«Талды» археологиялық паркі туризмді түлетудің төте жолына айналады
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында «Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген» деген болатын. Бұған – құрылуы қолға алынып отырған «Талды» археологиялық паркі аумағына табанымыз тиіп барып, тағы бір мәрте көз жеткіздік. Жуырда аталған аумақтағы қызылтау қорымынан қола дәуіріне тиесілі алтын бұйым табылғанын газеттің өткен санында жазған едік. 2016 жылдан бастап, облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен жүйелі зерттеу жұмыстары жүргізіліп келе жатқан бұл аумақтың бүгінгі бағындырған биігі мен алдағы алар асуы адамзат баласын несімен таң қалдырмақ? Ежелгі дәуір нендей сыр шертеді? Әріден бастайық…
Адамзат баласының ардақты мекені
Түс ауа облыс орталығынан жол тартқан топ журналист Талды ауылынан он екі шақырымда орналасқан археологтар қосына келіп тоқтадық. Шатыр астында қазба жұмыстарын жоспарлап отырған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіндегі «Сарыарқа» археологиялық институтының қызметкері, ғалым Игорь Кукушкинге көзіміз түсті. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың мән-жайына ой жүгірту мақсатымен ғалымды әңгімеге тартқан едік.
- Парк аумағында тас, қола, темір дәуірінен бастап, бүгінгі күн аралығындағы қорымдар сақтаулы. Осы аралықта қанша дәуір, замандар мен адамдар, ұрпақтар толқыны өтті десеңші! Мұндай кереметті кездестіре беруіңіз екіталай. Патшалар мәңгілік тыныстаған жербесіктен бастап, қарапайым адамдар қабіріне дейін осында орналасқан. Енді міне, облыс әкімдігі қолдау білдіріп, Талды археологиялық паркі құрылмақшы. Парк аумағы айтарлықтай ауқымды. Әр нысанды жаяулап жүріп зерделеу мүмкін емес. Арнайы көлік қажет. Ендігі мақсатымыз да осы аумақта іздеу-барлау, қазу жұмыстарын жүргізіп, фото-құжат әзірлеу, аумақ жоспарын, ескерткіштер мен қорымдардың пайда болу кезеңін, олардың орналасу орнын, GPS координатын белгілеу, – дейді Игорь Кукушкин.
Ғалымның айтуынша, Талды өзені бойын адамзат баласы ежелден қоныс еткен екен. Андроновтар, сақтар, ғұндар, түркілер, алтынордалықтар, қазақтар… Осылай жіктеп кете беруге болады. Оған түрлі себеп болуы мүмкін. Қысы-жазы кенезе кептірмейтін өзен ылғалы мен қолайлы климат, жанға, малға жайлы шұрайлы топырақ, айналаны түгел шолуға мүмкіндік беретін ыңғайлы жер бедері. Арғысын айтып тауысу мүмкін емес. Әңгімені де осы жерден үзуге тура келді. Себебі, бұдан соң Қаражартас қорымы 2, 1-ші қорғанға атбасын бұрған болатынбыз.
Қорған бар да, адам сүйегі жоқ
- Бұл қорған бірыңғай тастан тұрғызылған. Диаметрі 21 метр болса, биіктігі 2 метрге жетеді. Оның ерекшелігі де осында. Себебі, қорымдар көбіне-көп тас пен қара топырақтан тұрғызылатын еді. Мұнда ондай жүйе сақталмаған. Екіншіден, қорған құрылымы сақталған. Яғни, мәйіт жерленетін қорымды қоршап тұрған шағын 3 тас қоршау бар. Үшіншіден, үш қалақты жебе ұшы (қола), тас қайрақ және қыш бұйымдар қалдығы (38 дана) қабірден тыс аумақта табылды. Бұл да өте қызықты жайт. Өйткені, бұған дейін табылған жәдігерлер қабір ішінде орналастырылған болатын, – деді облыстың тарихи-өлкетану музейі директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Дәурен Жүсіпов.
Оның айтуынша, 2016 жылы анықталған қорған биыл қазылыпты. Ерте темір дәуіріне тиесілі. Шамамен, біздің заманға дейінгі VIII ғасыр мен алғашқы мыңжылдық аралығы. Себебі, табылған қыш бұйымдар өрнектелмеген. Сондай-ақ, бір қызығы бұл қорғаннан адам сүйегі табылмаған. Ғалымдар, тіпті, 2 метр 10 сантиметрге дейін қазып көріпті. Қабір іші де барынша кең. Ұзындығы мен енінің жалпы аумағы 16 метрді құрайды. Қабір бұрын-соңды тоналған болса шашылған сүйек табылуы тиіс еді. Бірақ, сонда не адам сүйегі, не қандай да бір жәдігер кездеспеген.
Аспан асты музейі
Қорған жазықта орналасқанымен, бірыңғай тастан тұрғызылғанын айтқан едік. Алайда, айналаға көз салып, елеусіз жатқан алып тастарды аңғара алмадық. Яки, тастар бірнеше шақырымнан арнайы жеткізілгені байқалады. Тіпті, кейбірінде жылқы, түйе, не болмаса, өгізге жегуге ыңғайластырылған ойықтар да бар.
Алдағы уақытта ғалымдар адам сүйегі жерленбеген осы тектес қорғанды іздестіруді ойға алып отыр. Себебі, бұрын-соңды мұндай жайт кездеспеген екен. Сондай-ақ, аталған қорғанның қайта құру жұмыстары атқарылмақ. Қорған маңында оның ашылмай тұрған бейнесіндегі тас үйінді жасалып, қазба жұмыстарына дейінгі және кейінгі қалпы ұсынылады. Ол өз кезегінде туристер мен келушілердің бағзы заманға саяхат жасауына мүмкіндік беретін болады. Бұл жұмыстар биыл тамыз-қыркүйек айларында аяқталады деп жоспарлануда.
2017 жылы бұрын-соңды болмаған оқиғаға куә болдық. Осы Қаражартас қорымында пирамида табылып, өткен жылы онда қайта құру жұмыстары жүргізілді. Сол жылы облыс әкімі Ерлан Қошанов арнайы келіп, аспан астындағы ашық музей паркін құруды тапсырған болатын. Себебі, осы пирамида аумағындағы 100 шақырым радиуста осытектес 200-ге жуық тарихи ескерткіш бар. Сондықтан, алдағы жылдардағы археологиялық жұмыстарды бағдарлайтын 3 жылдық бағдарлама құрылып, бүгінде қолданысқа еніп үлгерді. Осы жылдар аралығында жұмыс нәтижесіне сай парк құрылатын болады. Бұл күні аумақта бір мезгілде 5 экспедициялық топ жұмыс жасап жатыр, – деді облыстың мәдениет, ахивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев.
Тарлан тарихтың бедерлі беттері
Бұдан әрі археологтар осы аумақтағы Қызылтау қорымына бастап барды. Газеттің өткен санында айтқан алтын бұйымдар нақ осы қорымнан табылған болатын. Мұнда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университенінің археологтары қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр екен.
- Бұл жерде 40-қа жуық қорған бар. Біз соның бесеуін зерттеп үлгердік. Олардың басым бөлігі ортада жерленген адам сүйегін айнала орталастырылған. Өз кезегінде, ортадағы қабір қос дөңгелекті арбада тұрып, соғыс жүргізген жауынгерге тиесілі. Жерлеу ерекшелігіне келетін болсақ, бұл ең алдымен жылқыны қоса жер қойнауына берумен айрықшаланады. Қару-жарақ та қоса жерленген қорғандар көптеп кездеседі. Оның тұсына топырақтан, не болмаса, тастан тұрғызылған қабірлер орналастырылатын. Қабір аумағын қоршай тұрғызылған тастар да өте шебер қашалған деуге тұрарлық. Ондай қабірлердің үсті де тас-плиталармен жабылатын болған, – дейді Игорь Кукушкин.
Ғалымның сөзіне сенсек, мәйіттер сол, не болмаса оң жақ жамбасқа жатқызылған екен. Ер адам қабіріне қару-жарақ тиесілі болса, әйел адам тұсына бағалы әшекейлер, қыш бұйымдар қойылатын болған. Бұл зерттеулер Қазақстан тарихындағы жазу үрдісі пайда болмаған кезеңдерді қамтиды. Сондықтан, заманауи технологиялар мен дәйекті дәлелдер тарлан тарихтың бедерлі беттерін байыптауға мүмкіндік бермек.
Алтынмен апталған қос сырға
Сөйтіп, өткен жылы ғалымдар бір қабірде ер адамға арқа сүйеп жатқан әйел адамның мүрдесін тапса, биыл бір-біріне қарама-қарсы жатқан 16- 17 жасар қыз-жігіттің сүйегін қазып алды. Ер адам сол жақ, ал, әйел адам оң жақ бүйірімен жатыр. Олардың неліктен бірге жерленгені күні бүгінге дейін құпия. Бәлкім, әйел адам бірнеше жылдан кейін барып жерленуі мүмкін. Мүмкін, ер адам мәңгілік сапарға аттанғанда жары да қоса жерленген деген болжам бар. Анығын айту қиын.
Әйел адам қолына екі білезіктен тағынған. Онда «+» белгісіндегі салпыншақ та бар. Сондай-ақ, алтынмен апталған қос сырға да табылды. Абырой болғанда, бұл қабір тонаушылардың назарына ілікпеген сыңайлы. Бірақ, өкінішке орай, қорымдардың 95%-дан астамы ұры-қарының олжасына айналған екен.
Бұдан бөлек, осы қорым тұсындағы қабірлерден қанжар, шолпы, салпыншақ, тіпті, моншақ та табылыпты. Сондай-ақ, сүйектен жасалған ауыздық да табылды. Енді бір қорымда жеті бірдей қыш ыдысқа салынған әйел адам сүйегі табылды. Тіпті, сүйегі деуден бұрын, ыдыс толы сүйек күлі деуге де болады. Ал, бас сүйек өртелмеген. Соған қарап, ғалымдар бұл әйел «абыз, әлде, күн пірі ме екен?» деген болжам жасауда.
Тиісті зерттеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Сондықтан, алдағы жылдары туризмді түлетудің төте жолына айналатын «Талды» археологиялық паркінің игілігін көрер күн де алыс емес секілді. Ең бастысы, 3 жылға жоспарланған бағдарлама қаражатынан қағылмай, алған бетінен жаңылмай жұмыс жасаса дейміз.
Рауан ҚАБИДОЛДА.