Бас тақырыпРуханият

Талқыдағы тақырып – той

Бүгінгі таңдағы толғағы жеткен мәселелердің бірі – той төңірегінде. Аптаның сейсенбісінде облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы бастап, «Той» журналы қостап, «Той – тәрбие құралы» атты асабалардың алқалы жиыны өтті.

Ілкімді шараның тізгінін ақын Сәттібай Жүнісов ұстап, Мирас Құттыбай жиынның маңыздылығын атап өтті.

Аға буын мен жас буынның басын қосқан бұл жиынның негізгі көтерген мәселесі – той мәдениеті, асаба мәнері. Иә, қазіргі кез – шоумендер қақсап, аталы сөз ұстаған асабалардың ақсап тұрған уақыты. Негізгі – шеңбер осы болды.

 Жиын барысында Жаролла Ақышев, Бекзат Алтынбеков, Қуаныш Сейітжанов, Болатбек Тоқмырза кемел ойларымен бөлісті.

Аға буын өкілдерінің ортаға салған ойлары – нақ, осы шараны іздеп келгендей-ақ. Жас буынның өрескел дүниелері мен олқылықтарын ортаға салып, сынап та, сыбап та алды. Ағалардың бұл сыны – ұлт келешегі үшін жасалған бірден-бір заңды қадам.

 Қазіргі қазақ тойының мәні қандай? Тойдан көбінесе еңсесі түсіп, діңкесі құрып, қайтып бара жатқан жұртты көреміз. Неліктен?

Қазақтың тойы – тәрбиенің құралы, мәдениеттің көрсеткіші. Әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді насихаттап, өнер жарыстыратын – торқалы тойдың өзі болған бұрындары. Ал, қазіргі тойдың мән-мазмұны да, маңыздылығы да мүлдем басқаша. Жаңашаланды дейсіз бе, әйтеуір, көз куә.

Атақты Досбол шешеннен «Қол бастау қиын ба, әлде жол бастау қиын ба?» деп сұрағанда: «Қол бастау қиын емес – көк найзалы ерің болса, жол бастау қиын емес – соңыңнан ерген елің болса, бәрінен де сөз бастау қиын, тауып айтсаң, мереке қылады, таппай айтсаң, келеке қылады» деген екен. Міне, көп алдында көсіле біліп, тойыңыздың мәнін ашып, сәнін келтіретін – азулы асаба. Той тізгіндеушінің басты құралы – ұшқыр ой, ұтқыр сөз. Яғни, ауыз әдебиеті мен қазақ әдебиетіне қанық, тарих тағылымын терең ұғынуы шарт. Қазіргі асабалардың бойынан осы арда қасиеттер табыла ма?

Асабалыққа біреулер ерекше өнер деп қараса, бәзбіреулер жеңіл кәсіп деп санайды. «Ұялмаған әнші болады» демекші. Екі ауыз тақпақ жаттаған той басқарады, қазір.

 Той мәдениетіне қарай ойысайық. Қазіргі тойлардың тағы бір келеңсіз тұсы – орынсыз ойын. Қораздарша иық қағыстыратындар да ұшырасады. Осының бәрін «қызық» деп санайтын асабалардың әлсіздігі де осында. Бір ғана мысал келтірейін. Қыздың бөксесін домбыра қылып, «Адай» күйін тартқан тойды да көрдік. Желіде бұдан сорақылары да жүр. Бұған не айтамыз? Баба аманатын арудың бөксесіне телитіндей не көрінді қазекеңе?! Міне, бүгінгі тойдың мәдениеті, дәстүріміздің дәріптелген сыйқы осы. Айналып келіп, бұл да асабаның мойынына жүк болады.

Әріге барсақ, атақты Жамбыл, Кенен, Шашубай, Сүйінбай, Нұрпейістің ақындық, айтыскерлік өнері, Балуан Шолақтың, Қажымұқанның алып күш иесі ретінде танылуы қазақтың ұлан-асыр тойларының төрі болғаны баршамызға белгілі. Ал, қазіргі той төрінен не көреміз? Ұрпаққа үлгі болар қандай дәстүріміз дәріптелуде?

Керісінше, тойға ұлттық реңк беру жағын ойластырсақ. Шетелдің әніне есіре билеп, шаңын аспандатқанша, халық әндерін Алаш аспанында неге қалықтатпасқа? Ұлттық ойындарымызды (қолкүрес, асық ойнау, арқантартыс) сынды қазіргі қазақ тойының негізіне неге бекітпеске?

Дегенмен, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің заман өзгерісіне сай озығын алға шығарып, тозығын толықтырып, өзімізге тиімді тұстарын жетілдірсек, тәрбиелік мазмұнын мұқияттасақ қалыпқа түсіп, қажетімізге жарайтыны белгілі.

Отырысқа оралайық. Демек, жауапкершілік жүгі жеңіл еместігін асабалардың естеріне салмақ ниеттегі – бұл жиында ойталқыдан өткен, тойдың кем тұстарының бірсыпырасы ғана. «Ысырап», «Тойға кешігу», «Тілектер саны» секілді сұрауда тұрған дүниелердің саны да біршама. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» емес пе? Ағалар жас буынның пікірін тыңдасты. Сәулелі сұрақ қойылып, жүйелі жауап қайтарылды. Жас асабалардың атынан Айтуған Рсалдин той төңірегіндегі жастардың көзқарасын тілге тиек етті. Аға буынның ақылы жас асабалардың санасына барды деген үкілі үмітпен отырыс өз мәресіне жетті.

Ендігі тойдың мәдениетті өткенін байқасаңыз, алқалы жиынның ықпалы деп білерсіз.

Қазақтың тойы байыпты өтсе, дәстүрімізге тұздық болары сөзсіз. Қазынамызға үлкен жауапкершілікпен қарау керек деп, қазық қып қағып алу керек санамызға.

Қалай десек те, торқалы тойдан көңілің марқайып, рухани азық алып шыққанға не жетсін?!

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»


Филология ғылымдарының докторы,профессор Қойлыбай АСАНОВ:

– Тойдың басты дәстүрі – «ЖарЖар», «Беташар». Кейінгі тойларда «Жар-Жар» айтылмайды, «Беташарды» эстрадаға қосып алдық. Той – тәрбие мен тағылым құралы. Сондықтан да, қазіргі тойларда дәстүрдің жоралғылары сақталу керек. Қарағандыдағы асабалық мектеп Қазақстандағы ең керемет мектеп болатын. 1988 жылдары Алматыдағы айтысқа барғанымызда «Орталарыңызда Қарағандының асабалары бар ма? Бет ашып, той басқарып берсін» деп іздеп келетін. Сол мектепті сақтап қалуымыз керек.

Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторының бірінші орынбасары, журналист Ерсін МҰСАБЕК:

– Тойға зор жауапкершілікпен қарау керек. Асабаның басты миссиясы – той басқару. Той басқару дегеніміз – ел басқару. 200, 300 мейлі 500 болсын, ұлтымыздың бір бөлшегі отыр. Тағы бір шикілігіміз, өзіміздің, осы өңірдің көрнекті тұлғаларын танымаймыз, таныстыра алмаймыз тойда. Өткенде бір тойда Қайрат Кемалов ағамыз болды. Қадірлі қонақ. Сол кісіні сөзге шақырды. «Сондай бір белгілі адам келе жатыр» деді. Басқа ештеңе айта алмады. Бұрынғы қазақ руханиятындағы еңбегін, Сәкен театрындағы еңбегін, саңлақ актер екенін айта алмасаң, «Қазақтың Керей ханы» деген бір сөз қосуға болады ғой. Соны білмеді жаңағы асаба.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая ЖАРЫЛҒАП:

 – Той дегеніміз – ұлттың бейнесін сақтап қалуға арналған шаралардың бірін жасайтын платформа. Екі күннің бірінде ондай жиын бола бермейді. Алдыңызда – самсаған 300-400 адам. Сіздің ойыңызды, идеяңызды, идеологияңызды, ұлттың идеологиясын да шым-шымдап көрсететін жер – тойдың алаңы. Сондықтан да, тойдың жауапкершілігі жоғары. Тамада ең бірінші тілге шешен болуы керек. Негізгі шынайы асабаның қасиеті – ол импровизация. Аяқ астынан өз әрекетіңді жасап, ситуацияны таза ұстасаң, небір анекдотыңнан да әсерлі шығады.

Айтыскер ақын, асаба Тілеген ӘДІЛОВ:

 – Біздің ұлтқа беретін дүниеміз, бір тамшымыз – тойға келген бір бала үйіне кетерде «Менің осындай батыр бабам бар екен! Менің тарихым осындай екен. Мен қазақ деген ұлы ұлтпын!» деп кетуі керек. Біз тізгін ұстап елдің алдында жүрміз. Дүбәра болып бара жатқан бауырларымыздың санасын ашуымыз керек. Асаба деген бір саты жоғары тұруы керек. Барыңды халыққа беріп кетуің керек. Бізге енді жарнаманың қажеті жоқ. Біз енді біртіндеп ұлтқа қызмет етуіміз керек. Шоу деген нәрсеге ешкім қарсы емес, болуы керек. Бірақ, халық күлді екен деп, кіндіктен төмен түспеуіміз керек. Аттың үстінде қалғып бара жатқан қазақтың рухын оятатын кез келді!

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button