Тапсырыс сұранысты қанағаттандыра ма?
Техникалық және кәсіптік білім беру бойынша облыстың 54 колледжінде 32 946 адам оқиды. 22 мың жас тегін білім берумен қамтылған. Бұл жөнінде кеше өткен облыс әкімінің аппарат жиынында Гүлсім Қожахметова мәлім етті.
Білім басқармасы басшысының айтуынша, биыл қыркүйектен бастап шәкіртақы мөлшері ұлғайды. Қазіргі таңда жұмысшы біліктілігі бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқитын студенттер 32 681 теңге алады.
Биыл сондай-ақ, сұранысқа ие мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырысты ұлғайту мақсатында 300 кәсіпорынмен бірлесіп жұмыс істеу жоспарда. Осы мақсатта мемлекеттік тапсырыстың 60%-ы техникалық мамандықтарға (металлургия, машина жасау, IT, құрылыс, көлік және т.б.) қайта бағытталды.
– Еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білікті жұмысшылар мен орта буын мамандарын даярлау – басты бағытымыз. Оған қоса бәсекеге қабілетті, білікті, кәсіптік маман даярлау оқу орындары арасындағы әлеуметтік әріптестікті арттыруға мүмкіндік береді. Студенттеріміздің техникалық мамандықтарды игеруге қызығушылығы жоғары, – деп атап өтті басқарма басшысы Гүлсім Қожахметова.
Аймақ басшысы еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік және техникалық мамандықтарды жаңғыртуды тапсырды.
Техникалық білім беруде «Жас маман» жобасына облыстың 15 колледжі қатысуда. Аталған жоба аясында жоғары оқу орындарына сай сұранысқа ие 100 мамандық бойынша білікті маман даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу – жоспарда. Осы орайда 2020 жылы 7 колледж заманауи жабдықталған болатын. Қосымша 8 колледжді жаңа жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс жүргізілуде. Күн сайын студенттердің оқу сабақтарына қатысуына сараптама жүргізіліп, оқытушылар тарапынан талқылануда.
Бүгінгі таңда нәтижелі жұмыспен қамтуда жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы қарқынды жұмыс істеп тұр. Аталған жоба бойынша облыстың техникалық және кәсіптік білім беретін 28 оқу орнында 1780 адам білім алуда. (Қазақстан бойынша – 365 оқу орны, 52 901 адам оқиды). Студенттердің шамамен 46%-ы халықтың әлеуметтік осал топтарынан. Осы мақсатта облыс колледждері 2017 жылдан бастап модульдік білім беру бағдарламаларына көшкен болатын. Бұл түлектерге мамандықтар бойынша 3-4 біліктілік алуға мүмкіндік береді. Екі деңгейлі даярлау – техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы, құрылыс, қызмет көрсету және сервис салалары мамандықтары бойынша жүреді.
Қазіргі таңда аймақтағы кәсіптік және техникалық білім ошақтарында 42 колледжде дуальды оқыту жүйесі бар. Аталған жүйе 7000 адамды қамтып, 300-ге жуық кәсіпорынның қатысуымен енгізілді. Биыл жаңа қабылданған 3500-ге жуық студентті жобаға қатыстыру жоспарлануда. Бұл – мемлекеттік тапсырыс бойынша барлық білім алушының 25%-ы (өткен жылы 6425 білім алушы, бұл 8%-ға артық). Оған қоса өндірістегі тәлімгерлерге қосымша ақы төлеу бойынша шаралар қабылданды. Дуальды оқыту кезінде практикадан өту мерзімі студенттің еңбек өтіліне қоса есептеледі (6 айдан 1,5 жылға дейін).
Әлемнің озық елдерінде табысты қолданылып келе жатқан жүйе кәсіптік білім беру саласында да өзінің тиімділігін байқатқан. Басқарма басшысының айтуынша, дуальды білімді дамытуда мамандардың кәсіптік жарамдылығы – өндірісте оқыту арқылы айқындалады. Кәсіптік білім алушылар өздерін жан-жақты көрсету барысында жұмысқа орналасуға жолдама алады. Маманға қойылатын талаптарды ескерген әрбір жас өзінің жұмысқа ынтасын, икемділігін жұмыс барысында байқата алады.
– Дуальдық жүйе атауы қоғамға кеңінен таныс болғанымен, іс жүзінде көбісі түсіне бермейді. Жүйе еңбек нарығындағы өзгерістерге тез бейімделетін, бәсекеге қабілетті, білікті мамандар даярлауды көздейді. Ол жұмыс берушілер мен кәсіптік маман даярлайтын оқу орындары арасында жүзеге асады. Өндірістегі сабақтардың өткізілуін, студенттердің қауіпсіздігін топ жетекшісі қадағалайды. Дуальды оқыту жүйесіне жауапты колледждің өндірістік оқыту шебері және мекемеден белгіленген маманға жауапкершілік жүктеледі, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Қазіргі таңда колледждердің 60 пайызында WorldSkills стандарттары бойынша бағалау жүйесін енгізу де күн тәртібіндегі мәселе. Бұл орайда облыс жастары жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру және колледж студенттерін дамыту мақсатында WorldSkills халықаралық шеберлік чемпионатына белсенді қатысып жүр. Биыл үш студент Қазақстанды Польшада өткен халықаралық турнирде өз жобаларын «Сантехника және жылыту», «Флористика» және «Электроника» құзыреттілігі бойынша сәтті көрсетті.
Бүгінде WorldSkills стандарттарының 50-ден астамы білім беру бағдарламаларына енгізілгенін атап өткен жөн. Жастар қарашада Астанада өтетін WorldSkills республикалық чемпионатына қызу дайындық үстінде.
Жалпы, кәсіптік және техникалық білім беру бойынша 2023-2024 оқу жылына қабылдау 8 144 орынды қамтыды (оның ішінде жергілікті бюджеттен – 7 144 орын).
«Білімді ұлт» сапалы білім» ұлттық жобасы шеңберінде республикалық бюджеттен – 1 000 орын белгіленген.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz