Медицина

Тамыр кеңейсе де қауіп

Аневризма – тамырдың кеңеюі. Артерия қабырғасы жұқаруы не созылуы салдарынан томпайып шығып тұрады. Уақыт өте келе, оның ішкі қысымы үлкейеді. Жарылуы да мүмкін. Қауіптісі де осы. Оның жарылуы инсультқа алып келеді. Сондықтан, ол жарылмай тұрып, алып тастау аса маңызды. Қарағанды қаласының №2 көпбейінді ауруханасында аневризманы алып тастауға бағытталған операция кеше алғаш рет жасалды.

Инсульттің геморрагиялық түрінің пайда болуына ми тамырларының аневризмасы әсер етеді. Дәрігерлердің айтуынша, оны емдеудің ең негізгі әдісі – операция. Операция арқылы патология жойылып, тамырлардың тұтастығы қалпына келтіріледі.

– Ми қан тамырларының аневризмасы 20-40 жас аралығындағы адамдарда кездеседі. Жоспарлы операция ойлағанымыздай 1-1,5 сағатта өтті. Қиын болған жоқ. Науқас 1985 жылғы ер адам. Бастың қатты ауыруы, аяқ-қолдың ұюы сияқты белгілері байқалған. Тексеріле келе, аневризма анықталды. Оның ықтималды жарылу көлемі жоғары болғанын айту керек, – дейді аурухананың тамыр және эндоваскулярлық хирургия бөлімінің меңгерушісі Азамат Жашкеев.

Астана қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығының тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің нейрохирург дәрігері Бауыржан Құнақбаев операцияның басы-қасында болды. Ол да отаның сәтті өткенін айтты.

– Операция эндоваскулярлы эмболизация – шағын инвазивті әдіспен жасалды. Бұл жерде аневризма біріктіруші қан тамырларында пайда болыпты. Аневризманың жарылуы 2-4 пайызды құрайды. Ол жарылған 20-40 пайыз жағдайда өліммен аяқталады, – дейді Бауыржан Асқарұлы. Бұл мұндай операциялар трепанация, яғни, бас сүйекті тесу арқылы жасалатын. Қазір эндоваскулярлық әдіспен жасалады. Тәуекел төмен.

– Бұрын жасалған операция науқас үшін де, дәрігер үшін де ауыр болатын. Көп көлемде наркоз беріледі, науқастың жазылып кетуі ұзақ-тын. Қазір шаптан укол жасалады. Катетер кіргізіп, спираль қоямыз. Операциядан кейін асқынулар болмайды. Науқас оянғанша реанимацияда болады. Есін жинағаннан кейін аяққа тұра алады, – дейді Азамат Жашкеев.

Бұл мәселе біздің аймақ үшін өзекті. Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, 2021 жылы облыста ми тамырларының зақымдануынан екі мыңға жуық адам қайтыс болған. Сондықтан, бұл мәселе өзекті болып қала береді. Негізі аймақта мұндай операциялар бұрыннан жасалады.

– Бізде заманауи технологиялар, 3D, 4D ангиографтарымыз бар, – дейді Азамат Жашкеев. – Басқа ауруханаларда жасалғанымен, бізде бірінші рет. Облыста инсульт өте көп. Мұндай операцияларға қажеттілік жоғары.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button