TALIS-2024: Қазақстанның білім беру жүйесінде оң өзгерістер байқалды
ЭЫДҰ-ның TALIS-2024 – сабақ беру және оқытудың халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша, Қазақстанның білім беру жүйесінде оң өзгерістер байқалды. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім сапасын арттыру және педагог мәртебесін көтеру бағытындағы бастамаларының нәтижесін көрсетеді.

Зерттеу мұғалімдердің еңбек жағдайларын, кәсіби дамуын және оқыту тәжірибесін бағалайды. Биыл оған 7 мыңнан астам педагог пен 369 мектеп директоры қатысты.
2024 жылы мұғалімдердің орташа апталық жүктемесі 36 сағатқа дейін қысқарған (2018 жылы – 50 сағат). Сондай-ақ педагогтердің орташа жасы 41 жасқа дейін төмендеп, ЭЫДҰ елдері арасындағы орташа көрсеткіштен 4 жасқа жас болып отыр.
Оқу-ағарту министрлігі 2018 жылмен салыстырғанда, мұғалімдердің әкімшілік жұмыстарға аз тартылып, сабақ беруге және ата-аналармен байланысқа көбірек көңіл бөле бастағанын атап өтті. Педагогтердің мамандығына қанағаттану деңгейі де артқан. Сауалнама деректері бойынша, педагогтердің 95%-ы өз жұмысына көңілі толатынын, ал 80%-ы мамандықты қайта таңдаса, қайтадан мұғалім болуды қалайтынын айтқан.
Жамал АКПАРОВА