Жаңалықтар

Талабына нұр жауған Татьяна

Күні кеше ғана қарағандылық ұстаз Татьяна Құдайбергенова ұзақ жылғы еңбегі еленіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алып, мерейі тасыды. Ұлты – украин, бірақ жаны да, жүрегі де «қазақ» деп соғады. Отыз бес жыл болды, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі шәкірттерінің санасына сәуле құйып жүр.

Сурет akorda.kz сайтынан алынды

Татьяна Сергеевнаның тілі қазақша шығыпты. Содан өзі де қазақ мектебінде оқуды армандайды. Қызылорда қаласындағы №179 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттап, мектебінің «жұлдызына» айналып шыға келеді. Оқу үлгерімі бойынша да үздік, қоғамдық іс-шараларға да белсенді қатысады. Қаршадайынан қазақ тілін сүйген ол өлеңге, жырға құмартып өседі. Кітап оқу сүйікті ісіне айналады. Осылайша, мектеп қабырғасында жүріп-ақ мұғалім болуды өмірлік мақсаты етеді. Әсіресе, сүйікті ұстаздары бастауыш сынып мұғалімі Бағымгүл Үсенғалиева мен қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Малика Асамұратова осы бір мәртебелі мамандықты таңдауға үлесін қосып, жол көрсетіпті.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің, филология факультетінде мықты мамандар шоғырланғаны, жалпы дәуірлеп тұрғаны туралы ақпарат жер-жерге тарайды. Мұны естіп алған жап-жас Татьяна қалайда осы оқу орнының студенті атануды ойлап, барын салады. Қызылордадан арман қуып Қарағандыға келген Татьяна Сергеевна осылайша, оқуға түсіп, есіміне сырттай қанық болып өскен елге белгілі ғалым-ұстаздардан тәлім алады.

Университет ұстаздары да жалындап тұрған украин қызының қазақ тіліне деген махаббатын, құрметін бірден сезініп, ықыласпен қабылдайды. Сол бір сәулелі сәттерін ұлағатты ұстаз былай есіне алады:

Қарағандыға келгенімде үлкен қорқыныш болды. Бірақ, ұстаз болу деген ұлы арманым соның бәрін жеңе білді. Университет мұғалімдері алғашында аң-таң болғаны бар. Кәдімгі қазақ қыздарынан кем сөйлемейтінімді көріп, қолдау көрсетті. Әсіресе, қазақ тілі грамматикасынан сабақ берген Шапағат Жалмаханов әкемдей қамқорлық көрсетті. Ол кезде факультет деканының орынбасары еді. Сабақ беру методикасы, тіл стилистикасы, грамматикасы, тіл мәдениеті салалары бойынша білімімізді тереңдетті. Әр дәрісінде тәптіштеп түсіндіретін еді. Сол оқығанымыздың барлығы ұстаздық жолымызда кәдеге жарап келеді. Сөйтіп, сүйікті университетімізден тек мұғалім ғана емес, қазақ тілінің жанашыры әрі зерттеушісі болып шықтық, – дейді Татьяна.

Талапты Татьянаның Қарағандыға келген қадамы құт болып, Құдайбергендер әулетіне келін болады. Өмірлік жолдасы Сәбитпен жолығып, шаңырақ құрады. Қазір әулетінде өнегелі келін, аяулы жар, ардақты ана.

Университетті үздік бітірген жас маманды әрі жас ғалымды кез келген мектеп құшақ жая қарсы алады емес пе? Осылайша еңбек жолын Қарағандыдағы №47 мектепте бастаған ол Абай ауданындағы №10 мектеп-гимназиясында, №14 мектеп-лицейінде шәкірттеріне білім береді. Одан соң өмірінің бір бөлшегіндей болған ғылым саласына да ойысуды ойластырып, Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтында еңбек жолын жалғастырады. Содан соң Премьер-Министр Кеңсесінің лингвистика орталығында ұзақмерзімді іссапарда болып, қазақ тілі ғылымы жайлы кешенді жобалар әзірлеуге өз үлесін қосады.

Қазір Қарағандыдағы «Әділет» болашақ мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, сабақ беріп жүр. Онымен қоса, аталған мектеп директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары. Ғылымға баулыған шәкірттерінің алды ендігі беделді ұстазға айналып үлгерген.

Қазір де қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында ауқымды жұмыстар атқарып жүр. Ғылым мен білімді қатар ұштастырып жүрген ұлағатты ұстаздың ұстанымы да ұлы: Ана тілге құрмет – Алашқа құрмет!

Ағартушылық бағытта түрлі мақалалар мен жобалардың авторы, білікті педагог Татьяна Сергеевна Президент қолынан мәртебелі марапатты алғаннан соң сөз сөйлеу рәсімінде Президентке мұғалімдердің мәртебесін көтеру ісіне қамқорлық пен қолдау көрсеткені үшін алғаусыз алғысын жеткізіпті.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button