«Талаптың мініп тұлпарын»
Жастайыннан киелі сахнада өнер көрсетіп, домбыраны жанына серік еткен, халықаралық, республикалық, облыстық әншілер байқауларында топ жарып, жүлделі орындарды қанжығалап жүрген Аяла МУКУШЕВАНЫҢ жұлдызы жанып, көкке самғады. Ол – Үштөбе орта мектебінің 7- сынып оқушысы.
Жақында Аяла П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің ұйымдастыруымен өткен ҚР Халық әртістері Кәукен Кенжетаев пен Шабал Бейсекова атындағы халықаралық әншілер байқауында «Дәстүрлі ән салу» аталымы бойынша жүлделі бірінші орынды иеленді.
Байқауға республикаға танымал өнер қайраткерлері П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры Біржан Хасанғалиев, әнші, Қазақстан еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, әнші, мұғалім Бағлан Жолдасқызы, республикалық байқаулардың лауреаты Ерназ Халықовтар төрелік етті. Қазылар алқасының құрамынан-ақ бұл байқаудың салмақтылығын байқауға болады. Аяланың өнер жолындағы талабын шыңдап жүрген №3 балалар музыка мектебінің оқытушысы Үміт Есмағамбетованың еңбегі зор. Байқауда Аяла халық әні «Сметті», Естайдың әні «Жай қоңырды» орындады.
Сондай-ақ, Аяла 25 ақпан күні «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі аясында «Білім-инновация» ХҚҚ-ның ұйымдастыруымен өткен «Жарқын болашақ» ІХ республикалық қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңіне «Әнші бұлбұлдар» аталымы бойынша байқауға қатысып, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Елдің, облыстың, абыройын асқақтатып, талантымен, ерекше дарындылығымен биіктерден көрініп жүрген Аяла – біздің мақтанышымыз! Байқаулардан бөлек пәндік олимпиадаларда да алдыңғы қатарда жүретін оқу үздігі. Өнер мен білімді қатар ұстап, барлығына үлгеруі – Аяланың еңбекқорлығын білдіреді. Бұл – мектебіміздің өзге оқушыларына үлгі боларлық жеңіс.
А. ҚАДІРБЕРЛИНА,
Үштөбе орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі.
БҰҚАР жырау ауданы.