Жаңалықтар

Талап – талмас қанат

Ақтоғай ауданына қарасты Нұркен ауылдық округінде наубайхана ашылды. Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Абылай Аманжолов қатысып, жас кәсіпкерге жемісті еңбек тіледі.

Аудан әкімінің орынбасары қазіргі нарықтық экономикада бағаны тұрақтандыратын осындай бастамалар екенін алға тартып, тиісті құзырлы орындарға мұндай жобаларды қолдау жөнінде тапсырма берді. Сонымен бірге, бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығына да тоқталды. Басқаларға үлгі ретінде көрсету қажеттігін айтты.

Кәсіпкер Қасиет Рақатұлы өз қаражатына бірқатар қажетті құрылғыларды сатып алып, наубайхана ашуды көптен бері жоспарлап жүрген еді. Енді міне, бизнес жобасын өзі түтінін түтеткен ауылында жүзеге асырды. Наубайханалардың тәжірибесіне сүйене отырып, өндіріс орнын заманауи жабдықтармен қамтыған. Оның айтуынша, наубайхананы толықтай іске қосуға аудан әкімінің шағын кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі бір млн.теңге гранты көмек болған. Қазіргі уақытта жаңа кәсіп нысаны ауылдағы ағайынды күнделікті жаңа пісірілген нанмен қамтамасыз етіп отыр. Наубайханаға әзірге екі ауыл тұрғыны тұрақты жұмысқа алынған. Бұған дейін ауылға нан сырттан келетін. Сондықтан да, бір бөлке нанның құны 200 теңгеден сатылды. Қазір жергілікті наубайхананың наны – 170 теңге.

– Ауыл халқының алғысына бөленіп жатқан кәсіпкерге ризамыз. Күнделікті жаңа піскен нанды қолжетімді бағада сатып алып отырмын, – дейді ауыл тұрғыны Абзал Шөкенов.

Нұрдос КӘРІМ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button