Талант пен тарих үндесіп…
Бейнелеу өнері мұражайында Суретшілер одағының 60 жылдығына орай «Қарағандының көркемдік бастаулары» көрмесі басталды деп хабарлады мұражай мамандары. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, қорда 60 жұмыс бар. Олардың қатарын фотосуреттер, картиналар, мүсіндер толықтырып тұр. Мұның бәрі қарағандылық бейнелеу өнері шеберлерінің туындысы. Қарағанды қаласының 90 жылдығы мен Суретшілер одағының 60 жылдығы қатар келген мерейлі жылда мұражай осындай мәнді көрме ұйымдастырды.
– 2024 жыл мерейтойлық атаулы күндермен есте қалмақ. Атап айтқанда, қаланың 90 жылдығы және Қарағанды Суретшілер одағының 60 жылдығы. Екі мерейтойдың маңызы зор. «Қарағандының көркемдік бастаулары» көрмесі – «Суретшілер одағы – 60» көрме циклінің алғашқысы. Көрмеден Қарағандыдағы бейнелеу өнерінің бастауында тұрған – Владимир Эйферт, Павел Фризеннің жұмыстары орын алған. Жалпы, көптеген суретшілер сол кезеңде қуғын-сүргінге ұшырап, тағдырдың жазуымен Қарағандыға келді. Дарынды суретшілер қаланы безендіруге үлес қосты. Портреттер салды, алғашқы өнер үйірмелерін ұйымдастырды. Қаланың көркемдік өмірі осы тұлғалардан тамыр тартады, – дейді мұражай директоры Бибігүл Құдабаева. «Суретшілер одағы – 60» циклінің көрмесі жыл он екі айға созылады
– Циклдің бірінші көрмесі – Қарағандының 50-60 жылдардағы бейнелеу өнеріне арналса, келесі экспозиция – бұл 70-ші жылдарды қамтиды. Барлығы Қарағандының өткен тарихы, өндіріс, сондай-ақ, қаланың дамуына үлес қосқан сол кездегі қайраткерлердің портреттері туралы 60 жұмыс ұсынылды, – дейді көрме кураторы, мұражай директорының орынбасары Мейрамгүл Елубаева. – Әрине, Қарағандыда көрмелер 1964 жылы Суретшілер одағы құрылғанға дейін де өтті. Алғашқы көрме 1945 жылы ұйымдастырылса, ал, 1956 жылы Қарағанды көркемөнер-өндірістік шеберханасы ашылды.
Көрменің фотоблогы негізінен 1953 жылдан Қарағандыда тұрған мүсінші-монументалист Николай Рыбецкийдің еңбектерінен жасақталған. Мүсіншінің қолтаңбасы Кеншілердің мәдениет сарайында, теміржол вокзалының ғимаратында қалғанын атап өту ләзім.
Кескіндеме – бұрынғы суретшілердің суреттері. Олардың көпшілігі Ұлы Отан соғысының қатысушылары – Виктор Крылов, Павел Реченский, Павел Андрюк, Петр Антоненко. Ал, көрменің мақтанышы – өңіріміздің тұңғыш қазақ суретшісі Райымқұл Есіркеев. Ол – Қарағанды Суретшілер одағының негізін қалаушылардың бірі.
Анатолий Билык пен Юрий Гуммельдің еңбектері мүсін блогында орналасқан. Анатолий Билыктың жұмысы Украина мен Қазақстанның қалаларына көрік берді. Қарағандыда ол Юрий Гуммельмен бірлесіп, Кеңес Одағының Батырлары Нұркен Әбдіров пен Зоя Космодемьянскаяға ескерткіштер жасаған.
Көрме қаңтардың соңына дейін жалғасады.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz