Тамырға оралу немесе бір кеншінің кенен кейпі
Кеншінің алағай-бұлағай тағдырын толғар болсақ, жұмыр жүрегі мізбақпас қапас қараңғылық пен жалқынсары жарық, үміт пен күдік деп қатар соғатын бөгенайы бөлек адам һақында тебіренсе болар. Жеті кез жерасты шыңырауынан шыңдалған ерен-ғайып еңбек баһадүрлері қазыналы Қарағандының қабат-қабат қара алтынын күн бетіне шығару үшін ғана шахта табалдырығын именбей аттайды. Біз саналы ғұмырын кенші болып өткерген таңғажайып тағдырға тоқталғалы тұрмыз…
Бастау
Оның есім-сойы – Төлеу Ахметов. 1928 жылы 20 қазанда Солтүстік Қазақстан облысындағы Сасықкөл көлінің жағасында орналасқан Келімбет ауылында Атығай руынан шыққан дәулетті отбасында дүниеге келген. Енді ол уақыттағы отызыншы жылдардың қилы кезеңін қос көзіңізге елестетіп те қажеті шамалы болар. Сол бір қасіретті жылдары қолдан жасалған ұжымдастыру мен репрессия нәтижесінде Төлеу жастайынан ет жақындарынан тірідей айырылды. Жаратқан жарылқады ма екен, әйтеуір, естияр жасөспірім кезінде бала Төлеу тәтесі, әулеттің келіні Бикен Оспанованың тәрбиесінде аңсыраған қырандай қомданып жетіле түсті. Бұл арада екінші дүниежүзілік соғыс басталып, жаһан дүрлігістер мен сүрлігістерге есін жия алмай жатқан-тын. Қазыналы Қарағандының қасиетті топырағы тартты ма екен, дәл сол уақта күш-қайраты жалындаған бозбала Төлеу еңбек армиясына жұмылдырылып, сол кездегі көмір өнеркәсібі халық комиссариатының «Қарағандыкөмір» тресттерінің кәсіпорындарына кенші болып еңбек етуге нұсқама алды. 1948-1949 жылдары ол кенішті шаһардағы №66 фабрика-зауыттық оқыту мектебінде арнаулы оқудан өтті.
Шахтер аға келді…
1949 жылы Төлеу «Молотовуголь» трестінің №50/52 шахтасында үйінді жөнелтуші лауазымында жұмыс істей бастады. Ал, 1950 жылы «Ленинуголь» тресінің Жданов атындағы №20 шахтасына ауыстырылды. Сол жылдың сәуір айынан бастап, Қарағанды қаласының №38 шахтасында әртүрлі учаскелерде, соның ішінде, орманшы, үңгір, үйінді тиеуші және комбайнер көмекшісі лауазымдарында жемісті жұмыс істеді.
Иә, ол жылдарда кенші болу тамұқтың босағасында жүрумен пара-пар десек, жарасар. Өйткені, мұнда қайыспас қара нар ғана аман шығып, абыройға бөленетін еді. Бір аралықтарда туған жеріне барып, ондағы ағайын-туысымен қауышатын еді. Сонда алыстан қарауытқан сұлбаны жазбай таныған ауыл балалары «Әне, қараңыздар, шахтер аға келе жатыр!» деп шұрқырай жамырасатын. Барлығына базарлық үлестіретін ендігі аға Төлеу көңіл түпкіріндегі сартап сағынышын осылай басатын. Расы керек, небәрі 15 жасында жанқиярлық еңбекпен басталған ұлы жол тас-табандаған қалпы 45 жыл жер астындағы қым-қуыт тірнекті тіршілікке ұласа берді.
Ал, ел ағасының отбасылық өмірі өлмес өнегеге толы. Жан жары Зура Ақажанқызы қаракөз еліміздің бірінші буындағы стенография маманы болған. Екеуі төрт бала тәрбиеледі. Зура әжеміз еңбек жолын Қарағанды қаласындағы теле-радио кешенінде бастады. Көрнекті жазушылар шығармаларының жалғанның жарығын көруіне қосқан үлесі мол. Сөзге шебер, дарынды Зура өрнекті өмірін отбасының ұйытқысы болып, кенші ағаның ғибратты жолына арнады десек, жарасар. Анамыз да заманында еңбек-қарекеті үшін бірнеше рет Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды.
Ерліктің асқақ жырындай…
Тереңдеген туннельдің тасырлаған дүсірінің тап қасында ежелгі аңыздардың кейіпкерлері сияқты олар жер қойнауына анасының құшағына енген сәбидей әр қадамын сенім мен риясыздыққа толтыра аттайды. Бәлкім, кеншінің әр күні, әр мезеті таудай ауыр қараңғылық пен үргедек үнсіздікпен ғұмыр бойғы бітіспес шайқас, қайла мен күректен шашыраған шым мен штрек сіңген жұмбақ қабырғалар көлеңкесімен астасып кете барады. Задында, шахтер халқы түнекті жарыққа айналдыратын, жер астындағы батпандаған есіл еңбекті жер үстіндегі ғанибетке айналдыратын алхимиктер ме дерсіз енді бірде. Кеншілер – тереңнен Жарық алып, ауыр еңбекті барлығына жарқылға айналдыратындар. Кеншіге бұйырған даңқ пен марапат бұл әрбір көмір үгіндісіне жазылған ерліктің асқақ жырындай.
Әлбетте, еселі еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Елдің атын ер шығарса, ер есімін елі де ұмытпайды. Соғыспен қат-қабат өрбіген еңбегі еленіп, Төлеу Ахметов 1947 жылы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, одан әрі еңбек майданына қатысушы ретінде «Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 30 жылдығы» төсбелгісін өңіріне тақты. Іле-шала 1984 жылы ол «Құрметті шахтер», «Еңбек ардагері» атағын еншіледі. Бұл – көмір өнеркәсібіндегі ең жоғары ведомстволық марапат. Ол өзінің көпжылдық еңбегі үшін I, II және III дәрежелі «Кеншілер даңқы» белгісінің кавалері атанды. Төлеу Ахметов Калинин атындағы №9 шахтада «Абай көмір» трестінде 20 жылдан астам жұмыс істеді. Осы жылдар ішінде ол өзінің бай тәжірибесімен жас кеншілерге де тәлімгер бола отырып, бөлісті. 1988 жылы ол зейнетке шықты. Осындай тау тұлғалы жандарға перзент көзімен әнтек қарағаныңызда, оларға асқар-асқар тауларға бет түзегендей басыңызды сәл иіп, тәжім етіп, «Мың алғыс!» дегіңіз келетіндей.
Әулеттің әулиесіндей
Әсілі, бақытты әке болу екінің бірі, егіздің сыңарының қос қолынан келе бермесі де шындық. Төлеу Ахметов отбасында әрі әке, әрі дос, әрі тәлімгер бола білген екен. «Бала кезімізде саябақта серуендеуге немесе ас үй үстелінде шахмат ойнауға жиі бірге уақыт өткізетініміз есімде» деп тебіренеді қызы Қалияш.
– Ол ерте тұруды әдет етті. Әр таң оның еміреніп, ұйқы құшағындағы бізді иіскеп, жаңа қайнатылған кофе мен шайдың сиқырлы иісінен басталатын. Ол әр таңын осылай таңғажайып ететін. Әкем айтқанын сөзсіз орындайтын. Өзгелерге қамқор болатын қасиеті маңайындағы жұртшылықты өзіне бірден баурап әкететін. Жүрегі алтын, абзал жан еді. Менің сабақ дәптеріме дейін қадағалап, әкелік мейірім тәрбиесін сіңірді. Өмірден өткенінде 31 жаста едім. Есеңгіреп қалдым. Үйдегі жиһаз біткеннің көбін әкешім өз қолымен жасады. Біз әкем барда шын бақытты едік! – дейді Қалияш Төлеуқызы.
– Рас, келін деген атым ғана болғанымен, атамның өз қызындай еркелеп жүретін едім. Осындай ордалы әулетке келін болғаныма шек күмәнсіз бақыттымын деп ойлаймын. Рас, жұмысында да, аймағына да ерекше сыйлы болған кеңпейілді атамыз ағайын-туысының есінде де алабөтен ақкөңіл қалпында қалыпты. Атам өмірдегі ұстазым және тәлімгерім болды. Ол маған қиындықтардан қорықпауға, әрқашан ізгілік пен жақсылыққа ұмтылуға үйретті. Оның өміршең кеңестері маған ең қиын сәттерде көмектесті. Отбасы мүшелеріне деген селкеусіз сезім-сенімі бізді әлі күнге дейін үнсіз тәрбиелеп келетіндей. Қызық. Атам қарапайым нәрселердің өзінен көл-көсір қуаныш таба білді, бара-бара, келе-келе мен де осы бір риясыз қалыбының жұрнақ-жұқанасын иемденіп алғандаймын. Асқар тау әкеміз ғұмырымызда өшпес із қалдырып кетті, – деп толғанады келіні Ханым Жұмабайқызы.
Тағылым таразысында
Саналы ғұмырында Толағайдай тау өңгеріп, төбесі төрден түспеген Төлеу Ахметов 1989 жылы 25 ақпанда Қарағанды қаласында қайтыс болды. Оның әзір ғұмыры өндірісті өңірдің тау-кен тарихында өшпес із қалдырып, болашақ ұрпақ үшін асқан еңбекқорлықтың өзгеге үлгісі болып айшықталды. Осы бір ғибратты ғұмырнама түп тамырына деген адалдықтың, табандылық пен жанқиярлықтың бірегей мысалындай. Қаһарманымыздың жетелі жетістіктері әрқайсымыздың өткеніміз бен бүгінімізді парықтап, әсте ұмытпаудың және батыр бабаларымыздың қиян-кескі қиындықтарын жеңу үшін сарқылмас күш пен шалқар шабыт табудың өзектілігін өзегімізге қайта қондырғандай еске салумен болады. Өзекті жанға өнеге қонған соң олар да, біздер де, сіздер де осы бір үзік тарих жұрнағын есте тұтқайсыздар…
P.S.:
– Асқар тауға теңесерлік сәулелі әулетіміздің шежіре-тарихын жинақтаған Төлеу баласы Серік, немересі Марат. Шынтуайтында, ұлым Марат атасының ғұмырбаянын тірнектеп жиып жүрген болатын. Сондай бір шақтың бірінде өзі еңбек еткен шахтаның мұражайына барған көрінеді. Ондағы Құрмет тақтасында жалаң ғана аты-жөні жазылыпты. «Бұл қалай?! Атамның өрнекті өмірі тек музей тақтасында есімі мен сойы ойылып бәдізделу үшін ғана сарп етілмеген болар?» деген қарсы сауал туындайды көкірегінде. Содан сонау Мәскеу, Алматы, Қызылжар, Қарағанды шаһарларынан қажетті мағлұматтарды жиып, жинақтайды. Мұның арғы жағында не қылаңытады дерсіз сұраулы жүзбен. Мұның арғы жағында елінің көсегесін көгертіп өткен ердің найзағайдай жалт еткен Намысы көмкеріліпті. Жалған намыс емес. Қайталап айтайық, найзағай намыс! – дейді толғанып келіні Ханым Жұмабайқызы.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»