және оның арқасында бос лауазымдарға орналасуға мүмкіндіктің артқанын алға тартты. Алдағы уақытта жүйе еліміздің барлық аймақтарына таралатын болады.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button