Жаңалықтар

Талантты тану

«… Оған бола бәсеңсімес алаулы ой, Достық деген бір мақсатқа бір көзбенен қарау ғой».

Мұхтар ШАХАНОВ.

1990 жылдың жазы. Кеңес үкіметінің іргесі сөгіліп, еліміз тәуелсіздік алып, дербес, азат мемлекет боламыз деп жан ұшырып жатқан аласапыран кез болатын. Арқалы режиссер, білікті басшы Жақып Омаров ағаның басшылығымен Ақмолада қазақ театрын ашу ісі қызу қолға алынған тұс еді. Ағаның шақыруымен жер-жерден дарынды азаматтар осында бас қоса бастады. Осы қатарда менің кішкентайдан бірге өскен досым, саусағының сиқыры бар, жүрегі тебіреніске толы күйші, марқұм Алпысбай Тұрсымбековпен жаратушының қазақ өнеріне тарту еткен ерекше сыйы, композитор, ірі музыка маманы Амантай Жұмашев та бар еді. Екеуі егіз қозыдай болып Жезқазғаннан келіп, жаңадан бас қосып жатқан актерлар қауымымен етене араласып кетті. Ұғым-түсінігіміз үндесіп, әйелімізге де айтпайтын сырымызды айтып, мұңдасып жүретін туған бауырымдай болып кеткен Амантай Жұмашевпен алғашқы таныстығымыз осылай басталып еді. Мұның бәрін айтып отырған себебім – кеше ғана жарқылдап жүрген жалынды жас жігіт бүгін, міне, алпыстың мүйісіне иек артқан ағалық жасқа толып отыр. Мен бүгін Амантай бауырымның осы уақытқа дейін өнер өлкесіне сіңірген еңбегі, жеткен жетістігі, бағындырған биігі жайлы сөз қозғамай-ақ қояйын. Өйткені, ол қысқа қайыруға келмейтін, көлемді еңбекке жүк боларлық мол дүние. Келешекте ол жайында толыққанды үлкен еңбектер жазылар деп сенемін. Себебі, Амантай көптің бірі емес, ол өзін дүниеге әкелген Ұлы даласының дегдар қасиеті сүйегіне сіңген текті өнерпаз. Осы тұрғыда кейде мынандай ойға бой алдыратын кез болады. Өнерге, жалпы заң тұрғысынан жалпыламай көзқарас қалыптасса өнер өлкесін біркелкілік жайлап, оқшау тұлғалардың сұлбасы солғын тартуы мүмкін ғой. Бұл, әрине, қауырт тірлік үстінде естен әсте шығаруға болмайтын ой болу керек.

Амантай бауырым, ағалық жасқа толуың құтты болсын! Сенің әрбір сәтті қадамың мен үшін үлкен қуаныш екенін өзің жақсы білесің. Сен қаншалықты қарапайым болсаң, соншалықты биікте тұрған азаматсың! Сені сондай биіктен көріп жүру мен үшін үлкен бақыт! Ғұмыр-жасың ұзақ болып, ұрпағыңның қызығын көріп жүре бер. Ұзағынан сүйіндірсін!

Қадірлі оқырман! Бұл жалаң сөзді жалаулатып жалған мақтау емес, талантты танып, тектілікке табыну деп ұқсаңыздар екен..

Қайрат КЕМАЛОВ,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.

Басқа материалдар

Back to top button