Талдыдан алтын бұйым табылды
Күні кеше Шет ауданы, Талды ауылындағы Қызылтау қорымынан қола дәуірге жататын алтын бұйым табылды. Зерттеу жұмыстарын Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік универси- тетінің археологиялық тобы жүргізуде. Былтыр да бұл жерден өткен заман белгілері саналатын түрлі бұйымдар табылған болатын.
Археологтардың айтуынша, бұл жолы олар бірге көмілген ер мен әйелдің сүйектерін тапқан.
– Бір-біріне қарама-қарсы жатқызылған мүрделер ақсүйек тұқымына жататын болуы керек. Себебі, олармен қоса алтын, қола бұйымдар жерленген. Қыздың алтын әшекейі бес сантиметр көлемінде. Бір ұшы үшкір де, екінші жағы ашық. Бұл – осы қорымда табылған жалғыз алтын. Дегенмен, Қызылтауда зерттелмеген әлі бір қорған бар, – дейді археолог Игорь Кукушкин.
Мамандар сүйектердің үлгілерін тиісті сараптамаға жіберетіндіктерін атап өтті.
Алтын әшекеймен қатар табылған қола білезіктер, пышақтар, жапырақша түріндегі шаш түйрейтін бұйым, қола моншақтар – қазақ даласында металлургияның өте жақсы дамығандығының тағы бір дәлелі.
P.S. Көне бұйымдардың таныстырылымы жөнінде толық мәліметтер газетіміздің келесі санында жарияланады.
Өз тілшімізден.