Ресми

Талқыда – мемлекеттік қызмет

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалы жанынан Мемлекеттік қызметте адам ресурстарын дамыту орталығы құрылған болатын. Бейсенбі күні Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ербол Жолданғардың төрағалығымен орталықтың алғашқы отырысы өтті.

Отырысқа жергілікті атқару­шы және орталық мемлекеттік ор­гандардың аумақтық бөлімшелерінің персоналды басқару қыз­меттерінің қызметкерлері және бейнебайланыс форматында Қарағанды облысының қалалары мен аудандары әкімдерінің аппарат басшылары қатысты.

– «Мемлекеттік қызметші­нің оң имиджін қалыптастыру жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына» сәйкес, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалдарында мемлекеттік қызметте адам ресурстарын дамыту орталықтарын құру, олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету және олардың жұмысына белсенді қатысу міндеттелген болатын. Мемлекеттік қызметте адам ресурстарын дамыту орталықтары, агенттіктің аумақтық бөлімшелері, Әдеп жөніндегі уәкілдерінің, сондай-ақ, персоналды басқару қызметтері үшін пікір алмасу алаңына айналуы тиіс. Орталықтың отырыстары тоқсан сайын өткізіледі. Онда мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама жаңалықтары айтылып, түсініктеме беруді талап ететін сұрақтарға жауап беріледі. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметті өткеру және тоқтату, сондай-ақ тәртіптік тәжірибе бойынша сұрақтар талқыланатын болады, – деді Ербол Жолданғар.

Ербол Қабдығалиұлы орталықтың ашылуы мемлекеттік органдардың персоналды басқару қызметтері үшін өте бір жақсы, қолайлы жағдай екенін де айтып отыр. Себебі, дәл осы жер мемлекеттік қызметтегі келелі, өзекті мәселелерді талқылап, пікір алмасуға мүмкіндік беретін ашық алаң болмақ.

Отырыс барысында Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсу, «Е-қызмет» жүйесінде ағымдағы жылдың 5 айындағы жұмыс қорытындысы, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің қызметін бағалау мәселелері де талқыланды.

Сондай-ақ, жиын барысында мемлекеттік қызмет туралы заң­намаға жоспарланған өзгерістер мен толықтырулар жөнінде де сөз болды.

Кездесуді соңында департамент басшысы қатысушыларды мемлекеттік қызметтің беделі мен оң имиджін көтеруге өз үлесін қосып, алдағы уақытта орталықтың жұмысына белсенді түрде қатысуға шақырды.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button