Жаңалықтар

Талқыда әлеуметтік мәселелер

Кеше кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның IV отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ төрағалық еткен шара бірқатар әлеуметтік мәселелерді талқылауға арналды. Онлайн отырыс жұмысына кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі облыстық, қалалық және аудандық комиссия мүшелері, басқармалар мен департаменттердің басшылары, қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, аудандық және қалалық хатшылар мен мүшелер қатысты.

Басқосуда ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік оңалту,  мүгедектігі бар балаларды әлеуметтік қорғау, білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы, сондай-ақ, Қарағанды облысында кәмелетке толмағандарға қатысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету және зорлық-зомбылықты болдырмау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған “Жол картасының” орындалу барысы туралы айтылды.

– Жаңа оқу жылы басталуға жақын қалды, – деді сөз алған Абзал Нүкенов. – Мектептерде дәстүрлі форматта білім беру үшін көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Осындай жұмыс аталған комиссия мүшелері мен жергілікті әкімдердің бақылауында болуы керек. Себебі, қазір бұл біздің басты мақсатымыз бен міндетіміз.

Кездесу барасында айтылғандай, біздің облыста ерекше қажеттіліктері бар 12 879 бала бар.  Бұл жалпы балалар санының 3,2%-ын құрайды. Ерекше қажеттіліктері бар, мүмкіндігі шектеулі балалардың саны жыл санап артып келе жатқандығын атап өткен облыс әкімінің орынбасары мұндай ақауларды ерте анықтау және қолдау көрсету қажеттігіне тоқталды.

– Ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау мәселелерінде барлық мүдделі мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндіктерін біріктіру қажет. Денсаулығында ақауы бар мұндай балаларды неғұрлым ертерек анықтасақ, соғұрлым ол баланы оңалту, дамыту мен оқыту жұмыстарын тиімді жүргізе аламыз, – деп атап өтті А.Нүкенов.

Жаңа оқу жылына дайындық мәселелері туралы облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова баяндады. Сондай-ақ, Қарағанды, Теміртау қалалары мен Осакаров, Бұқар жырау аудандарында кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың есебі тыңдалады.
Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button