Талантты тұлғаның тұғыры
Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының тұңғыш суретшісі, белгілі сценограф Мәлік Байкеновтің рухына арналған мемориалдық көрме жұмысын бастады. Талант ғұмырынан сыр шертер көрме Қарағанды қаласындағы «Алтын ғасыр» галереясында ашылды. Экспозицияда театр қойылымдарына арналған сахналық декорациялардың жұмыс нобайлары, сонымен қатар, суретшінің кескіндемелік туындылары бар.

Көрме көрермендерге тарихқа енген спектакльдердің сценографиясы туралы, шығармашылық ізденіс пен көркем ойдың қалыптасу үдерісін баяндайды.
Көрмеге кіру тегін. «Алтын ғасыр» галереясының жетекшісі Бибігүл Исполованың айтуынша, көрме кеңістігінде ерекше театрлық атмосфера қалыптастыру – басты мақсат.
– Көрермен көрменің рухын, оның атмосферасын терең сезінгенін қалаймыз. Бұл көрме театр өнерін бағалайтын жандар үшін қызықты болары сөзсіз. Мұнда театр әлемінің бір бөлшегі бар, – деді Бибігүл Исполова.
Мәлік Байкенов Қарағанды музыкалық комедия театрында 1973 жылдан бастап еңбек етіп, 1984 жылы бас суретші қызметіне тағайындалған. Шығармашылық жолында ол 100-ден астам қойылымның, анығырақ айтқанда, опера, балет, драма, оперетта, мюзикл және балалар спектакльдерінің көркемдік безендірілуін жасаған.
Сондай-ақ, суретші Қарағанды мен Теміртаудағы өзге де театрлармен тығыз шығармашылық байланыста. Сәкен Сейфуллин және К.Станиславский атындағы театрлармен, Жас көрермендер театрымен ынтымақтастық орнатқан. Оның сахналық декорациялары Петропавл, Павлодар және Алматы қалаларындағы театр сахналарында да көрермен назарына ұсынылыпты.
Мәлік Байкенов – кәсіби марапаттардың иегері. Өнер саласындағы еңбегі үшін жоғары бағаланған тұлға. 2007 жылы оған «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» құрметті атағы берілді.
Мәлік Байкенов 2012 жылдың маусым айында дүниеден өтті. Мемориалдық көрме 10 ақпанға дейін жалғасады.
Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»



