Талантты, талапты – Томирис
Астана қаласында өткен «Үздік дарынды оқушы» республикалық байқауында Үміткер орта мектебінің 3-сынып оқушысы Томирис Олжасқызы Əділхан 1 дəрежелі дипломға ие болып, «Үздік оқушы» деген арнайы төсбелгімен марапатталды.

Байқау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – Адал табыс» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылып, еліміздің əр өңірінен 1-11 сынып оқушылары қатысты. Байқау дарынды, білімге құштар, талантты жəне озат оқушыларды анықтап, олардың жетістіктерін дəріптеу арқылы жастарды білімге ынталандырады.
Томиристі республикалық байқауға дайындаған ұстазы – Гүлмира Қайырқызы Ғазалиева. Гүлмира Қайырқызы Үміткер орта мектебінде 30 жылдан астам уақыт бойы шəкірттерге білім мен тəрбие беріп келе жатқан тəжірибелі педагог. Сонымен қатар, оқушының тəрбиелік дамуына қолдау көрсеткен – мектептің тəрбие ісі жөніндегі орынбасары Сарқыт Шаймұханқызы Шаймердинованы да атап өткіміз келеді. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде оқушылардың жетістіктері қаралды, екінші кезеңде əр қатысушыға эссе жазу тапсырылды. Томирис «Менің алғашқы жетістіктерім» жəне «Мектеп мені неге үйретті» тақырыптары аясында өз ойын шебер жеткізіп, республикалық деңгейде үздік деп танылды. Аталған екі кезең де онлайн форматта өтті. Жіберілген ақпараттар, оқушының шығармасы тексеріліп, Томирис республикалық дарынды оқушылар форумына қатысуға жолдама алды. Форумға еліміздің əр өңірінен 100-ден аса оқушы жиналды.

– Томирис өте ақылды, дарынды оқушы, оқу озаты. Өлең жазуды жақсы көреді, болашақта ақын болуды армандайды. Қандай байқау болса да, барлығына қатысып, көргісі келеді. Әкесі, анасы мен ата-əжесі оған ерекше қолдау көрсетеді. Бұған дейін мен екі оқушымды осы республикалық байқауға дайындаған болатынмын. Екеуі де жүлделі болды. Солардың бірі – Нұрсұлтан Қазбеков, екіншісі – Балауса Айдарова. Қазір олар 7-сынып оқушылары. Томирис осы байқауға дайындап, жолдап отырған үшінші оқушым, – дейді ұстазы Гүлмира Қайырқызы.
Кішкентай ғана талапты да талантты Томиристі əрдайым қолдап, демеп жүрген атасы Əділхан, əжесі Балқия, əкесі Олжас пен анасы Балаусаның жанашырлығы – көп отбасыға үлгі боларлықтай екенін ұстазы ерекше атап өтті. Томиристің жеңісі мектептің абыройын арттырып қана қоймай, дарынды балаларға берілген білім мен қолдаудың қаншалықты маңызды екенін көрсететін жарқын мысал болып отыр. Томирис Олжасқызы мен ұстазы Гүлмира Қайырқызын, сондай-ақ қолдау көрсеткен мектеп ұжымын жарқын жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Жас дарынның алар асуы əлі алда. Білім мен еңбектің арқасында биік белестерді бағындырып, талай жетістікке жете беруіне тілектеспіз.
Б.ЖАКЕШОВА
Бұқар жырау ауданы



