Қарағандылық Әлия Сүлейменованың жұмыстары шетелде де жоғары бағаланды
Отставкадағы подполковник Әлия Сүлейменова қолөнермен айналысып жүр. Оның адамның көңіл күйіне негізделген кішкентай қуыршақтары бүгінде Теміртау тұрғындарының көзайымына айналып отыр. Тіпті, алғашқы жеке көрмесі қалалық өлкетану мұражайында ашылды.

Әлия Сүлейменова тергеуші, адвокат та болған. Ол – ITF таэквондодан үш дүркін әлем чемпионы, Азия және Еуропа чемпионы, Әлем кубогының абсолютті иегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері әрі жаттықтырушы.
Қолөнер шебері алғашқы кейіпкерлерін шамамен он жыл бұрын жасай бастаған. Ол кезде капроннан жасалған ертегідегі орман кейіпкерлері мен үй перілері болатын. Кейін ол тоқыма қуыршақтарын, сондай-ақ, фоамираннан, қамырдан және пластилиннен кейіпкерлер жасаған. Қуыршақ жасауды шебер бес жылдан кейін қайта қолға алған.
– Интернеттен қуыршақ жасаушылардың полимерлі саздың түрлерін және фарфорды қолданатынын көрдім. Қызығып, өзім де байқап көруге шешім қабылдадым. Тағы да жасап, қателесіп үйрену арқылы осы материалдармен жұмыс істей бастадым. Соңында полимерлі сазға тоқтадым, – деді Әлия Сүлейменова.
Оның жұмыстарының ерекшелігі – шебер дайын молдтарды, яғни, материалға қажетті пішінді, арнайы қалыптарды қолданбайды.
– Мен молдтарды ұнатпаймын. Өйткені, әр қуыршақ, әр кейіпкер өз эмоциясымен, өз көңіл күйімен дүниеге келеді. Олардың ішінде менің де көңіл күйім бар. Ал, дайын қалыптар – біреудің еңбегі, өзгенің идеясы. Қуыршақ бейнесі көбіне өмірден алынады. Оның үстіне, кейде алдымен кейіпкер емес, бір деталь пайда болады. Мысалы, көзілдірік, қолшатыр, тәж, қалпақ немесе тіпті, кәдімгі түйме, – деді шебер.
Қуыршақ жасау жұмысы берік сымнан жасалған қаңқадан басталады. Көптеген кейіпкерлерде ол басы, қолы мен аяғы қозғала алатындай етіп жасалған. Содан кейін шебер денесін, бетін және аяқ-қолдарын мүсіндейді. Содан соң киімін тігеді.
Шебердің айтуынша, ол қуыршақ жасауды бастаса, міндетті түрде соңына дейін жеткізеді. Бір кейіпкерді жасауға бір күннен бір аптаға дейін, кейде одан да көп уақыт кетуі мүмкін екен.
Әлия Сүлейменованың жұмыстары Қазақстанда ғана емес, шетелде де жоғары бағаланды. Туындылары Испаниядағы халықаралық көрмеге қатысып, бас жүлде алған.
2024 және 2025 жылдары Ұлыбританияда өткен GOLDEN TIME TALENT халықаралық таланттар байқауында да үздік атанған. Есімі «Әлемдегі 100 талант» атты британдық каталогқа енгізілді.
Оның қуыршақтары American Edition, АҚШ-та өткен Teravarna, Испаниядағы Dali’s Mustache және SEA SUN FESTIVAL халықаралық байқауларына, сондай-ақ, қазақстандық Fiestalonia Kazakhstan және Asia Art конкурстарына қатысқан. Барлық жерде шебердің жұмыстары қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, құрмет дипломдарымен марапатталған.
Әлия Сүлейменованың қуыршақтарын 13 наурыз бен 13 сәуір аралығында Теміртау қаласының өлкетану мұражайынан тамашалауға болады.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»


